Қазақ жұмбақтары шешуімен
Қазақ халқының жұмбақтары шешуімен: табиғат, жан-жануар, үй бұйымдары, адам туралы. Әр жұмбақтың жеке беті бар — алдымен өзіңіз ойланып, сосын шешуін ашыңыз. Барлығы: 2 264. 22-бет, барлығы 23 бет.
- Екі жерде жалы бар, / Күні-түні жолығар. / Күні-түні тоқпақтар, / Маңдайының соры бар.
- Бір ат бар екі кісі арасында / Жиылған көлеңкесі панасында. / Сегіз сәкін, екі әліп, бірі тәштіт, / Жұмбағым менің сондай табасың ба?
- Қолымда бір қамшым бар екі өрмелі, / Істеген әшекейлеп әртүрлері. / Бойында сол қамшымның қасиеті көп, / Қолына алған кісі бір сүйсінеді.
- Қазықтан біраз жылқы келдік жиып, / Бір-екеу қарсы алдымнан кетті тиіп. / Кісідей шыбын шаққан шыбыжықтайды, / Тырсылдап, тырс-тырс етіп, кетсе тиіп.
- Он екі белбеу, екі арқан, / Екі қазық бір басқан.
- Мойнында тоғыз торы бар, / Аңыраған екі жолы бар. / Күнде тоқпақ маңдайында, / Арылмаған соры бар.
- Әргез-әргез, / Мойыны біргез. / Шақырса, келмес, / Қолдан түспес.
- Параход от жанады таңдайынан, / Жылтырар екі көзі маңдайынан. / Екі арқан, сегіз тең жіп бар белбеуі, / Сөйлесе, тозаң шығар таңдайынан.
- Салдырттым әсем қара ат, екі жорға, / Он жігіт қызмет қылар әрең зорға. / Күніне жеті бекет жер алғызып, / Әселмен барып келер нұрлы жолға.
- Ағаш, темір, қағаз, желім, / Бұлардың басын қосқан көрдім жерін. / Шырқырап неше түрлі ән салады, / Ішіне толтырып ап барлық жемін.
- Бір отау сырты әсем, екі баулы, / Он батыр босағада болған даулы. / Ішінде қыз бен жігіт толған екен, / Бәрі ақын көрінеді жез таңдайлы.
- Келеді мына жатқан күймелі бай, / Омырауы сары алтыннан түймелі бай. / Екі шал, жеті жігіт ән салады, / Затының кім екенін білмедім-ай.
- Бойы бір тұтам, / Сақалы қырық тұтам. / Аузы ордай, / Мұрны құрдай.
- Қалдырмай емге етін, / Қақтаған күн бетін / Астында төмпештің / Атқарар міндетін.
- Аузы оймақтай, / Ерні етектей.
- Бір нәрсе көлемі үлкен едәуір зор, / Айтқаны әп-әдемі өлең мен хор. / Әрпі бар доп-домалақ доп сияқты, / Оқыса үйренеді оқыған қол.
- Денесі бар, аузы жоқ, / Көмейінен сөйлейді, / Бұл не деген тамаша. / Өлең тартқан кернейі.
- Мұрнында бар инесі, / Бетінде бар түймесі. / Аузын ашса, сөйлейді, / Табыңыздар не осы?
- Жоқтан бар ғып сайратқан, / Тыңдаған жан жай тапқан. / Таңғажайып бір нәрсе, / Үйдің ішін жайнатқан.
- Жоқтан бар ғып сайратқан, / Жылы тартып жайнатқан. / Тұла бойы тұл жұмбақ, / Елу үш құлын байлатқан.
- Дария үсті тақтай, асты тақтай, / Үйрегі жиырма төрт қонған баққа-ай. / Ұшқанда бір-біріне қарсыласып, / Соқтықпай ұшады екен қанат қақпай.
- Бір кеме айналасы бітеу қақпа, / Жүргізген капитаны алтын тақта. / Уәзірі он екіден жиырма төрт, / Отыз екі көлде екен әр уақытта.
- Бір нәрсе төрт бұрышты, түсі шұбар, / Екі адам екі жақтан аңдып тұрар, / Екеуі он екіден әскер алып, / Жерінде ұшан майдан ұрыс салар.
- Алты пар, он екі қозы, / Жүрмейді рұқсатсыз оның өзі. / Осыған екі қасқыр кеп таласып, / Ақылмен жеңіп алар, жетсе кезі.
- Бір көлден он екіден қаз ойнайды, / Алсам деп бірін-бірі наз ойлайды. / Келгенде жақындасып, қожаңдасып, / Бір-бірін алмасына еш қоймайды.
