Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (13-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Әлқисса, анда патша мұны көріп, балаға жетіп келіп қол қусырып арыз айтқаны:
—Екі саулық, бір қозы
Баһар айда қырқарым.
Арызды тыңда, сұлтаным,
Саған тарту, шырағым,
Гүлсары ат деген тұлпарым.
Сөйлеуге халім келмейді,
Құрыды жаман дімкарым.
Ақ тұйғын құс сен болдың,
Қоңыр ала қаз мен болдым,
Ұстап алған жеміңді
Бермеймісің, сұңқарым.
Келе жатқан шағыңда
Көріп едім өзіңді.
Ат үстінен абайлап
Байқап едім сөзіңді.
Дұшпандардың ішінде
Төмен қылма жүзімді.
Тарту қылып мен тұрмын
Құралай атты қызымды.
Қырық жігітімді өлтіріп
Сындырма менің белімді.
Бұтаққа қонған бұлбұлдай
Сайратпағын тілімді.
Елімді тарту мен қылдым,
Қай жерден таптың мінімді.
Менің айтқан бұ сөзім
Жалған емес, шыным-ды.
Бүйте берсең, жан балам,
Кетірерсің сынымды.
Жалынса, жақсы кешірер,
Жаман қылма күнімді,
Шағи қылып шамалап,
Сынадың менің әлімді.
Тарту қылып жалынып,
Алдыңа салдым барымды.
Бұған көңілің толмаса,
Алдыңа салып берейін
Тоғайда жатқан малымды.
Бұқара болып ел-жұртым
Саған қарап бағынды.
Дұшпандардың ішінде
Сындырма, балам, сағымды.
Бір сапар, балам, сыйлағын
Менің айтқан арызымды,
Төкпе беттен арымды,
Патшазада шырағым,
Қашырма беттен қанымды.
Күнәм болса, кеше гөр,
Хан атаң келіп жалынды.
Асыл туған шырағым,
Көргеннен сені сыйладым.
Сыйлағаным емес пе,
Ел-жұртымды жинадым.
Дастарқан салған жігітті
Мұнша неге қинадың?
Асыл туған шырағым,
Асыл, күміс, гауһар тас,
Һәр нәрсе болса жиғаным,
Мен де өзіңдей хан едім,
Бір сапар, балам, сыйлағын.
Әлқисса, бұған жауап бермесем әдепсіз болармын деп, Зарлықтың ханға айтқаны:
—Есітіп сенің атыңды,
Шығып едім елімнен.
Жаяулықтан жүре алмай
Асу-асқар беліңнен,
Туралап кешіп өте алмай
Шалқыған шалқар көліңнен.
Көңілімде бұ іс жоқ еді,
Хан ата, болды пиғылыңнан.
Келе жатқан шағымда,
Өзіңді ауда көргенім.
Осы шығар ханым деп,
Иіліп сәлем бергенім.
Жол болсын, балам, дегенде,
Жөнімді айтып бергенім.
Біліп тұрып жөнімді
Жақсы жауап бермедің,
Мені өзіңдей көрмедің.
Назар салып адам деп,
Баланы көзге ілмедің.
Әлі есімнен кетпейді,
Сақалыңды сыпырып,
Масқара қылып күлгенің.
Бір жетім келсе, күлесің,
Осы ма, патша, білгенің.
Әлқисса, бұ сөзді айтып жігіттерін босатып жіберді. Анда патша ордасына келіп жігіттерге айтты:—Барыңдар, қызымды алып келіп, қосыңдар, көңілі алданып еліме тыныштық берер ме екен,—дейді.
Анда жігіттер [Құралай сұлуға] он бес қатынды бұйырды.
Құралайға жұмсады
Он бес бірдей қатынды.
Ордаға құрды шатырды,
Тоқтатқалы айламен
Зарлықхандай батырды.
Қырық жігіт пен Күлмес хан
Бір жерге қойды ақылды.
Сарайда жатқан хан қызын,
Ордада ханы отырып
Он бес қатын шақырды.
Шақырғалы барады,
Құралай жатқан сарайға
Қатындар назар салады.
Барса, үйі бұзылған,
Қатындар аң-таң қалады,
Аң-таң қалып қатындар
Төңірекке қарады.
Бәрі де қатын паңдары,
Бұзылып жатыр тамдары.
Байқаса, жаңа бұзылған,
Басылмай жатыр шаңдары.
Терезенің алдында
Бір тамған екен қандары.
Тамған қанды көрген соң,
Жиылып барған қатынның
Шошып кетті жандары.
Әйнектен шығар алдына
Құралайдың бұтынан
Сыпырылып қапты дамбалы.
Дамбалы қапты, өзі жоқ,
Не дерін білмей қатындар
Іздейтұғын ізі жоқ.
Туралап айтар сөзі жоқ,
Қайтып келді қатындар,
Елге қарар жүзі жоқ.