Қобыланды батыр туралы (6-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу
Арада үш күн, үш түн түгел өтті,
Көк көбік, неше толқын әсер етті.
Бір кезде табаны кеп жерге тиіп,
Тоқтарбай:—Шүкір Аққа, тәубе!—депті.
Қарады өз ойынша көзін салып,
Манағы қара шұбар тұрды барып.
Соншама құшақтаған құйрық екен,
Кит деген нәһан екен осы балық.
Қолына ақ сүңгіні таяқ қылып,
Судан да кетті Тоқтар аман шығып.
Осымен осы бір жер тұра тұрсын,
Бастайық ибадаттан бір сөз қылып.
Шәріде түс көреді ханның қызы,
Бетіне шаң тимеген жалғыз қызы.
Қыздардың жауы дағы, дұшпаны да,
Жеңгесі сезсе керек барлық мұны.
—Ау, жеңеше, көрдім түс,
Өзіме жеңіл, жұртқа ауыр.
Бүгін таңның алдында,
Орнаған екен бір дәуір.
Тау домалап, су көшіп,
Соққан екен бір дауыл.
Өте қатты қаһары,
Бір бұлттың жаман заһары.
Қанаты жауып шаһарды,
Бұлт айналды қаһарлы.
Тыңдамай тасты, тауды да,
Борады да жауды да,
Кіргізді-ау деймін әкемді
Көп кешікпей қауымына.
Тас төбемнен ілді де,
Мені де тартты бауырына.
Дәл бабамның қатары,
Ала бурыл сақалы.
Қобаған мұрын, қой көзді,
Ауыр лебіз, шын сөзді,
Түсі суық кісі екен.
Болат тұмсық, мұз қанат,
Ақ төсті қыран құс екен.
Осыны көрген мезгілім,
Таң атқан мезгіл тұсы екен.
Бикештің түсін жеңгесінің жоруы:
—Ойпырмай, ойда жоқ жау келер деймін,
Жауындай елдің терін төгер деймін.
Тау бөктеріп, су кешкен секілденіп,
Ерлерім көп миқанат көрер деймін.
Бүркіттей бөрілерді желкелейтін,
Бір дұшпан келе ме елге еркелейтін.
Аяғы ақырында саған тиіп,
Сен дағы қуанасың-ау бір бай сүйіп.
Түсіңді біздің жору осылайша,
Білмеймін артық-кемін әлдеқанша,
—деп түсті жору аяқталады.
Қысада қиюы бар түрлі кектің,
Бұл өзі ертек сөзі ертеректің.
Сәрсенбі сәтті күнгі мархабаттай,
Шәріде тойлары бар Мүсірептің.
Арнаулы ат бәйгісі жұрт сүйетін,
Атылған алтын қабақ көп құрметін.
Мақтаулы палуандар бар күресетін,
Тағы да сәнді бәйгі, сыйлы табақ,
Қалдырмай той мүшелі түрлі шетін.
Құрметке ханды әкеліп, хан шақырып,
Жиналған жұмыла халық сан сапырып.
Бағылған алуан-алуан бағландар бар,
Сыйлыққа бағып жатқан палуандар бар.
Әр жұрттан, әрбір елден келгендер бар,
Сайланып оққа тұрған мергендер бар.
Осындай той құралы тойланғанда,
Жетіпті есін жиып Тоқтарбай шал.
Бұған төрге шық дейтін көзі түсер кісі жоқ,
Тойдан табақ беретін ешкімнің де ісі жоқ.
Жағалап келіп сусындап,
Түсі суық, бөп-бөлек,
Таңырқайды көрген көп.
«Қайдан жүрсің?» дейтұғын,
Кездеспей тұр халқынан.
Түнекті шаһар таңырқап,
Кеуілі түрлі талпынған.
Келіп қалды тойбастар,
Көре салып Тоқтарды,
Айқайлайды бір кәрі шал:
—Әй, жамағат, жамағат,
Той қазына, көңіл шат.
Түсі бөлек, түрі өзге,
Кез болды мынау азамат.
Тойды осыған бастатып,
Тыңдаңыздар сияпат.
«Бастасын, бастасын»,—деді ғой Мүсіреп хан.
—Хан тойына келдім сал,
Жегенім жоқ сыбаға.
Тәкаппар иттің заһары
Кездесті ме екен, сірә да,
Той бастаймын, жар-жар.
Бір перзенттің зарпынан,
Қаңғып жүрген мен бір шал.
Құтты болсын той, ау, жар-жар.
Сәрсенбі сәттің күні екен,
Бұл туған кімнің қызы екен.
Шешесі қандай нұр екен,
Халқы қандай гүл екен.
Сөзінен кәрі шалдың қате табар,
Сый шарты—қыз анасы шапан жабар.
Қоштыққа ел қуанар,
Анасына белгілі
Қалы кілем, құба нар, ау, жар-жар.
Жүргенімде баяулап,
Ел қыдырып жаяулап.
Орындалып қалса сый,
Әкесіне белгілі
Қару-жарақ ат пен сый.
Қандай дәуір тап болар,
Кімге қалай бақ қонар, жар-жар.