Қобыланды батыр туралы (5-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 2 мин оқу
Жал құйрығын шарт түйіп,
Торы атқа Тоқтар ер мініп.
Қара қыпшақ жайлаған,
Қараспанды көз қиып.
Қару-жарақ қолында,
Қарасы жоқ соңында,
Бір сілтеп қолды жол шекті.
Жан ашыр жоқ қасында,
Алпыс сегіз жасында.
Қабыртқасы қамбардай,
Құйрықтары қанжандай.
Толқығанда ашылды
Қой мойынды қоян жақ,
Бөкен қабақ, ақ сағақ.
Ойынды еті бұлтылдап,
Шақпақтай оты жылтылдап,
Қызған сайын толықсып,
Тау құсындай сыңқылдап,
Омырау тері төгіліп,
Жалмауыздай емініп,
Сансыз-сансыз жер алды.
Екі иіннен солықтап,
Таңлақ тастан толықтап,
Күн мен түнді тең алды.
Аузын ашып есінеп,
Қос танаудан дем алды.
Сол мезгілде он мезгіл,
Бір бұлақтан суарды.
Баста көңлі толмаған,
Тоқтар да атқа қуанды.
Су ішіп өкім жабысты,
Бермеді тұлпар намысты.
Қарыштады жарысты,
Ауыздықпен алысты.
Сары дала сала айдан,
Қу құла дүз маңайдан.
Бетегелі боздардан,
Шұбарлы жатқан борлардан,
Мал жейтұғын шөбі жоқ,
Адам жұтар суы жоқ.
Ит жортпаған тастардан,
Үстінде шоқтар басқарған.
Кесе тартқан келеңнен,
Бұлдыр тартқан белеңнен.
Қарағай, қайың, қызыл тал,
Түнерген құз, терең жар.
Шырша сынар емен бар,
Бұрқылдаған борбастан,
Табанында қалғандай,
Ақбөкен менен марал аң.
Түнерген түсті түнекті,
Көп тілейден шын өтті.
Бөкейге қоныс—Бөрлі тау,
Түс қыза мұнан тағы өтті.
Болмайтын топтар басталған,
Бір кезде қиқу шаң салған.
Алты мың елдің орыны—
Жармантай салған кең жайылым,
Күн бата мұнан тағы өтті.
Буалдыр көрінеді көзге сағым,
Білмейді бұл сағымда ненің барын.
Сол кезде жалғыздығы еске түсіп,
Азғантай сөз бастайды Тоқтар нарың:
—О, дариға, түрді жараттың,
Қыдырдан қилы пендені.
Қасіретіңді өзің аш,
Жабырқаған мен бегі.
Қатын-бала, қалың ел,
Қара қыпшақ елдері.
Көрінбейсің көзіме
Қараспанның белдері.
Алдымдағы не сағым,
Көтеріле көр, кел, бағым.
Осынша мені сандалтқан,
Кемістігі ғой миуаның.
Бір перзент үшін қылдым зар,
Ұшан теңіз ойда бар.
Жазым болсам далада,
Ақсүйекті кім алар?
Жалғыздықтан мінім жоқ,
Туысқан аға, інім жоқ.
Кетемін бе көз ашық,
Артымда қалар құлын жоқ.
Айт, жануар, торыма,
Сансыз малдан бұйырған
Сенен басқа дымым жоқ.
Гу-гу етіп гүл бітті,
Торша атқа тіл бітті.
Сонда торы ат сөйлейді,
Солқылдап тұлпар еңірейді:
—Мынау жатқан алдыңда,
Бинаиз теңіз кең,—дейді.
Сол теңізге барғасын,
Айрыласың сен,—дейді.
Жарамаймын серікке,
Су ішінде мен,—дейді.
Суға шамам келмейді,
Үйірімнен айырдың,
Малда сорлы мен,—дейді.
Туған жерден айырдың,
Адамда сорлы сен,—дейді.
Алтын жарға қауышып,
Қайырсаң елге ер,—дейді.
Көбентайға қауышсаң,
Тойдың басы мен,—дейді.
Енді айтар сөзім жоқ,
Өзіңе ие бол,—дейді.
Толық дәлел Тоқтардан басталады,
Теңізді көріп қысылды,
Аққа мойын ұсынды.
Қағып-қағып қапталға,
Торы аттың ерін сыпырды.
Жылқышы Қамбар піріне,
Тапсырып жатқан сықылды:
Алдынан кез болып қалды бір миясар,
Көлденең түсі суық қара шұбар.
Осыған қарманған ер қолын салды,
Бетімен дуылдаған бұл жоғалды.