- Жиырма төрт үйрек қонған қиған тасқа, / Орны бар әрқайсының басқа-басқа. / Он солдат оңды-солды ойнатады, / Жиын жоқ адамзатта онан басқа.
- Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты, / Барды да отыз екі көлге түсті. / Балдыры мен шөбіне әбден тойып, / Бір-біріне жаудай боп қарсы ұшты.
- Бар екен екі жақты екі дуан, / Он екіден әскері бір күн туған. / Біреуін біреуі арбап, құрбан беріп, / Қан майдан соғыс салып көңілі тынған.
- Жансызда бір нәрсе бар төрт бұрышты, / Екі кісі келді де, келді ұрысты. / Екеуінің он екіден әскері бар, / Жиылды да екеуі қатты ұрысты.
- Бір топ құс ұшып қонды балағанға, / Үйірі жиырма төрт санағанға. / Ісіне құдіреттің қарап тұрсаң, / Қонады екі бөлініп қарағанға.
- Жүруші ем жігітімде атты жайлап, / Осы күнде отырмын жұмбақ ойлап. / Қолымда жиырма төрт үйрегім бар, / Отыз екі жүреді көлді жайлап.
- Қолыма қалам алдым, қағаз сайлап, / Жүруші ек көшіп-қонып алты ай жайлап. / Қолымда жиырма төрт үйрегім бар, / Жүреді отыз екі көлді жайлап.
- Асты тақтай, үсті тақтай, / Қонады сол тақтайға үйрек қаптай. / Үйректі екі мерген атамын деп, / Аңдиды тұрғысынан дамыл таппай.
- Шаһарым бар отыз екі, екі дуан, / Жиырма төрт ұлым бар бір күн туған. / Ішінен екі ұлым қолды шығып, / Өзін-өзі болдырады сол антұрған.
- Бір шаһар жаратылды бітеу қақпа, / Жүргізіп патша отыр алтын тақта. / Уәзірі он екіден – жиырма төрт, / Әр уәзір алыс жерде әр уақытта.
- Бір дөңде жиырма төрт жан төбелескен, / Қызығы төбелессе, қалмайды естен. / Жері бар отыз екі майдан ашқан, / Білмейді басқа кәсіп төбелестен.
- Дария үсті тақтай, асты тақтай, / Ұшады жиырма төрт үйрек қанат қақпай. / Жем сұрайды он екісі бөлініп ап, / Жайылмас өз бетімен адам бақпай.
- Ғажайып жамбыл көрдім төрт бұрышты, / Жиылып патша, солдат көп ұрысты. / Қолында қару-жарақ сайманы жоқ, / Ары-бері ұрысты да жай болысты.
- Таусыз жерде, / Сусыз шөлде / Жансыз жауынгерлер / Қарусыз соғысады.
- Мен көрдім он алты үйрек, бір бидайық, / Қонады бір айдынға қанат жайып. / Өз еркі ұшсын-қонсын мекеніне, / Алты ұра үйректерге тұр лайық. / Бүйірден бидайық кеп тиген кезде, / Табуы ұяны үйрек болар ғайып.
- Екі атасы бар, / Он сегіз анасы бар. / Он сегіз анасының әрқайсысында / Тоғыз-тоғыздан баласы бар.
- Орай бұты, бөкен сырты, / Іші бар, ішегі жоқ.
- Төрт қырлы бір сүйек бар жұмарланған, / Ақылсыз оны жиып құмарланған. / Көп сүйектен бір сүйек таңдап алып, / Жоғалса сол сүйегі, қайғыланған.
- Нәзік белі бұралған, / Ұшы біздей қадалған. / Қар үстінде жорғалап, / Басқан ізін бояған.
- Өзі кішкене дөп-дөңгелек, / Тапшы, қане біле алсаң. / Өзіңнен де биікке асады, / Мықтап жерге ұра алсаң.
- Ұрсаң қатты зырлайды, / Жерге қарғып тұрмайды. / Тиіп кетсе басыңа, / Ешбір зиян қылмайды.
- Қос аяқ жүрген қуып, / Жел шықтан үрген қуық, / Бірде жөн, бірде лағып, / Қашады зыр-зыр қағып.
- Жазда жатса тынығып, / Дейді қыста жұмыс тап. / Тауға шықсаң, жетекте, / Қашады алып етекке.
- Ақ шатыр, / Ақ шатырдың ішінде / Ақ ала көйлек қыз жатыр.
- Біздің үйде бір қыз бар, / Көзі бар, көрмейді, / Аузы бар, жемейді, / Қолы бар, ұстамайды, / Аяғы бар, жүрмейді.
