Қобыланды батыр туралы (9-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 2 мин оқу
Таяқ өтпес ақ пілдің
Өкпесіне жеріді.
Көп білімді тоқыған,
Хан Бапының елінде,
Жеті қат жердің астында,
Он сегіз жылдай оқыған,
Бектеміс шықты жыланға.
Өңшең жүйрік баптаған,
Тұяғын тас қақпаған,
Қосқан аты қалмаған,
Қазтай шықты құланға.
Алты атасы аң алған,
Бүркіт аулап жаң салған,
Игібай шықты бүркітке.
Ұсынғаны кетпеген,
Бұғалықты өтпеген,
Қара дүрсін шаруадан
Адам орын алмаған,
Көңілі бай ақылға,
Таутайлақты іздеуге
Мырзабек шықты арнаған.
Төрт қап алтын ақша алып,
Сергей шықты балыққа.
Жетпіс бес санап беріп адал малды,
Бір пілді жәрмеңкеден сатып алды.
Ендігі қолға түспей тұрған аңнан,
Тоғайда тек жолбарыс қолда қалды.
Жетпістің жетеуіне келген мерген,
Қыздарбек мұны-дағы атып алды.
Соншама сүйтіп алған жолбарысы,
Әйелге түске жеуге келмей қалды.
Ұстаған таутайлақты он күн қуып,
Тартуға Мырзабек те әкеп салды.
Ғылымның өмірге кең пайдасы бар,
Бектеміс те айдаһарды байлап алды.
Қазақтың қара жұқпай кеуліне жоқ,
Орыстың өмір амал иласы көп.
Үш жүз сексен аршын естіріп тор,
Салыпты көз бұлақты айласы сол.
Оралып салған торға алтын балық,
Екі жүз шом арқанмен тартып алып.
Арттырып он түйеге әкеп беріп,
Ақшасы анықталды адалды алып.
Алты атасы аң алған,
Игібай шықты бүркітке.
Бұрынғы..... лебіменен,
Байлаған ту қоянды ебіменен.
Әлсіз тал бүркеуімен басып қалды,
Ебімен айла қылған бүркітті алды.
Жиырма күн құла дүзге қаңғып барып,
Су ішер бұлағына дұзақ салып.
Сүйретіп Құбақанмен қосарланып,
Қуанып Қазтай келді құланды алып.
Бір айды осыменен аяқтадық,
Жерігі Аналықтың тамамдалып.
Күндіз-түн көкірегі қуанышта,
Алпыстың сегізіне келген қарып.
Той қылып дүрілдетіп тарту тартып,
Берер деп қуанып жүр Құдай жарық.
Сол жерде Еңсеп дейтін ер бар екен,
Көбентай алып келген тартып алып.
Көрікті көп ұланның сәулетіне,
Қор болып қол жетпесе әуресіне.
Әркімдер құмарланған дыбысына,
Уатып жібекпенен сүзіп ішіп,
Жерік боп шарайнаның шынысына.
Бұ дағы екіқабат болған еді:
Қабылан, көкжал бөрінің
Бауырына жеріпті.
Арыстандай асылдың
Жүрегіне жеріпті.
Алтайы қызыл түлкінің
Қолқасына жеріпті
Сайынның жары Ақсалы.
Басталар болып қалды бір мәжіліс,
Жер жарды дүрсілдеген елші дыбыс.
Бір жылда үшеуі де жүкті болып,
Қуанды кеулі ашылып ерлер толық.
Арада күндер өтті, айлар өтті,
Сыпаттау шайырларға бұл деректі.
Қарында қара тұяқ жатпайтұғын,
Бір күні күні толып, мезгіл жетті.
Туыпты екеуі ұл, біреуі қыз,
Бір келді жолдас болып бұйырған тұз.
Үшеуі қатар істеп ұлы тойды,
Тоқтарбай Қобыланды деп атын қойды.
Жүктіде жөргек құда болған екен,
Айнымай екі қатын терең ойлы.
Айтулы таң қалғандай тумай жұртқа,
Қойыпты қыздың атын сұлу Құртқа.
Сайын жүр қалай топтан қала алам деп,
Бала озбайды заманы бір баладан деп.
Қарайлас жылы жылдас, жасы құрдас,
Ат қойды баласына Қараман деп.
Балалар бір заманнан болды бөлек,
Қобыландының өзгелерден сорды дерек.
Көрінген желкеде жал, маңдайда қал,
Көркем тұр бұлшық еті бөлек-бөлек.