Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (12-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Сонда тұрып сөйледі:
—Пұл жібердім қалаға,
Бұзау, баспақ, танаға.
Қанша киім кисем де,
Жараспайды екен-ау
Мендей бір күйген қараға.
Сонау көлге барайын,
Әбден аппақ болғанша
Жеті күн жатып жуайын.
Қымқаптарын сүйретіп
Суға қарай жөнелді,
Иесіз тастап қалмақтың
Қазына, дүкен сарайын.
Батыр туған Зарлықтың
Жүрегі оттай қаулады.
Ағартам деп денесін
Балшыққа, суға аунады.
Жая жесе, жалдай боп,
Шекер жесе, балдай боп,
Көл шетіне толықсып,
Жата берді Зарлықхан
Толқын соққан салдай боп.
Әлқисса, жоғарғы шаһардың күллі адамдары қашып барып, ханның ордасына тығылды. Анда хан қырық жігітке бұйырды:—Барыңыздар, сол күнгі баланы тауып алып келіңіз, жалғыз қызым Құралайды беремін, сүйтіп көңілін ауламасам, елімді ойран қылар,—дейді.
Анда қырық жігіт һәр жерлерден қарап жүріп, көлдің шетінде суға шомылып отырғанын көріп, Зарлық екенін біліп, қасына жақын барсақ, ұстап алар деп, алыста тұрды. Әгар ол жерден ұмтылса, ордаға [қашып] барамыз деп, Зарлыққа айтқаны:
—Біз тұрмыз сізге жете алмай,
Сізден жауап алмастан,
Ханға қайтып кете алмай.
Бізді патша жіберді,
Сізге келдік патшаның
Бұйрығынан өте алмай.
Сізді патша шақырды
Ақ жүзіңді көргелі.
Аңда жүріп көрген соң,
Онан соң қайтып көрмеді.
Сізге патша жіберді
Құралай қызын бергелі.
Көріңіз ханның бақтысын,
Жұртының жиды жақсысын.
Күлмес хан сізді шақырды
Бергелі тіллә, тақтысын.
Келмесін, тақсыр, қаһарың,
Ашылған гүлдей баһарың.
Патша сізді шақырды
Бергелі Мұзылұс шаһарын.
Екі саулық, бір қозы
Баһар айда қырқарым,
Шыққын бері, сұңқарым,
Күлмес хан сізге жіберді
Бергелі Гүлсары тұлпарын.
Әлқисса, анда Зарлық «Менің қарындасым айтқан пірлер екен, менің анау күнгі сұрағанымның бәрін берейін деген екен» деп ойлап, уақыты хош болды. Жігіттерге:—Келіңдер, менің екі қолымды байлап, жаяу айдап апарыңдар,—дейді. Жігіттер қасына келіп аттарынан түсіп жақындап еді, Зарлық атын тартып алып, өздерін жаяу айдап ордаға келді.
Хан:—Менің қазынамда қанша көп суреттерім бар еді, соны көрсетіңдер, —дейді.
Ол суретті көрсетті, [Зарлық] қарамады.
Анда Зарлықтың алдына дастарқан жайып, жігіттер қызмет қылды. Зарлықтың тағам билән ісі жоқ. Жігіттермен ойнасам деп, көтеріліп қойса, жігіттер алды-алдына қашты. Анда Зарлық тұрып жігіттерге ұмтылды.
Зарлық бала ойнайды,
Арыстандай құтырып,
Ителгідей жұтылып,
Қуды жігітті ұмтылып.
Қамданып тұрған қырық жігіт,
Он бесі кетті құтылып.
Жиырма бесі баланың
Қолында қалды тұтылып.
Құтылып кеткен он бесі
Хан алдына бара алмай,
Тауға қашты сытылып.
Баланың өзі нашар-ды,
Бала қулық ашады.
«Мінездері қалайша,
Ойнайын десем қашады,
Бұ да қашып кетер» деп,
Ол жиырма бес жігітті
Астына алып басады.
Балаларша үстінде
Секіріп жүріп ойнаса,
Кесектеп қанды құсады.
Қай-қайдағы зардабы
Бұдан таза шықсын деп,
Құсқан сайын қысады.
Патша келіп қараса,
Оқ жыландай ысқырып,
Ор текедей пысқырып,
Жігіттерді бұтына
Қысып-қысып тыштырып
[Жатқанын оның көреді].