- Қанаты бар, жаны жоқ, / Табаны бар, аяғы жоқ. / Өзі ұшады, аспанда жүреді, / Теңізден де, таудан да өтеді.
- Құс сияқты, құс емес, / Самғап ұшқан биікке. / Қанаты бар қақпайды, / Жүрсе де сондай биікте.
- Бір жайын көк жүзінде еткен сайран, / Көргендер қызметіне болар қайран. / Зымырай зулағанда ізі түспес, / Қайткенде тиеді деп көпке пайдам.
- Бір қыран аспанда ұшып қалықтаған, / Күндіз-түн жердің жүзін шарықтаған. / Қанаты ағаш, кеудесі темір болат, / Ұшса да қанша алысқа, талықпаған.
- Әне кетті өзі, / Көрінбейді ізі. / Кімнің күші, / Кімнің ісі?
- Құлақтан кіріп, бойды алар, / Көңілге түрлі ой салар.
- Қара табақ, / Қара табақ айналады, / Күй тартады, / Ән салады, / Думандатып айналаны.
- Салдырдым екі жорға жалтыр мұзға, / Он жігіт қызмет қылып жалғыз қызға. / Күніне жалғыз бекет жерді аралап, / Он жігіт тынығады әрең сонда.
- Жансыздан жалғыз шыққан боз арғымақ, / Арқаны бар арқасында жұмақ-жұмақ. / Ер ерттеп, екі айылын тартып алып, / Қамшыласа кетеді зулап-зулап. / Мініп ап боз жорғаны күйге салдық, / Мойнына қатар-қатар түйме салдық. / Он жігіт жол бойында қызмет етеді, / Құбылып неше түрлі әнге салып.
- Бір балық көк жолында еткен сайран, / Дамылды көрінеді келді қайдан. / Аузына бір шабақты тістеп алып, / Деп айтар жата алмаймын тапсаң, ойлан. / Заулайды қайда барса, ізі түспес, / Мақсаты – тигізем деу көпке пайдам.
- Бар екен үлкен жорға қайқаңдаған, / Тұяғы жерге тимес тайпалмаған. / Сағатта мың шақырым жерге барып, / Көңілін еш пенденің қайтармаған.
- Пырылдар көкте инелік, / Инелік емес үй делік.
- Бір қалта бар қабат-қабат, / Айналасына жұрт таң қалад. / Көктен жерге лақтырсаң да, / Алып түсер сау-саламат.
- Жоқ оның моторы да, қанаты да, / Сонда да ұшқыштардың санатында.
- Бар екен бір нақты зат түсі қара, / Сүйрейді неше мың пұт іліп ала. / Болғанмен жүгі ауыр, жүрісі тың, / Таңданады көрген жандар тамашаға.
- Бір керуен қатарында өңшең түйе, / Аузынан жалын шығар қара күйе. / Жүрмейді ұрса дағы басқалары, / Бәріне жалғыз бура болған ие.
- Қара нар қатарынан бір озбаған, / Боз інген ботасы жоқ құр боздаған. / Қызыл ат желмей, жортпай алысқа ұзап, / Аяғын анда-санда бір қозғаған.
- Ойланып мен жұмбақты енді жазам, / Дүниеде бар бір күшті қара қазан. / Үстіне жанды-жансыз толған мүлік, / Ән салып кетіп жатыр азан-қазан.
- Ұзын-ұзын жолы бар, / Жолмен жүред жануар. / Дауысы зор әндетсе, / Денесі болат жануар. / Өзі жүрсе, ертеді, / Жолдасын бастап жануар.
- Жүйрік бар жер бетімен самғайтұғын, / Жол салса, жері бар ма бармайтұғын? / Аяғын жазды күні жерге баспай, / Қыста да қар үстінде талмайтұғын. / Соңына ертіп алған серігі көп, / Зымырай бірге ілесіп қалмайтұғын. / Жануар су ішсе де, шөп жемейді, / Шын жүйрік шабысынан танбайтұғын.
- Ақырып айқай салар аузын ашып, / Жеп қояр деп ойлама үркіп, сасып. / Адымы бір күншілік жерді басқан, / Жолынан жан мақұлық тұрар қашып.
- Кезегін жаңылмайды жаз бенен қыс, / Келгенде күн төбеге болады түс. / Күніне жүз шақырым жер жүреді, / Келеді қырық қанатты бір жансыз құс.
- Жаһанда бір жолаушы аузын ашып, / Аяғын келе жатыр жылдам басып. / Жарқырап маңдайында екі көзі, / Ілезде жеткізеді жерге қашық.
- Төрт аяқты, екі көзді, / Өзі жансыз жүреді. / От пен майдан жемі бар, / Құрыш болат жүрегі.
