Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (14-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Ордада отыр Зарлықхан
Аш арыстандай ыңыранып,
Әбжыландай толғанып,
Алысам деп біреумен
Қозғала түсіп ырғалып.
Ойласады қырық жігіт:
«Қасына мұның бармалық,
Қапа қылар біздерді,
Қасында мұның тұрмалық».
Он бес қатын келеді,
Құралайдан құр қалып.
Құралайдың өзі жоқ,
Белгілі кеткен ізі жоқ,
Жалғыз дамбал қалыпты,
Қатындар келді қолға алып.
Құлақ салғыл, жарандар,
Есіктің алды тал еді,
Талды кессе, сал еді.
Құралайға бір ғашық
Қарадәу деген бар еді,
Құралайға ынтық боп,
Қосылмаққа зар еді.
Сөз сөйлейін басынан,
Ғашық еді Қарадәу
Құралайға жасынан.
Құралай десе, Қарадәу
Айрылар еді ғашық боп
Аузында тұрған асынан.
Бір әзәзіл бар еді,
Жай қылған еді ол шайтан
Қарадәудің қасынан.
Қарадәуге жолдас боп,
Бір әзәзіл жүріпті,
Һәр нәрсені көріпті.
Құралай жатқан сарайға
Тап сол күні келіпті.
Зарлыққа қызды бермекті
Ол күні шайтан біліпті,
Хабарсыз жатқан ол дәуге
Хабарды шайтан беріпті.
Құралай жатқан ордаға
Ашуланған бойымен
Қарадәу жетіп келіпті.
Шыдай алмай Қарадәу
Әйнектен қолды салыпты.
Бейхабар жатқан сұлуды
Әйнектен тартып алыпты.
Сұлуда мықын жоқ екен
Сол себепті дамбалы
Тесікте сыпырылып қалыпты.
Мұны біліп Зарлық хан,
Кіреді енді күшіне.
Жауатын бұлттай түнеріп,
Сөйлемеді кісіге.
Адам қарап болмайды
Зарлықтың сонда түсіне.
Құралайдай сұлуды
Дәу алып кетті деген соң,
Толды қайғы ішіне.
Ал Зарлық хан сөйлейді:
—Менің өзім баламын,
Бала да болсам данамын.
Жетім болып өссем де,
Ішім бір толған сәнамын.
Ғайып ерен жар болса,
Қарадәудің қолынан
Құралай қызды аламын.
Жабдықта мені, Күлмес хан,
Құралайды іздеп барамын.
Тәуекел деп көз жұмып,
Ісімді Хаққа саламын.
Құдай, өзің пана бол,
Дәргаһыңа бас ұрдым,
Оңғарғын осы талабым.
Зарлық хан Хаққа жалбарды,
Аманат тәнде жан бар-ды.
Тәңірі берсе, алармын
Қарадәудей заңғарды.
Маған бергін қырқарға
Заһарға салып суғарған
Тас кескен асыл қанжарды.
Құдай кімді қалапты,
Қалаған киер манатты.
Құралайдың жолына
Енді қылдым талапты.
Ғайып ерен жар болса,
Саламын жұртқа санатты.
Атаңа лағынет Қарадәу
Жолына бізді қаратты.
Бұ талаптан қайтпаспын,
Мені де Құдай жаратты.
Іс қылайын ерлердей,
Тауып бер маған бір атты.
Атың болсын жолдасым,
Ұшар құстай қанатты.
Әлқисса, анда Күлмес хан айтты:—Балам, барма, биһұда өліп кетерсің,—деді.
Анда қырық жігіт айтты:—Әй, тақсыр, осыменен көбеймейақ қояйық, қоя беріңіз, жанымыз шықты ғой,—дейді.
Анда хан барша айтқан қару-жарақтарын даяр қылды, астына Гүлсары атын мінгізіп шығарып салды. Зарлық батыр жолға түсіп, бір ғазал оқыды.
Батыр туған Зарлық хан
Дәуді іздеп жөнеді.
Жалғыз өзі Зарлықтың
Жолға түсіп келеді.
«Шу, жануар, Гүлсары ат,
Көкірегіңде жазған хат.
Кекіліңнен, жануар,
Жол танабын жуық тарт.
Дәудің жатыр қолында
Құралай атты шаһизат.
Құйрығың сұлу, жануар,
Көтеріп шапсаң байрақтай.
Мойның сұлу таяқтай,
Белің сұлу, Гүлсары ат,
Төрт қырлаған қайрақтай.
Кербез басқын аяғың
Қыз жинаған бойдақтай.
Баса көргін ойнақтай,
Жалың сұлу, Гүлсары ат,
Күлтеленген жібектей.
Сипатыңа болайын,
Мал түспеген түбектей.
Танауыңа болайын,
Түбі түскен шелектей».