Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (15-бөлім)

Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу

«Шу, жануар, шу» деді,
Ескен желдей гуледі.
Қарсақ жортпас қалыңнан
Қарғып өтіп барады.
Түлкі жортпас түлейден
Төтелеп өтіп барады.
Құлақтың [түбі] терледі,
Терлеген сайын өрледі.
Көлденең жатқан аңғарды
Жер ошақ құрлы көрмеді.
Қамшы басты санына,
Жәбір қылды жанына.
Ілеспеді ұшқан құс
Гүлсары аттың шаңына.
«Гүлсары атым, тұлпарым,
Қос қанатты сұңқарым.
Жол танабын жуық тарт,
Жау шабуға іңкәрім».
Зарлық хан атқа қатылды,
Сауырысына қамшы батылды,
Төрт тұяқтан шыққан от
Нысана атым жерге шашылды.
Неше-дүр күн бел жүрді,
Неше-дүр күн жол жүрді,
Арада сусыз шөл жүрді.
Сөйлеріне сөз болды,
Жүргені жапан түз болды.
Зарлық батыр сол уақта
Көлденеңі қырық құлаш
Бір дарияға кез болды.
Тарылды Зарлық хайласы,
Ақылдың жетті пайдасы.
Қарсы алдынан кез болды
Өлінебұлдың дариясы.
Бұл дарияны көрген соң
Аға берді көз жасы
Болды сарсаң бір басы.
Аһ дегенде Зарлық хан
Жад етіпті пірлерін,
Тарқатып көңіл кірлерін.

Жүрген жолы қазылды,
«Шу» дегенде Гүлсары ат
Қырық құлаш барып жазылды.
Жад қылды Зарлық Құдіретті,
Атқа қылды рахматты.
Көтерілді Гүлсары ат,
Қарғығанда жануар
Қырық арқан бойы ол кетті.
Көкке қарап ғырылдап,
Ұшқан құстай пырылдап,
Бұлтқа жақын ол жетті.
Ар жағына дарияның
Мысықтай болып топ етті.
Түскен жері тұлпардың
Ойыла жаздап солқ етті.
Гүлсары ат мінді қайратқа,
Зарлық хан кірді ол шатқа,
Дария жұмыс болмайды
Астында тұлпар сары атқа.
Гүлсары атты ырғытты,
Атқан оқтай сырғытты,
Көзіне ілмей дарияны,
Тәуекел деп қарғытты.
Жүрек болмас жаманда,
Гүлсары аттай келбетті
Жылқы болмас жаһанда.
Жығылмастан дарияға,
Алып ұшты жапанға.
Өткізді аман дариядан
Зарлық хандай беренді.
Зарлық ханның, жақсылар,
Ал, қайратын көр енді.
Келе жатса Зарлық хан,
Ойнақтап тұрған алдында
Бір биік тауды көреді.

Әлқисса, Зарлық ойлады: «Бұ жақтың тауы көшіп жүреді екен, бір таудың астында қалып өлемін бе», деп қараса, бұл тау Қарадәудің үйінің түңлігі екен, дәу демін алса, шошаңдап тұрған. Зарлық жетіп келеді, сол кезде үйден Құралай сұлу шығып:

—Ей, бейшара! Бұ жерге неге келдің, өлесің ғой,—дейді.

Анда Зарлық батыр атын қызға ұстата салып, өзі үйге кіріп келеді. Қарадәу ұйықтап жатыр екен. Жүгіріп үстіне шықты, оянбады. О жақ, бұ жағына қарады. Көрдікем дәудің шоқпары босағада тұр екен. Оны алып дәуді басқа ұрды. Анда дәу көзін ашып қарады.

—Ей, бала! Мені неге ұрасың, сенің ұрғаның шыбынның шаққаны құрлы болмады ғой, —дейді. Анда Зарлық айтты:

—Мен сені өлтірем,—дейді. Дәу айтты:

—Мені өлтірер болсаң, әуелі менің бір аяғымменен күрес. Аяғымды көтеріп тұрайын. Аяғымды жерге басып тигізсең, сенімен күресейін. Аяғымды жыға алмасаң, ұйқымды бұзбай, жөнел!—дейді.

Анда Зарлық батыр қолындағы арқанын тұзақ қылып, [дәудің] аяғының басына іліп алып тысқа шығып атына мініп, тақымына салып үйден сүйретіп ала жөнеледі.

Зарлық батыр ал, сонда
Қарадәуді сүйретті.
Сүйреткі қылып үйретті,
Шеттегі шеңгел, тікенге
Өкпе, бауырын түйретті,
Тау мен тасқа соқтырып,
Қабырғасын күйретті.

Тағы оқыңыз