Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (5-бөлім)

Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу

Әлқисса, мыстан кемпір алпыс қатын билән Қаншайымның үстіне келеді. Келіп көрсе, өкпесі зорға соғады. Астында екі күшігі жатыр. Кемпір бетіне бір дем салып қойып еді, Қаншайым басын көтеріп алады. Қатындар «ит баласын тапты», деп, бетіне түкіріп, кете береді.

Далаға шығып кеңес қылды «ханға қайтіп естіртеміз» деп. Өзге ел:—Патшаға біздер айтуға жүзіміз шыдамайды, ұялмайтұғын мыстан кемпір барсын,—дейді. Мыстан «құп» деп, патшаға қарап жүріп кете береді. Ол уақытта патшаның екі көзі ел жақта болып, қашан сүйінші сұрамаққа кісі келеді деп төбеге шығып тұрғанда, келе жатқан кемпірді көріп қырық жігітке келіп айтқаны:

—Шаһар жақтан бір адам
Елбең-елбең етеді,
Бізге қашан жетеді.
Ат қоялық, қырық жігіт,
Ат қойсақ неміз кетеді?!
Атқа салдым терлікті,
Дұшпанға қылдым ерлікті,
Ат қоялық, қырық жігіт,
Көңілім жаман зерікті!

Қырық жігіт сонда ат қойды,
Ат басына лап қойды,
Шөгірлі таудың беті еді,
Бір сағат болмай қырық жігіт
Мыстанға келіп жетеді.
Ат шабар жермен дүрілдеп,
Киген тоны кәудіреп
Жетіп келді мыстанға,
Қырық жігітнің көзі жәудіреп.

Тілеуің құрғыр қу мыстан
Көзінің жасын бұлайды.
Бір түп біткен шеңгелді
Құшақтап тұрып жылайды.
—Атыңның басын тарт, балам,
Не деп отыр қарт мамаң.
Қарт мамаңның сөзіне
Құлағың сал, өрт балам,
Ғайып болсын сырласың.
Кепіл болып қыз берген
Жалғаншы екен Жәудір шал,
Бұ дүниеде оңбасын,
Оңбасын демей, не дейін,
Ит баласын тапты ғой
Қаншайымдай жолдасың.

Шал емес, сұңқар қияқсыз,
Ит баласын тапты ғой
Қаншайымдай ұятсыз.
Шыныңменен сен сорлы
Еш нәрсе көрмей дүниеден
Өткенің бе тұяқсыз.
Естірткелі келіп тұр
Анаң сорлы сияқсыз.

Әлқисса, бұлай деп мүттәйім жалмауыз кемпір жылап тұрған соң, хан атынан түсіп, жер бауырлап жата кетті. Бір заманда басын көтеріп алып, жігіттерге айтты:—Сіздерге айтар сөзім жоқ, елге қарар жүзім жоқ, мен осы жерде жатайын. Сіздер Қаншайымды дарға асып, өлтіріңіздер,—деді. Анда Барын қырық жігітке бара жатып айтқаны:

Осылайша сөйлейді,
Барын уәзір толғайды,
Қырық жігітке жалынып,
Қаншайымды қорғайды.
Бұйрықпен келген қырық жігіт
Бұ айтқан сөзіне болмайды.

Әлқисса, Барын уәзір қырық жігітке айтты «мен үйден алып шығайын» деп, үйге кіріп Қаншайымға айтқаны:

—Болат қақпа, тас кілт,
Сізді сұрап патшадан,
Қаншайым, қылдық біз үміт.
Сұрасақ та бермеді,
Далаға шыққын, Қаншайым,
Сізге келді қырық жігіт.
Жүк көтерген қара нар,
Мүсәпір қылса пендені,
Аллаға нешік шара бар.
Далаға шыққын, Қаншайым,
Мінәсіп болды сіздерге,
Құрулы тұрған тіллә дар.

Мына сөзді естіп,
Қаншайым қаны қашады,
Аяғын тәлтек басады,
Қатты жаман сасады.
Сасқанының белгісі—
Жүгіріп есік ашады.
Бай малындай ылғанып,
Өңкей жібек шұлғанып,
Далаға шықты Қаншайым
Жас күшікті қолға алып.
Қаншайым енді жылайды,
Көзінің жасын бұлайды,
«Не пиғылымнан таптым?» деп
Жад қылып Жаппар Құдайды.

Сонда Барын сөйлейді:
—Бұ дүниеде жар едің,
Ай мен күнше пар едің,
Өз қатарың ішінде
Артықша туған жан едің.
Сенен перзент болғанда,
Патшаның орнын басар деп
Үміттеніп жүр едім.
Аманда бол, Қаншайым,
Бұ дүниеден жөнедің.

Тағы оқыңыз