Адам және оның дене мүшелері туралы жұмбақтар
Адам және оның дене мүшелері туралы жұмбақтар — 239 жұмбақ. Әрқайсысының жеке беті бар. 2-бет, барлығы 3 бет.
- Қарағай басына қатық ұйыттым.
- Қиын-қиын қиялар, / Қияға жұмыртқа ұялар.
- Бар екен бір жыланның отыз іні, / Түп-түзу бұл жыланның жоқ дүр міні. / Ғажайып бір мінезі тағы да бар, / Шықпайды бір інінен күндіз-түні.
- Екі достың бірі ыңғайлы, / Біреуінен ебі жоқ. / Екеуін де бірдей көрем, / Маған артық-кемі жоқ.
- Қимылда қос шебер, / Талай-талай іс бітер.
- Бес балалы екі досым, / Біреуінің ебі жоқ, / Екеуін де бірдей көрем, / Маған артық-кемі жоқ.
- Кезек-кезек сермейтін, / Жүргенде қанатым ол. / Түрлі еңбекке икемдейтін, / Ауырсынбай баратын сол.
- Шашбау, / Шашбаудікі бес бау.
- Бірі үлкен, бірі кіші, / Туысқан бірге бес кісі.
- Адам боп жаратылған бес арыстан, / Бойлары бесеуінің бір қарыстан. / Құдайдың құдіретіне таңғажайып / Бесеуінің арасына тас жабысқан.
- Бес сауысқан, / Бес сауысқан басына тас жабысқан.
- Бес жанды бір жансызға мінгескен, / Айналып ақ тақырдан із кескен.
- Бір күнде туған туыс бес, / Бойлары неге тең емес.
- Бес ат, / Бесеуі де қасқа ат.
- Бес көсеуім басы ақ күміс.
- Бес адам бір есекке мінгесіп жүр, / Мінгессе де, талай жермен тілдесіп жүр.
- Бар екен бәйтеректе екі аша, / Болмайды бар шақасы оннан аса. / Біреуі біреуінен икемдірек, / Құдайдың құдіретіне қыл тамаша.
- Бір тауды мекен еткен отыз бөрі, / Он кісі отызының жұмыскері. / Сол таудың ортасында бағлан қозы, / Масайрап секіреді әрі-бері.
- Бір тауды мекен еткен он бөрі, / Бес-бестен қызметкері.
- Ағайынды он, / Кигені екі тон.
- Бісміллә онға берді, / Он отызға берді, / Отыз Митанға берді, / Митан Шитанға берді, / Шитан ары қарай итере салды.
- Оным отызға берді, / Отыз үлпекке берді, / Үлпек шөлпекке берді, / Шөлпек жұтып қойды.
- Бес ағайын бар еді, / Бәрі бірдей жас еді, / Біреуі бірақ бас еді, / Бәрінен бойы пәс еді.
- Салдым бесақамды, / Аштым дарбаза үйді.
- Он терек отыз буын нұсқасы бар, / Бірі үлкен, бірі кіші қысқасы бар. / Бәріне лайықты атты қойған / Адамның тілі шешен ұстасы бар.
- Басында тас құдықтың серке ойнаған, / Жегенмен дүниеге еш тоймаған. / Бар екен бір кісінің он баласы, / Не үшін екеуіне ат қоймаған.
- Он үйрек, отыз аққу көлде жатқан, / Себеппен қаршыға құс дәмін татқан. / Алыстағы лашын құс ілмей қалмас, / Жақсылар ақылымен білмей қалмас.
- Қолымда он жүзігім, ал шығармай, / Бір бөрі мал жейді екен қан шығармай. / Төрт торы, екі сала жұмбағым бар, / Мұны тапқан мені алсын мал шығармай.
- Екі батыр қазына іздейді, / Екі батыр жол іздейді.
- Болғанда ыран-қыран, / Жабыса кетер сондай қыран, / Бір биікке қатар-қатар жайлайды, / Бірге ұмтылады шықса ұран, / Кейде жым болып түйіледі, / Айтқанына көніп иіледі.
- Жиырма баласы бар, төртеуі ана, / Бірі ұзын, бірі қысқа дара-дара. / Қандайлық істі қоссаң, ерінбейді, / Білімпаз мамандығы болған сара.
- Он айда мен аламын он жаңа айды, / Он жаңа айды алсам да, ол таусылмайды.
