Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (6-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Шапса, балта өтпейді
Шөгірлі тау тасына.
Ақ ісін қара қылыпты,
Қаншайымның басына.
Бұйрықпен келген қырық жігіт
Жетіп келді қасына.
Етегін белге түрініп,
Қылышын қыннан суырып,
Жетіп келді қырық жігіт
Қаншайымға жүгіріп.
Тыңламады айқайын,
Байқамады ойбайын.
Дарға қарай айдайды,
Екі қолын байлайды.
«Аққа зауал жоқ-ты» деп,
Тіллә дарны Қаншайым
Жылап жүріп айналды:
—Балалы арқар маңырайды,
Баласыз арқар тыңлайды,
Мен бір жүзіқара болдым,—деп,
Мүсәпір болып Қаншайым
Дар түбінде зарлайды.
Дүние үшін күймедім,
Басымда дәулет барында
Жамандықты сүймедім.
Таудан аққан бұлақтай
Шырағыма имедім.
Мыстан кемпір, қайтейін,
Кесір болдың келдің де,
Мен қозымды сүймедім.
Бақта гүлді термедім,
Дүниені қолмен сермедім,
Опасы жоқ сұм жалған,
Өтеріңді білмедім.
Алдыма алып қозымды
Өз қолымнан бермедім.
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтердім Алла салғанын.
Тістеулі кетті бармағым,
Мыстан кемпір, қайтейін,
Кесір болдың келдің де,
Мен қозымды көре алмай,
Бес күн дәурен сүре алмай,
Ішімде кетті арманым.
Әлқисса, анда Барын уәзір айтты:—Ай, ақымақтар, көрмейсіңдер ме, баламды мыстан кемпір ұрлап алды деп тұр ғой. Жүріңдер, мыстанға баралық,—деп, қырық жігіт бәрі кемпірге келіп айтқаны:
—Мыстан кемпір анамыз,
Біз де сіздің балаңыз,
Қабыл болды деп едік
Сіз бен біздің тобамыз.
Әуелі Құдай қаласа,
Шаншар ханның дәулеті
Алтын оқа боп еді,
Сіз бенен біздің жағамыз.
Тілеуің құрғыр, қу мыстан,
Үш жүз жасқа барыпсың,
Дүниенің түбін шалыпсың,
Алпыс қатын ішінде
Мәслихат қылып алыпсың.
Күнәһар болсам да айтайын,
Қалтаңдамай қатып қал,
Қалтаңменен жатып қал.
Қаншайымдай сұлудың
Баласын ұрлап алыпсың,
Қалтаңа ұрлап салыпсың.
Болып па ең қатын ішінде,
Сен «баламды алды» деп,
Зар жылайды Қаншайым,
Тіллә дарның астында.
Қашан өліп кеткенше,
Ауыздасып сөйлесіп,
Өзің де тұрғын қасында.
Әлқисса, мыстан кемпір бұл сөзге ашуланып, ыштанын шешіп алып, аузын ашып, к..ін аңқайтып жігіттерге қосылып берді. Ол жалмауыз кемпірдің аузына да екі кісі, к..іне де екі кісі ат-тонымен сиюшы еді. Қырық жігіт қырық жаққа қашты. Сонда бір жігітті ұстамақ болған соң, [ол жігіт] атынан түсіп қолын қусырып, тұра қалып айтты:—Ей, анамыз, ондай істі қылмайсыз, ол бәтшағар бәрін жалған айтады,—дейді.
Анда кемпір:—Мен де патшаның тілеуін тілеп жүрсем, сендер мынаны айтасыңдар. Мен неге ханға қастық қылайын,— дейді. Бұл сөзбенен қырық жігіт Қаншайымды дарға тартты. Ғайып ерен қырық шілтен келіп, дардың арқанын үш мәртебе үзді. Қаншайым өлмеді.
Анда қырық жігіт бұл қасиетін көріп, патшаға барып айтты. Анда патша айтты:—Бәлен жерде жеті қабат арал бар. Соның ішінде жолбарыс, бөрі, қабылан көп. Соған [апарып] тастаңдар,—дейді. Анда жігіттер Қаншайымды екі күшігімен апарып қайығымен өткізіп тастады. Жігіттер қайтып келіп, патшаны шаһарға алып келіп, көңілін аулап тағына мінгізділер.