Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (3-бөлім)

Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 3 мин оқу

—Ассалаумағалейкүм,
Алдияр тақсыр ханымыз,
Бір перзенттің дертінен
Беттен кетті әріміз,
Кетті жұртқа сәніміз.
Айналайын, тақсыр-ау,
Бұ сөзге құлақ салыңыз.
Келіп тұрған арызға
Мынау ғаріп шалыңыз,
Шал үйінде бар екен
Сізге лайық жарыңыз.
Қаракет жиған малыңыз,
Шал қолында қалта бар,
Қалтаны қолға алыңыз.
Сіз де ынсап қылыңыз,
Үш тілләлік қалта екен,
Алты тіллә салыңыз,
Алдына келген бұ шалдың
Қызын тегін алыңыз.
Қалтаны ханға тастады,
Хан қолына ұстады.

Сонда патша сөйлейді:
—Есік алды ебейін,
Күйген үрер көмейін.
Алдымдағы, Барын-ау,
Шалдың қарны тоқ па екен,
Үйінде малы көп пе екен?!
Он сан Ноғай ішінде
Ақша салып алғандай
Екі ен дорба жоқ па екен?

Бұл сөзді айтып падиша,
Қалтаның аузын ашады,
Бес тіллә алып салады,
Қарасын көрмей барады.
Отыз тіллә салады,
...................................
Енді барып падиша
Қазына аузын ашады.
Жеті там еді ақшасы,
Қалтаны ашып жігіттер
Күректеп тіллә салады,
Сонда да қалта толмады.
Толар заман болмады,
Жеті там толған ақшаны
Екі елі дорба жалмады.

Дорба әкелген Жәудір шал
«Уағда бар» деп бастады,
Толтыра алмай қалтаны
Шаншар қатты сасады.
Бектер мінер қызылды,
Жал-құйрығы ұзынды.
Толтыра алмай қалтаны,
Патшаның белі үзілді.
Үзілмей енді неғылсын,
Жеті там толған ақшасы
Бәрі де кетіп сүзілді.
Ақсұңқар құс қанатын
Ұшарында қомдайды
Шынымен Құдай оңлайды.
Жеті там толған ақшасы
Бір қалтаға толмайды.
Он сан жатқан Ноғайға
Үй басына он сомнан
Үш қайтара салады,
Салық қылып алады.
Алып келіп қалтаға
Қайта-қайта салады.
[Сонда да қалта толмайды,]
Толар заман болмайды.
Анда тұрып Шаншар хан
Жұртына хүкім шашады.
Хүкіміне шыдамай,
Қаладан ноғай қашады.
Сонда тұрып Шаншар хан:
—Төбел тазға—төрт теңге,
Айна тазға—алты теңге,
Қырма тазға—қырық теңге,
Ойма тазға—он теңге.
Сал к..іңді керсенге,
Сыйса да бер бес теңге,
Сыймаса да бер бес теңге.
Семіз бенен таздарға
Салық салып алады.
Алып келіп қалтаға
Қайта-қайта салады.
Сонда да қалта толмайды,
Толар заман болмайды.
Он сан жатқан Ноғайды
Жалғыз-ақ қалта жалмайды.

Әлқисса, анда патша айтады:—Бұ не деген қалта, мұның толатұғын лажы бар ма екен?—деп жұртқа жар салды. Һешкім мәнісін білмеді. Сол уақытта үш жүз елу жасқа келген, ыстық ішкен, сұйық тышқан, қабағы тырысқан, көрінгенмен ұрысқан, тізесіне шекпені жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген, кенеп дамбалы к..іне қатқан, өзін туғаннан Құдай атқан, бір жақсылық көрмеген, тілеуін Құдай бермеген бір Мыстан деген кемпір айтты:—Патша менің хақымды берсе, мен қалтаны толтырып беремін,—депті. Патша хақысын береді. Кемпір келіп жерден бір қысым топырақ алып қалтаға салып еді, анда қалта тасып төгіліп, көшеге сыймай кетті. Патша қазынасын қайта толтырып алып, қалғанын ғаріп-қасірге берді. Шал қалтадағы ақшаны жеті атан түйеге артып алып кетіп, Қаншайымды патшаға берді. Күндерден күн, жылдардан жыл өтіп, бір күні Қаншайым жүкті болып, туар халатқа келді. Патша Барын уәзірді шақырып алып айтты:—Мен ғұмырымда һеш перзенттің даусын үйімнен есіткенім жоқ еді. Бала туғанда жүрегім жарылып кетеді ғой деп қорқамын,— деді. Барын айтты:—Шөгірлінің тауына барып, қырық жігітпенен аң аулап жаталық. Бала туғанда біреу сүйінші деп келеді, сонда ат қойып барсақ жүрегіңнің, қуанышы басылып қалады,—дейді. Патша Барынның бұ сөзін мақұл көріп қырық жігітпенен тауда аң аулап жата берді.

Тағы оқыңыз