- Он кемпір мұз арқалап тұр.
- Бір үлкен тау бар, басы қара, / Жан-жағында төрт сала бар, / Бәрі дара. / Басында даралардың күміс тәж бар, / Жігіттер, зейініңмен ойлап қара.
- Он атты, он жаяу, қырық найзалы, / Қыздың сөзі пайдалы. / Асыққаның аяңдай тұр, / Асықпасаң, бір-біріңе таялмай тұр.
- Бесеуі қашып бара жатыр, / Бұлдырық қуып бара жатыр.
- Бірге жатып бірге тұрар, / Озуға тұра ұмтылар. / Екеуі мәңгі жарысып, / Көрген жоқ әлі қалысып.
- Алпыс аналы қасқыр, / Жетпіс балалы қасқыр, / Ол да көп жүр құр-құрлап.
- Мысыр деген шаһардың ортасында бір қонақ.
- Жалама таста / Жалғыз қурай.
- Денеңде бар, / Ойыңда жоқ.
- Тақырда тайдың ізі.
- Егіз қозы сүйексіз.
- Бір мезгілде сүйексіз туған екі қой.
- Бір дән бар дастарқанда салынбаған, / Дәмінен татпай ешкім қалынбаған. / Бір ағашқа бітіпті екі бұтақ, / Қанша жан ықтаса да, алынбаған.
- Аққуды табаққа салған, / Пышақпен кескен жоқ, / Жемеген адам жоқ.
- Бір жерден кішкене тесік көрдім, / Тесіктен алтын сарай есік көрдім. / Тесіктен бір өгіз дәу шыға келді, / Қайтадан кірем десе, кіре алмады.
- Ереймен жерейменнен озбайды екен, / Асы алтын, қасығы күміс болып, / Өмірі бітіп мүлде тозбайды екен.
- Бір шыққан соң орнына қайтып кірмес, / Қай жақтан келерін де адам білмес. / Азаттығы сонымен дүниенің, / Онсыз тірі ешкім де дәурен сүрмес.
- Еккенім бір танапқа жалғыз бидай, / Аққурай қанасына кетті сыймай. / Біреудің аманатын алсаң дағы, / Тұрасың береріңде көзің қимай.
- Балдан тәтті, / Удан ащы, / Тәрбиесіз, ата-анасыз.
- Балдан тәтті, / Мақтадан жұмсақ. / Базарға апарып сатсаң, / Бір тиындық бағасы да жоқ.
- Базарда сатылмайды, / Таразыда тартылмайды. / Өзі балдан да тәтті, / Өмірге бір шапағатты.
- Суға салсаң – батпайды, / Отқа салсаң – жанбайды, / Жерге көмсең – шірімейді.
- Өлсең де – өлмейді, / Өлмесең де – өлмейді.
- Жаралғанға жабысқан.
- Дүниеде бір нәрсенің жоқ мекені, / Затының емес мәлім кім екені. / Мінсең берік, өзі жүйрік бек қашаған, / Апарар қуса Тәшкен сол пендені.
- Екі атым бар: бірі ақ, бірі қара, / Атқа мінсем, шығамын сахараға. / Жаңылып қара атты міне қалсам, / Түсемін тамашаға дарияға.
- Атқа мінбейді, жаяу жүрмейді, / Күніне мың шақырым жерге барып келеді.
- Бір нәрсе кейде сопы, кейде залым, / Сиқырлар бір сағатта жанның бәрін. / Бір уақыт патша болып отырады, / Тар жерде әркімнің де ойлар қамын.
- Сары ат міндім, саз кештім, / Сарқыты маған тимеді. / Қара мақпал тон піштім, / Қиқымы маған тимеді.
- Бір жүйрік ат әркімде бар кетер шауып, / Үстінен ер-тоқымы қалмайды ауып. / Десем де қайда барам лезде барам, / Жартастан жығылмайды, қылып қауіп.
- Көтеріліп қампияр қиыстырсаң, / Майдаланар қимылсыз жиыстырсаң. / Мұның да шешімі бар келісімді, / Ойланып ақылына сыйыстырсаң.
- Бір минутта дүнияны аралайды, / Сонда да шаршамайды.
- Даладай кең, / Теңіздей терең.
- Алты аяқты, төрт көзді, / Екі ауызды, бір сөзді, / Ынтымақ үшін ел кезді.
- Арқасы екеу, / Аяғы алтау.
