Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (9-бөлім)

Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу

Бұл сөзді айтып Зарлықжан
Жолға түсіп жөнеді.
Майдан-майдан, жол майдан,
Майдалай басып келеді,
Алтыншы таудан әрі асып,
Жетінші тауға жанасып,
Қарсақ жортпас қалыңнан
Қарғып өтіп барады.
Түлкі жортпас түлейден
Түнде кетіп барады.
Жапалақ ұшпас жапаннан
Жалғыз кетіп барады.
Ит татпаған ащы көл,
Онан да татып барады.
Жері сортаң, оты ащы
Ащы көл мен тұщы көл,
Онан да татып барады.

Мойыл-мойыл, мойыл-ды,
Көдеге қозы тойылды.
Құдайға Зарлық бел байлап,
Жаяулыққа мойынды.
Отыз күн ұдай жол жүріп,
Жаяулықтан шойылды.
Жылай-жылай Зарлықтың
Екі көзі ойылды
Дәл отыз күн болғанда
Бейшара болған Зарлықжан
Табаны тасқа ойылды.
Бір жатпады шешініп,
Екі аяғын көсіліп,
Ас ішпеді есіліп.
Дәл отыз күн болғанда,
Жүруге аяқ жарамай,
Табаны қалды тесіліп.
Жылай берді Зарлықжан,
Күре тамыры кесіліп.
Тау басында қарағай,
Зарлықжан зарлап барады-ай.
Ақсаңдай басып барады
Алды-артына қарамай.
Табанын тасқа жарады
Болжалды жерге баралмай.

Дәл отыз күн болғанда
Жылай берді Зарлықхан
Жүруге аяқ жарамай,
Мінген аты құлады,
Қайысқан болат сынады.
Үстінен тері кепкен соң,
Жүгірген жүйрік тынады.
Жүруге аяқ жарамай,
Бір жерге келіп Зарлықхан,
Етпетінен құлады.

Келіп еді елпеңдеп,
Жүріп еді тепеңдеп,
Жүруге аяқ жарамай
Бейшара болған Зарлықжан
Жылай берді еңкілдеп.
Әуелі Құдай бір қылды,
Өзінің халқы, елінен
Бейнет көрді отыз күн
Құс ұшпастың шөлінен.
Мұндай болды Зарлықхан
Кемпірдің айтқан тілімен.

—Ісімді бар көп күнаһы,
Күнде шектім аһ-уаһы.
Дем бермесең өлермін,
Жаратқан жалғыз Бар Құда,
Жер жүзінің сұлтаны.

Дәуіт ұлы Сүлеймен,
Сізден медет тілеймін.
Жүз жиырма төрт мың әнбия,
Баршаңыздан тілеймін.

Күйгенімнен мен емді
Сөзді сөзге ораймын,
Пенде қылып жаратыпсың, Құдай-а,
Тәкие қылып бір өзіңе жылаймын.

Сізге болдық біз үмбет,
Әміріңіз—бізге сүннет,
Ара шөлде өлер болдым,
Құданың досты Мұхаммед.

Жылаймын емді зар-зар,
Ара шөлде өлер болдым бейқарар.
Медет әйла, иә, досты Халиме,
Пенделерге қамқор болған шаһариар.

Зар жылаймын енді мен,
Дәрменім кетті халімден.
Ара шөлде өлер болдым,
Медет бергіл, иә, Қырық шілтен.

Алдымда жатыр құла түз,
Телміріп қалды екі көз.
Мен өлсем, енді не болар
Шөгірлі тауда Мұңлық қыз.

Жетімдік болды күндерім,
Жүруге халім келмеді,
Медет бергіл, пірлерім.
Бар Құдай, медет бермесең,
Кетті енді дәрменім.

Бейнет көрдім алуан-алуан,
Ара шөлде тойдым жаннан.
Бір Алла, медет бермесең,
Арманда өлер Зарлық хан.

Пірлер медет берген соң,
Бала судай тасады,
Қайтадан қайрат шашады.
Пышақтай болған тастарды
Көмірдей басып шаншады.

Бірнеше күн жол жүрді,
Бірнеше күн бел жүрді.
Мұнан кейін Зарлықжан
Тағы отыз күн жол жүрді.
Көреріне көз болды,
Сөйлеріне сөз болды.
Отыз күн ұдай жол жүріп,
Зарлық батыр тағы да
Бір биік тауға кез болды.

Тауға қарап өрлейді,
Асуын таппай терлейді.
Асу шатқал бермеді,
Дүниені қолмен сермеді.
Ол таудан асу таба алмай,
Зар қылып Зарлық еңірейді.
«Бұзамын деп шығып ем
Күлмес ханның ордасын.
Мінемін деп шығып ем
Гүлсары ат деген жорғасын.
Осы таудан аса алмай,
Күлмес ханға жете алмай,
Қалғаным ба сор басым».

Тағы оқыңыз