Қобыланды батыр туралы (24-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 4 мин оқу
Қараман сонда сөйлейді:
—Ойыннан алған олжадан,
Мен де алайын деп едім.
Жусап жатқан жылқыңның
Жусауын бұзған мен едім.
Дәмең болса, көр!—дейді,
Онда, бері кел!—дейді.
Тобығын қаққанда
Қараман батыр көнбейді.
Басып алып тақымға,
Нәзім беріп батырға,
Серігіңді тап!—дейді.
—Ау, батыр, табыла ма жаныма айла,
Бұл жерді өзім іздеп табу қайда!
Шын сөзге келгенінде тоқтамаймын,
Баласы Қобыланды бар анау сайда,
Негізі қарақыпшақ Тоқтарбайдың.
Қолыңа түскен торғаймын,
Нашарлығым сондаймын,
Сенің атың шыққанда,
Жаным қалса осыдан
Олла да тентек болмаймын.
Ертіп келді Қараман
Өзі көрген жеріне.
Көзі көріп Көбікті,
Көңлі тойды еріне.
Сансыз өскен жылқыдан
Бурыл болса көрінді
Көбікті ердің көзіне.
Жасады Көбікті айланы,
Қобыландыдай батырдың
Қол-аяғын байлады.
Жар тіреді Қобыланды ер
Тәтті ұйқыда бабымен.
Көбікті батыр ұрады
Тас шоқпардың сабымен.
Шоқпардың сабы тигенде,
Қобыланды батыр керілді.
Он екі батпан тас шоқпар
Бит шаққандай болмады.
—Ассаламағалейкүм,
Көбікті қалмақ ер!—дейді.
Тоқтарбайдың баласы
Қобыланды батыр мен,—дейді.
Әдебің қайда, апырмай,
Іс қылмадың батырдай!
Ұйықтап жатқан жерімде
Бұғау салдың қатындай.
Кекті болған сенен мен
Кегімді алмай қоймаймын.
Өшті болған сенен мен
Өшімді алмай қоймаймын.
Шәріңе шаңдақ саламын,
Есебін тапсаң қорынба,
Тұрғанда бақыт қолыңда.
Өлтіріп кет мені сен,
Бір ерден байлау көргенім,
Өлмесем де, өлгенім.
Кәзіргі бақыт сенікі,
Бұл көргенім өзімнен.
Енді екі айтпаймын,
Өлгенімше қайтпаймын
Осы айтылған сөзімнен.
Сонда да батырды алады,
Қос батырды Көбікті
Қызыл көк аттың беліне
Байластырып салады.
Күн төбеден ауғанда
Шәріге жетіп барады.
Әкесінің алдынан
Жарқылдап шыққан Қарлыға
Боқжамадай құшақтап,
Екеуін кетіп барады.
Салып қойды апарып
Қос батырды абаққа.
Екі сухар нан беріп,
Күн ара кесім тамаққа.
Қарлыға қыздың батырларға келіп, тамақ туралы сөйлесіп жатқан кезі екен:
—Бармысыз сағи саламат,
Абақта жатқан қос батыр?!
Бәрекелді, ермісің,
Ерлік құрдым дермісің?!
Аяқ-қолды босатсам,
Қадырды білер сенбісің?
Қараман:
—Менің өзім нашармын,
Босатсақ көңлімді ашармын.
Сұлудан болған шапағат,
Даңқыңды елге шашармын.
Мұның біліп жағдайын,
Қобыланға қойды маңдайын.
Білейін деп мұның да
Езу тартып күледі,
Қарлығаңыз қандайын.
Сәлем беріп бұраңдап,
Сөз сөйлейді батырға:
—Есіктің алды ай татыр,
Қолда келген қос батыр.
Рахым қылсам жаныңа,
Есіңді жинап алған соң,
Ойлайсың ба ерлік тағы да.
Басыңды көтер, ие бол,
Екі сухар наныңа.
Қобыланды:
—Құдайдан зия айыбым жоқ,
Өлімнен тіпті қайғым жоқ.
Қыздығың қымбат көрінбес,
Байталға қойған бәйгім жоқ.
Бүгін бағың тұрғанда
Көбіктінің қызысың.
Ертең жанға күн туса,
Бір қалаулы ердің тұзысың.
Өз әкеңді өзің сатарсың,
Құрметті ердің күңісің.
Атам өнген Әнестен,
Ақылыма сай адассам,
Арғы тегім ноғайлы,
Шәрің маған оңай-ды.
Мен босансам, сен күңсің,
Алдыңдағы істі кім білсін!
Осыны айтып Қоблекең,
Ашуланып керілді.
Қабат-қабат шынжырлар
Кісі бойы шарбақтан,
Бұлт етіп бурыл атылды.
Атқа қолы тиген соң,
Батырдың кеулі ашылды.
Осыдан қалсам, өлем деп,
Қарлыға қыз да шатылды.
Жан-жағын қарап қармайды,
Жауды біліп тарлан ат,
Жан-жағын қоймай жалмайды.
Үйге барып Қарлыға
Әкесін былай алдайды:
—Қымбатты көке Көбікті,
Жамандатқыр тарлан ат
Байлауда тұрып ерікті.
Үстем болсын мерейің,
Мен жолыңда өлейін.
Көк тарланды ерттеп бер,
Шәріге шығып азғантай
Мауқын басып келейін.
Кім жек көрсін баланы
Айтқан тілін алады.
Атын ерттеп береді,
Ойнақтатып жөнеді.
Қолынан беріп сақалын
Көбікті қалған жері еді.
Есіз тастап қаланы,
Тізгінді қолға алады.
Қос батырдың соңынан
Қарлыға кетіп барады.
Көк алалы көп жылқы
Ысқырып алға салады.
Бір белестен асқан соң,
Екінші белге басқан соң,
Жамандатқыр ақ моншақ
Кейін қашып барады.
Жалғаса қуған қос батыр
Ілесе алмай қалады.
Қарлыға сөйлейді
Өкпесінен сыр ашып,
Ер Қобыланға шамала:
—Сапалы алтын, мұрты жез
Көбікті ер келер тез.
Бадана көзді тор сауыт
Өзім қолдан тоқыған,
Болар деп заман қандай кез.
Тар кіндіктің тұсынан
Тастап едім екі көз.
Басқа жерден тез өтпейді,
Сол жерден атсаң түсер тез.
Ақ сауыты жарқырап,
Айқайын салып барқырап,
Көбікті шықты белге асып,
Әні-міні дегенше
Келіп-ақ қалды ұштасып.
Ұйқыда кеткен кегі бар,
Ызада кеткен шері бар.
Батырлы ердің ұраны
Кеселеп Қобылан тұрады.
Қыз айтқан жер осы деп,
Тар кіндіктің тұсы деп,
Сол жерден байлап ұрады.
Бөксесі аттың үстінде,
Көбікті ердің денесі
Ақ сауыты жарқырап,
Дөңгелеп аттан құлады.
Өкпем қанға толды деп,
Өзімнен кінә болды деп,
Қыз он беске толғансын,
Қыласы ісін қылды деп,
Бытырлатып сақалын
Оңды-солды құлады.
Сен не қылдың маған деп,
Мен де қылдым саған деп,
Тақымынан түскен шоқпармен
Тас төбеге ұрады.
Жау келді деп өкпеден,
Шаң шықты деп өкшеден,
Кіреріне көр таппай,
Қараман қатты қысылды.
Ат үстіндегі бөкседен,
Ызалық кетіп қолынан,
Жұлдызы туып оңынан.
Көрінгесін қуанды,
Қарлыға менен Қобылан.
—Еділде байтақ ел,—дейді,
Аман қалдың ер,—дейді.
Өзімізге қауышар
Қараспан байтақ жер,—дейді.
Сұлу Құртқа сенде бар,
Қу тіземді құшақтап,
Бойдақ жүрмін мен,—дейді,
Олжадан келген Қарлыға
Тіл алсақ, сауға бер,—дейді.
—Қимайтын болмас дүниям,
Тілімді алсаң, құрдасым,
Қапқа тыққан борықтай
Құр кеудеңе ырзасың.
Мінекей, менің бергенім,
Риза болса, ұрғашың.
Қарлыға оған көнбейді,
Батыр туған Қобыланды,
Үйде қалған Құртқадан
Батылы ердің келмейді.
Шатырлаған көп жылқы
Тоғайдың бетін алады.
Сатырлаған көп қият
Жатыр екен манағы,
Сырлаған сырлы қаланы.