- Бір адам көрдім, / Жүрмей тұрған жабысып. / Түсін танып тұрсаң да, / Жауап айтпас танысып.
- Көрінеді бір бәйтерек басы сыңар, / Сүйкімді адамзатқа ол бір шынар. / Дағ түбінен басынан жеткенінше, / Жүз бұтақ, мың екі жүз ұясы бар. / Төрт басқыштың бұтағы қырық тоғыз, / Мәуесі иіліп, жерге балы тамар. / Бес басып, шыққасын алтыншыға, / Жылымшып аппақ болып жауады қар. / Жеті бұтақ басқанда, жер жарылып, / Жайы қамап болмаса жан қиналар. / Сегізін тамам қылып басқан жанның / Артында тоқсан жеті бұтақ қалар, / Үш бұтақтан сақтанса, соған келіп, / Ұясы мың екі жүз тамам болар.
- Айтайын мен жұмбақ ақыл ойлап, / Қойыпты бір терекке дүлдүл байлап. / Қайнайды ар жағында дария, теңіз, / Тапқанша бір сасарсыз ақыл ойлап.
- Қарт басқан қара нар, / Жез бұйдалы нар тайлақ. / Бауыры сүтті сары інген, / Сұм қарағай бұтақсыз, / Мысыр деген шаһардың ортасында бір қонақ.
- Күніне бір өліп, бір тіріледі, / Ақырында тұра алмай кідіреді. / Ойлағанға келісімді шешуі бар, / Ойланбаса мұны да, кім біледі.
- Көз көрмей қоймайды екен тірі адам, / Ғаламды жұта берер түрі жаман.
- Құдайдан басқа адамның баршасы да теп-тегіс, / Адамнан аласы бар, аурудан қаласы бар.
- Бар болса – жоғым дер, / Жоқ болса – барым дер, / Жар жағалап жүрсе де, / Бір шырақтай жаным дер.
- Турасаң да, бөлінбейді, / Қараңғыда көрінбейді.
- Жүрсем, жүреді, / Күлсем, күлмейді.
- Шапса, шабылмайды, / Көмсе, көмілмейді.
- Тепсем, тебілмейді, / Бассам, басылмайды.
- Қайда барсаң ереді, / Жер бауырлап келеді.
- Өзінің жаны жоқ, / Күнмен бірге жүрер.
- Қуып едім, / Мойын бұрмады. / Ұстайын деп едім, / Қолға тұрмады.
- Алам аяқ, алам аяқ, / Жүгірсем, жеткізбейді, жалаң аяқ.
- Ербекей де, сербекей, / Ауыз үйге кірмейді.
- Жаңа-жаңа шекпенім, / Жанымнан қалмас шекпенім. / Ескі-ескі шекпенім, / Бұлтты күні қайда кеткен шекпенім.
- Жаман-жұман жармағым, / Жанымнан қалмас жармағым, / Ескі-құсқы жармағым, / Есімнен қалмас жармағым.
- Жаман жолдасым маңымнан қалмайды.
- Ерте, кеште бой жазып, / Дәл талтүсте жантайған.
- Сыпырамын, сыпыра алмаймын, / Тазартамын, тазарта алмаймын.
- Қараңдап, қусаң қашады, жеткізбейді, / Өзіңнен алыс ұзап көп кетпейді. / Тез өсіп, тез қысқарад жарықпенен / Қолыңа ұстасаң да, ілінбейді.
- Тұрсам, тұрады, / Жүрсем, жүреді, / Жатсам, жатады.
- Еңкейсем, еңкейеді, / Шалқайсам, шалқаяды.
- Сен жүрмесең, ол да сірә жүрмейді, / Күнде жаңа, ескіріп көнермейді. / Көлге түсіп, қуаңға аунаса да, / Тәніне шық, етіне шөп енбейді.
- Жаратқанға жабысқан, / Жалпағынан қабысқан.
- Артыңнан еріп қалмайды, / Қараңғыда жалмайды. / Кейде ұзын, кейде қысқа, / Шаршамайды, талмайды.
- Қараңғыда біреу едім, / Күн шыққан соң екеу болдым.
- Әбен аяқ, тіллә таяқ, / Жүгірдім, жете алмадым.
- Сен әрі отыр, / Мен бері отырайын.
- Суда жатады, / Өзі батпайды.
- Мұрыннан кетпейді, / Қолға түспейді.