- Бір жануар домаланған екі көзді, / Адамның ықпалымен жүреді өзі. / Сияды ішіне оның төрт-бес кісі, / Жарқырап, түнде жортса, екі көзі.
- Кеудесінде жаны жоқ, / Тамырында қаны жоқ. / Май жейді, / Су ішеді.
- Тау басында кібіт көрдім, / Оны ашатын кілт көрдім. / Екі басты жүйрік-ті, / Ортасына мініп көрдім.
- Табаны дөңгелейді, жер баспайды, / Жаңылып қисабынан адаспайды. / Ақылы дана болған азаматтар, / Пар келіп мұныменен таласпайды.
- Жүйіткіген дәу үйінде, / Жүйрік деп ел сүйінді. / Тас жолда жұртты тасып жүр, / Жылдамдыққа басып жүр.
- Төбесі сымға тимесе, / Ол ешқашан жүре алмас. / Өз иесі басқармаса, / Оны ешкім бұра алмас.
- Жоқ даусы, жоқ сөзі, / Жарқырайды көп көзі. / Жолыңды ашып тұрады, / Бұйрығын жұрт ұғады.
- Бір үйде бір құс отыр мекен еткен, / Он жігіт кезек-кезек қызмет еткен. / Қолына қалам алмай хат жазады, / Келіп тұр түрлі әріп әрбір шеттен.
- Шың етсе, шыңқылдайды әлек-шәлек, / Жыбыр-жыбыр шимайы бөлек-бөлек. / Шырай беріп шимайы барлық жанға, / Несі барын білмеймін көз телміреді.
- Салалы саусағы бар сабақ тарақ, / Тықпалап біреуіне бірін таяп. / Былғаныш қара күйе қарны айналып, / Текшелеп жиып береді сандықтай-ақ.
- Қара атан тынбай жүріп ақырады, / Артынан ертіп алып төрт-бес жанды. / Қыртысын қара жердің қақ айырар, / Күшті де көріп пе едің мұндайларды?
- Қара азбан дем алыс жоқ бақырады, / Қолы көп сансыз саусақ батырады. / Тісімен қара жерді быт-шыт қылып, / Жер үстін борандатып шарқ ұрады.
- Денесі ирек-ирек жалғыз тісті, / Бір өзі бітіреді сонша істі. / Тісіне қанша салмақ салса дағы, / Созылғыш әрі сынбас әрі күшті.
- Төрт аяғы бар, / Артқы аяқтарының тұяғы бар. / Сирағы темірден, / Тұяғы болаттан. / Май ішеді бензиннен, / Бұл не деген жануар?
- Гүр-гүр етеді көкірегі, / Жүрсе, көксау секілді, / Күш дегенің өте мығым, / Тасиды кейде егінді.
- Айдалада бір нәрсе көресің бе, / Бар екен жалғыз көзі төбесінде. / Апырай, немене деп барып қалсам, / Жаны бар алқам-салқам денесінде.
- Отыз аттың күші бар, бір тұлпардың, / Келеді оған әлі топты жанның. / Сом болат тұяғымен тартып жерді, / Табады бір керегін шаруаның.
- Бұрқылдаған қара нар, / Аласұрар шатынап. / Жүрген жері ор болып, / Қала берер қазылып.
- Төрт аяқты, екі көзді, / Кеудесі бар, басы жоқ, / Білегі бар, аяғы бар, / Өзі күшті, қолы жоқ.
- Кеудесі толған күш, / Табаны толған тіс.
- Бір нәрсе ауырлығы алты батпан, / Ызаланса, ашуланып жерді қапқан. / Ұстасы адамзаттың соққан емес. / Бағалап сом темірге күміс жапқан.
- Бір батыр тамақ берсең, жұта берер. / Ішінде сүйектері бақша-бақша, / Уатып талқан қылып құя берер.
- Сабан той бастап, / Салды бір әнді. / Сабанды тастап, / Сыпырды дәнді.
- Бас салып талқандайды қырқып, кертіп, / Адамзат зыр жүгірер құрмет етіп, / Тамағын тойғыза алмас кешке дейін, / Барша адам жұмыс қылған, қызмет етіп.
- Бір нәрсе келе жатыр сондай епті, / Сайраған сақылдаған тісі көп-ті. / Жұтпайды, тістегенмен қайта құсар, / Мал, мақұлық сол құсықтан қорек етті.
- Бір нәрсе қозғалады желіп, жортып, / Көзіне көрінгенді жейді жұтып, / Жұтқанын бір ұртынан түсіреді, / Адамзат пайдаланар керек етіп.