Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (11-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
—Тағам!—деді.
[Зарлық] туғалы кісі қолынан жемеген тағамдарды жеді. Екі қазанның асын бітірді. Аспаздар иесі пұлын есеп қылып отыр екен, [Зарлық] жүріп бара жатқанда:
—Пұлын бер,—деді. [Зарлық] тыңламады. Жүгіріп [барып] ұстадылар, ұрысып, жанжал қылып Зарлық құтылып кетті.
Бір дүкенге келіп, жаюлы тұрған шапандарды көріп, бірін алып, бірін киді. Ақыры аралап бір жақсы шапанды киіп жүре берді.
Дүкен егесі:
—Ей, пұлын бергіл,—деді. Тыңламады. Анда тамам қалмақ жабылып, жыртып алып қалды. Зарлық біреуінің қолындағы балтасын тартып алып кетті. Қалмақтар дүкенге қашып барды.
Ол күні Зарлық бала далаға түнеп жатып ойлайды: «Енді не де болса кешегі өзім көрген дүкенге барайын, өзіме лайық бір шапанды киейін, Мұңлыққа лайық бір шапанды алайын» деп, орнынан тұрып таң атысыменен жүгіріп келе жатты.
Келе жатыр Зарлықжан
Ертеңменен ертеңдеп,
Жолға түсіп емпеңдеп.
Жаман тоны баланың
К..іне жетпей келтеңдеп.
Келте тоны үстінде,
Шөметейі селтеңдеп.
Анда-санда көрініп
Басы шығып шолтаңдап.
Мүсәпір келсе алыстан,
Хал-ауқатын сұрамас.
Шаһарға кірді аралап,
Тар көшені паналап.
Қалмақ деген занталақ
Екі беті қанталап,
Зарлықханды көрген соң,
Жиылды бәрі анталап.
Анда Зарлық келеді,
Ақбөкендей желеді.
Өзі батыр ер еді,
Қалмақпенен ісі жоқ,
Кешегі көрген дүкеннің
Құлпысын бұзды балталап.
Анда қалмақ келеді,
Ұрыс қыла береді.
Тұр дүкенді паналап,
Қолындағы арқанмен,
Қуалап ұрды сабалап,
О да атадан туады,
Бұ да атадан туады.
Он бестейін жиып ап
Арқанға тартып буады.
Бөрі тиген қойдай қып
Тұс-тұсына қуады.
Садағы жеткен жер болса,
Тартып кетіп барады,
Мылтық жеткен жер болса,
Атып кетіп барады.
Талай қалмақ қырылып,
Жылап кетіп барады.
Шаһардағы қалмақтар
Қашып кетіп барады.
Қылышы жеткен жер болса,
Қырып кетіп барады.
Өз білгенін Зарлықхан
Қылып кетіп барады.
Көп қалмақты қырмаққа,
Бір шерменде қылмаққа
Зарлықханның обары
Қырып кетіп барады.
Бір майданнан көп қалмақ
Мойып кетіп барады
Ата-ана баласын
Қойып кетіп барады.
Қойға кірген қасқырдай
Сойып кетіп барады.
Қалмақтардың төбесін
Ойып кетіп барады.
Қанын ұрттап Зарлықхан
Тойып кетіп барады.
Алпыс атты бір жерге,
Жетпіс атты бір жерге
Түйіп кетіп барады.
Мола қылып өлгенін
Үйіп кетіп барады.
Зарлық батыр қалмақты
Жойып кетіп барады.
Қалмақ қашты жаналап,
Тар көшені паналап
Ұғыл атасын «дадалап»,
Дадасы шулап «бабалап».
Қалмаққа кірді Зарлықхан
Аш арыстандай аралап.
Батыр туған Зарлықхан
Қалмақты қырды саралап.
Он сегіз мың бар-ды ғалам,
Молдаларда дәуіт, қалам,
Қырып-жойып көп қалмақты,
Ер Зарлықхан қылды тамам.
Һәр кітапта Пайғамбар аты
...... сәйір біліп,
Қажылар кітап оқыр-ды
Көзінің жасы тізіліп.
Жайдың оғы түскендей
Шаһардағы көп қалмақ
Бәрі қашты бұзылып.
Қалмақ қашып кеткен соң,
Батыр туған Зарлықхан
Толғана мойнын бұрады.
Өзі көрген дүкенге
Қайта жетіп барады.
Бекітулі дүкеннің
Балталап құлпын бұзады.
Киді киім қабаттап,
Шүкір қып Хаққа тұрады.
Шарайна алып қолына,
Суретіне қарады.