Қобыланды батыр туралы (25-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу
Қарлығаға батпай жүр,
Қараман ердің бармағы.
Қобыландыдан көзін жаздырмақ,
Енді ойлаған арманы.
Атың болса шалсын деп,
Ұйқың болса қансын деп,
Қобыланды ерді алдады.
Бір ұйықтаса, Қобыланға
Ұйқы серті жеті күн.
Қараман да көрсін деп,
Қарлыға жастың қызығын.
Қараман тапты көп ойлап,
Ақылдың қиын бұзығын.
Ұйқыға барған Қобыланды
Қараман батыр бағады.
Шын ұйқыға барғасын,
Ойлаған амал бойынша,
Бурылдай тұлпардың
Төрт аяғын сау қоймай,
Аямай шеге қағады.
Қалың қият дүрлігіп,
Түнде көшіп жөнеді.
Қобыланды ер алда кетті деп,
Қарлыға хабар береді.
Қалың кеткен көп қолда
Дүрмекпен ол да жөнеді.
Қанша жауды тұндырған,
Дұшпанның белін сындырған,
Ел қорғаған Қобыланды ер
Жұртта қала береді.
Түсіне Құртқа енеді.
«Татырға біткен жалғызым,
Ас ішінде алдызым.
Көтерсейші басыңды,
Жау егесі жалғызым.
Өкпең шырын, етің бал,
Әлемге түгел есің бар.
Жалғыз атың ақсады,
Табанындағы шегені ал».
Селк етіп батыр оянды,
Жан-жағында ел де жоқ,
Құрдас боп жүрген ер де жоқ.
Батыр ойға қалады,
Жасын төгіп көзінің
Бурыл атқа барады.
Шеге алуға құрал жоқ,
Аямай тісті салады.
Тісіне түгел іліккен
Шегені қоймай алады.
—Осал ердің мырқын-ай,
Жалғаншы дүние шіркін-ай!
Шындасам, әлім жетер ет,
Қалың қият жұртың-ай.
Атамды көріп істеген,
Ақ батаның құрпын-ай!
Жалғызға жәрдем етер адам жоқ,
Жалғыздығы құрсын-ай!
Жамандықты қалама,
Жау келсе де қарама.
Намаздыгер болғанда
Жеткіз мені Бурыл ат
Сау болсам, қолқам анама.
Аян берген қыз Құртқа,
Жан шықпай естен қала ма.
Осыны айтып ер салды,
Құтырып Бурыл жер алды.
Жылыса берді жыландай,
Шаңдағы шығып тұмандай.
Елге қарап бет алып,
Ойнады шіркін құландай.
Сиыр сәске болғанда,
Тобырлы тоқсан көп қият
Қала берді ұялмай.
Қол алдына шығыпты
Қарлыға менен Қараман.
Жұлдыздай аққан Қобылан ер
Өте шықты, бұларға
Қиығын салып қарамай.
Қобыланды көзін көргесін,
Жағамын деген Қарлығаш
Қарамай тұрып болды мас.
Бір қиялды ойлайды,
Айтқаныңды қылат деп.
Қарамандай батырмен
Аударыспақ ойнайды.
Айладан амал аспады,
Қарамандай батырды
Аударып аттан тастады.
Кеулін енді ашады,
Тарлан ат судай тасады.
Ойнап шыққан көк тарлан
Жер апшысын қуырды.
Ақ текеден асырмай,
Соңынан жетті Бурылдың.
Сонда батыр сөйлейді:
—Қаршығадай, қарасам,
Көк тарланның сияғын.
Қаршып атып жерге ұрған,
Кемітпес дұшпан тұяғын.
Аттырғанда әкеңді,
Қарлыға, не еді қиялың?
Тағы қудың соңымнан
Тоты құсы ұяның.
Адамның беті күшала,
Әйелде түрлі илсана.
Татқан торда ұрындың,
Жөн сұраспай өз басың.
Әкеңді көзеп түсір деп,
Сырыңды айтып торға шын.
Бітірмеді ме кеуліңді
Қараман сынды жолдасың?
Қарлыға қыздың жауабы:
—Еріп шықтым елімнен,
Сауғаға басым берілген.
Қараман мені алдады
Қол алдында сіз бар деп.
Ақ-қарамды ашыңыз,
Замандас, бірге жасымыз,
Маған ыстық көрінген
Әуелден сіздің басыңыз.
Қобыланды ер:
—Ызалы ерден ар кетпес,
Қалаулы жарға жан жетпес.
Жұлдызың тусын оңыңнан,
Ере бер менің соңымнан.
Өмірді күтіп жай тапқан,
Он төрт жаста ар баққан,
Бурылды маған арнатқан.
Жатырда жатса, таныған,
Кеуілде біткен арыман.
Кеңшілік болса, көрерсің,
Сұлу Құртқа жарымнан.
Қараманға өкпем зор,
Саған айтқан сырым сол.
Ергің келсе, ырза бол,
Қаламын десең, ашық жол.
Далада саған қисаңдап,
Болмаймын десең ызақор.