Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (10-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Жылап бала торықты,
Әбден шаршап зорықты.
Жылап тұрған кезінде,
Шырқ айланып аспаннан
Ғайып шілтен келіп жолықты.
«Жүргін бері, балам» деп,
Бала барып ұстады
«Қолдай көргін, бабам» деп.
Пірлері тапқан амалға,
Қалың шатқал қамалға.
Алып шықты пірлері
Тау басында самалға.
Құлан, киік аң екен,
Бөрі, қабылан жау екен,
Шығарлығы он бес күн,
Түсерлігі он бес күн,
Отыз күндік жолы бар,
Өзі биік тау екен.
Таудан арман қараса,
Бәрі қалмақ жері екен.
Сол таудың түсер саласы,
Күлмес хандай патшаның
Аңын аулап жүретін
Қысырау деген көлі екен.
Таудан түсті ылдилап,
Ойға түсті құлдилап,
Зарлық батыр сол таудан
Ойнап кетіп барады.
Екі көзі баланың
Жайнап кетіп барады.
Қайың менен тұтқасын
Жұлып алып Зарлықхан
Шайнап кетіп барады.
Қия тастың басынан
Ырғып кетіп барады.
«Бейнетіме пәлі» деп,
«Әлгі көрген әйләтім
Қайда менім әлі» деп
Ойлап кетіп барады.
Желмаядай желеді,
Талай азап көреді.
Түн төбеден өткенде,
Күн бесінге жеткенде,
Қысыраудың көліне
Зарлықхан жетіп келеді.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты.
Арада неше қоныпты,
Жетемін деп зорықты.
Қырық жігіті қасында,
Гүлсары аты астында,
Ит жүгіртіп, құс алған
Күлмес ханға жолықты.
Әлқисса, Күлмес ханның қырық жігіті жалаңаш баланы әдепсіз деп, өлтірмек болды, найзаларын сала берді. Бала айтты:
—Тақсыр, айтатын арызым бар, бұларға тоқта деңіз,—деп, сәлем берді. Патша жігіттеріне «тоқта» деді. Жігіттер тоқтады.
Анда баланың Күлмес ханға айтқаны:
—Ассалаумағалейкүм,
Алдияр тақсыр ханымыз!
Кедейліктің зарынан,
Беттен кетті әріміз.
Жалаңаш-жаяу жүрген соң
Кетті ғой біздің сәніміз,
Жаяу екен демеңіз,
Мен баланы таныңыз.
Ауға шыққан, Күлмес хан,
Құлан деп атсаң қодықпын,
Көлден тартсаң борықпын.
Ақылы қысқа, тақсыр-ай,
Ел-жұртынан айрылған
Біздей ғаріп жетімнің
Жолы болмасқа немене,
Іздеп шыққан жерімнен
Сұлтаныма жолықтым.
Келе жатқан бала едім,
Бір халатта бар едім,
Һеш нәрсе жоқ ойымда,
Төрт періште ат шапқан
Қырық шілтеннің тойында,
Іздеп шыққан елімнен
Сұлтаныма жолықтым.
Әлқисса, анда Зарлықтың бұ сөзіне хан күлді де, жүре берді. Ханның күліп басқа сөз айтпағанына Зарлық қапа болды.
Анда қырық жігіт патшаға айтты:
—Әй, тақсыр, сіз ғұмырыңызда һеш күлген емес едіңіз, сол себептен Күлмес хан деп атанған едіңіз. Емді ол жалаңаш бала аузына келгенін айтып сандырақтап, еді күлгеніңіз себебі не?— деді. Патша «күлгенім жоқ» деп айтпады. Қырық жігіт өтініп көп сұрады. Анда патша айтты:
—Ол Пәруәрдигар Құданың құдіретіне тамаша қылып күлемін. Неге десеңіз, ол баланың әкесі бізден он есе артық хан еді, баласын жаяу қайыр сұратып қойғанына күлемін,—деді. Жігіттер бұ сөзге нанбады. Анда хан айтты:
—Әй, жігіттер, ертең түсте жоғары елімнің һәммасын қуып айдап, ордаға әкелгенде нанарсыңдар,—деп жүре берді.
Анда Зарлық бала жоғарғы шаһарға барды. Келсе, аспаздар тағам пісіріп жатыр екен. Келіп:—Бұл не?—деді.