Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (8-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Таспен аузын бекіткен үңгір тасты,
Залым кемпір басында қылған қасты.
Үңгіріне кіре алмай залым кемпір,
Тыста тұрып Мұңлықпен жауаптасты.
Кемпір айтты:—Бұл үйде кім бар?—деді,
Мұңлық айтты:—Сен кімсің, мен бар,—деді.
Кемпір айтты:—Піріңмін Ғайып ерен,
Алғалы келіп тұрмын хабар,—деді.
Мұңлық айтты:—Сен рас пірім болсаң,
Хабарға қолдағалы келіп тұрсаң.
Киімім жоқ, киім бер, жалаңашпын,
Жүре бергін егер де адам болсаң.
Кемпір айтты:—Түздегі мен бір Ғайып,
Жалаңаш деп сені мен қылман айып.
Жаманшылық басыңа келер болса,
Қорғап-қоршап жүрермін қанат жайып.
Сендерді көп адамнан қылдым зерек,
Әгар киім сіздерге болса керек.
Мен сізге баян қылған сөздерімді
Ағаң аңнан келген соң айт тезірек.
Сәлем де, ағаң тілімді алсын деймін,
Еліне Күлмес ханның барсын деймін.
Тоқсан күндік жолы бар арасының,
Алты айда ат-тон алып келсін деймін.
Сонда барса ап келер ат пенен тон,
Тіл алмаса, келмеймін мен мұнан соң.
Бұнда медет қыламын тілімді алса,
Менің бұ жауабымның бәрі де оң.
Бұ сөзді қызға кемпір айтып салды,
Сиқырмен дұға оқып ғайып болды.
Пірім екен десін деп ол жалмауыз,
Көзіне көрінбестей хайла қылды.
Қыз қараса, жалмауыз көрінбейді,
Қыз байғұс анық пірім екен дейді.
Ағасы аңнан келген соң кешке таман,
Көрген ісін бір-бірлеп баян қылды.
Ағасы айтты:—Ол біздің дұшпанымыз,
Бізді суға тастаған ол жалмауыз.
Осы залым кемпірдің қастығымен
Жапанда қаңғып өстік ата-анасыз.
Ол мені жолға айдаған «барса-келмес»
Ойлаған мені мұнда теңдік бермес.
Сені мұнда әуара қылайын деп,
Мені алысқа жұмсаған адам көрмес.
Бұ сөзге жылай берді Мұңлық ғаріп,
«Сол жолға, мен десеңіз, келгін барып».
Қарындасы алдында жылаған соң,
Келмек болды Зарлықжан соған барып.
Зарлық қарындасының көңілін қимай, бармақ болып тауға шығып, алпыс құлан атып келеді. Зарлық бала қырық құланды қарындасына беріп: «Мен келгенше ауқат қылып тұр» деп, өзі жиырмасын тұздап, кептіріп һәммасының терісін тіліп, арқан қылып азығын арқасына тырмаштап алып, «барса-келместің» жолына бармақ болып, қарындасын Ғайып ерендерге тапсырып, амандасып айтқаны:
—Ей, Жаратқан, Қадір Зұлжалал,
Қыз Мұңлықты есіңе ал,
Қалмасыншы иесіз мал.
Және айналып келгенше,
Ақ жүзіңді көргенше
Қарағым, Мұңлық, аман бол!
Мұнда қалды бір көзім,
Сарғаяр болды ақ жүзім,
Мұңлықты сізге тапсырдым,
Хазіреті үш ағзам.
Және айналып келгенше,
Ақ жүзіңді көргенше
Аман бол, Мұңлық, жалғызым!
Ердің жолын ашайық,
Жамандық жолдан қашайық.
Мұңлығым қалды, Құдай-ау,
Шөгірлі тауда шошайып.
Мұңлықты сізге тапсырдым,
Бұрынғы өткен машайық
Жүректе көп-ті шерлерім,
Іздедім қалмақ елдерін.
Көрер болдым жол шегіп,
Араның сусыз шөлдерін.
Мұңлықты сізге тапсырдым,
Аты кәміл пірлерім!
Хабардар болғын, Ерендер
Шілтендер, болғын медеткер!
Кедейліктің зарпынан
Қалмаққа болдық талапкер.
Мұңлықты сізге тапсырдым,
Бұрынғы өткен шаһариар!
Көрермін жолдың қорлығын,
Аллаға көп-ті құлдығым.
Және айналып келгенше,
Ақ жүзіңді көргенше
Аман болғын, Мұңлығым.
Жолдың тарттым жырағын,
Шілтендер мінер пырағын.
Және айналып келгенше,
Ақ жүзіңді көргенше
Аман бол, Мұңлық шырағым!