Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (1-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 3 мин оқу
Әуел сөзді бастайын,
Ісімді Құдай оңласа.
Шешеннен сөз табылар,
Жай бұлтындай торласа.
Қисық ағаш түзелер,
Тезге басып морласа.
Ақыретте сауап жоқ,
Айтатұғын жауап жоқ,
Жетім-жесір, ғаріпті
Кемсініп, оны қорласа.
Мұнан жаман сол болұр,
Уағдалы сөзде тұрмаса.
Ақсұңқар келіп шырмалар,
Саятшы алдын торласа.
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа.
Бенденің бақыты ашылмас,
Маңлайы қалың сорласа.
Жүсіпбек қожа сөйлейді,
Жамағаттар қолдаса.
Менің айтқан сөзіме
Құлақ салсаң, жарандар,
Зарлықты енді бастайын.
Ада болмас бұ сөзім,
Ұзайтпай енді тастайын.
Әйтеуір ажал келеді,
Тағдыр жетсе, бір күні.
Тірілігімде қақсайын,
Өлең қып ем өзгені,
Мұны жырлап жазайын.
Құлағың салып тыңлағыл,
Дін мұсылман ағайын.
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Он сан Ноғай елінде,
Шаншар хан атты ханы бар,
Ғадалатты хан екен,
Қайыры тиген жиһанға.
Бір перзентке зар болып,
Алпыс қатын алыпты,
Кетем бе деп арманда.
Алпыс қатын алса да,
Бір перзент болмай бәрінен,
Қайғылы болды Шаншар хан.
—Үйіңе, патша, бар,—дейді,
Таңлап жүріп еліңнен
Бір сұлу қыз ал,—дейді,
Сол қатынды алған соң,
Бір ұл, бір қыз табады.
Мұны естіп қуанып,
Жарыла жаздап жүрегі,
Үйіне қарап жөнеді.
Алпыс күн жүрген жолына
Он бес күнде келеді.
Алпыс қатын баршасы,
Жоқ болған соң патшасы,
Шулап жылап жатқанын
Шаншар хан келіп көреді.
Қатындарын жұбатып,
Бірнеше күн тұрады.
Уәзірін атқа мінгізіп,
«Бір сұлу қыз әкел» деп,
Тығыз бұйрық қылады.
Барын атты уәзірі
Бір сұлу қызды ап келіп,
Хан қойнына салады.
«Бір ұл, бір қыз табар» деп,
Он жылға шейін қарады.
Он жыл тамам өткенше,
Қатыннан бала тумады.
Жетпіске өзі келген соң,
«Өтем бе,—деп,—тұяқсыз»
Патшаның көңілі жаман боп,
Жүрегі қатты солады.
Әлқисса, патша Барын деген уәзірін шақырып алып:— Жұртты жи,—дейді. Бүйтіп қапа болып тұрғанымыз жарамас. Және бір қыз алайын. «Патшаның тойы бар» деп, жұртты жиып, жар салыңыз: «Бір ұл, бір қыз табатын қыз бар ма?» деп. «Бар» деп біреу қызына кепіл болса, сол қыздың өз бойындай алтын берсек те алалық,—деп айтты. Анда Барын жұртты жиып, өзі мұнараға шығып, жұртқа жар салып айтқаны:
—Ал менім атым Барын-ды,
Мен айтамын зарымды.
Бір перзенттің дертінен
Беттен төктім арымды,
Кетірді Алла сәнімді.
Темірден дейді кәтепті
Жалладтың екі қанатын.
Салар дейді санатын,
Он сан Ноғай ішінде
Бір сәуегей бар ма екен
Сұраусыз пейіш баратын,
Бір ұл, бір қыз табад деп,
Қыз міндетін алатын,
Қызына кепіл болатын?!
Қатар-қатар нар ма екен,
Һәркім мендей зар ма екен?!
Ат сыналмас шабылмай,
Мейір, опа табылмай,
Он сан Ноғай ішінде
Бір сәуегей бар ма екен?!
Он сан Ноғай сандалды,
Бір ұл, бір қыз табад деп,
Қызына кепіл бола алмай.
Бектер мінер қызылды,
Жал-құйрығы ұзынды,
Барын айтқан сөзіне
Таппай жауап сүзілді.
Қыз міндетін ала алмай,
Қызына кепіл бола алмай,
Он сан Ноғай бұзылды.
Әлқисса, уәзірдің бұ сөзін есітіп, жұрт ойладылар: «Бұ Шаншар хан қалай айтады, ғайыпты кім болжайды?» деп, тарап кетті. Сол уақытында жасы алпысқа келген Жәудір деген шал бар еді. Қатыны өліп, қамыстан күрке қылып, теңіздің жағасында балық аулап жан сақтап, ауқат қылып жүрер ерді. Ошал Жәудір ойлайды: «Мен қызыма барып сұрайын, қызым бала табамын дер ме екен, таппаймын дер ме екен. Табамын десе, ханның алтынын алайын» деп, үйіне келеді. Келсе, қызы жалғыз отыр екен. Қызына айтуға бата алмай, ауырған кісі болып басын шырмауықпен байлап жатып сандырақтаған болғаны: