Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (4-бөлім)

Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу

Ендігі сөзді алпыс қатыннан естіңіз. Қатындар жиылып кеңес қылып, мыстанды шақырып алып айтты:—Ей, ене, патша біздерге жолаушыға ұқсап алпыс күнде бір түнеп жүруші еді. Енді мына қатын бала тапқан соң біздер қатындықтан қаламыз ғой. Бұған ақыл тауып баласын жоғалтыңыз,—деп, алпыс табақ тіллә берді. Анда кемпір мақұл көріп, «бұның лажын табам» дейді.

Бір күні қатын толғатқанда кемпір келіп бетіне бір дем салып қойып еді, Қаншайым талып жығылып қалды. Анда кемпір иттің екі күшігін алып келіп, Қаншайымның ішін тартты. Бір ұл, бір қыз туды. Ұлдың алтын айдары болды, қыздың күміс айдары болып туды. Кемпір екі күшікті [Қаншайымның] етегінің астына салып, баласын қатындарға алып келді. Қатындар айтты: —Ене, не қылсаң [да], өзің қыл,—деді.

Анда кемпір екі баланы екі қолтығына қысып алып бір дария бар еді Қазар деген, ошал дарияға алып келіп тастамақ болып тұрып, балаларды көзі қимай, тастамайын десе, тілләні қимай кемпір баланы ұстап тұрып бір сөз деді:

—Есік алды гүлхана,
Саған болдым мен ана.
Екі асыл сұлтаным,
Қаныңды жүктеп барамын
Алпыс табақ тіллә үшін
Бұ бес күндік дүниеде.
Тастайын десем бұ суға,
Сендерді көзім қимайды,
Тастамайын десем де,
Бойыма тіллә сыймайды.
Тастамайын десем де,
Алпыс «анаң» болмайды.
Барғын, балам, Аллаға,
Разы болғын қазаға.
Тіпті көзім қимайды,
Қызығып кеттім, ботам-ай,
Алпыс табақ тілләға.

Алтын сақа алшысы,
Сақаның болмас қалшысы.
Есен болсаң, ботам-ай,
Екеуің де боларсың
Ел-жұртыңның басшысы.

Патша ұлы болсаң да,
Екеуің де баласың,
Бас білмеген танасың.
Мың жасаған Ұлықпан,
Ол не көрді дүниеден,
Таба алмаған дүниеде
О да өлімнің шарасын.

Тірі жүрсең, шырағым,
Һәр пәлеге қаласың.
Жыл-жыл сайын жыл бітер,
Күнә артып аласың.
Бұ күнде өлсең, шырағым,
Дәл бейішке барасың.

Күн біткеннен түн бітті,
Құдіреті күшті Құдайым,
Жас көдекке тіл бітті.
Тіл бітіп бала сөйледі:
—Мыстан кемпір анамыз,
Біздер сіздің балаңыз.
Тастамай суға алыңыз,
Өзіміз адам болған соң,
Өлгенше сізді бағамыз.
Ажалың жетіп сен өлсең,
Басыңа шырақ жағамыз.
Болжалды мезгіл болғанда
Ажал жетсе өлеміз.
Құртуға бізді жіберген,
Ойбай, Тәңірі, қайтеміз,
Күндестігі құрысын,
Тумай жатып не қылдық
Алпыс өгей анамыз?!
Тастай бергін, қайтейік,
Уай, дүние-ай, [амал не],
Бір Құдай болсын панамыз.

Мыстан кемпір тұрады,
Әңгіме-дүкен құрады.
«Сөйлемегін, көдек» деп,
Шапалақтап ұрады.
Ұрғанына шыдамай
Шырқырап бала жылады.
Ұрған таяқ тиеді,
Балаға жаман өтті енді,
Мыстанның қолы қатты енді.
Жылаған даусын есітіп
Біреу келіп қалар деп,
Қол-аяғын берік ұстап,
Баланы суға атты енді.

Ғайып ерен қырық шілтен
Түсірмей судан алады.
Шөгірлінің тауына,
Адам бармас жеріне
Шілтендер алып барады.
Тастан кеулеп үй қылып,
Пана қылып береді.
Екеуіне бір киік
Ана қылып береді.
Ол киікке баланы
Бала қылып береді.
Құдіреті күшті Құдайым,
Таудан алма жегізіп,
Киікті ана дегізіп,
Киік жүрді үш мезгіл
Баласындай емізіп.

Тағы оқыңыз