Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (20-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

Атаңа нәлет қалмақтан
Сүйтіп бір кегін алады.
Осы қалмақ та дем алмастан
Қобылан үш ай ұрысты дейді.
Хан отырған орданы
Аралап Қобылан қарады.
Қандыаюды таба алмай,
Енді бір таң қалады.
Қандыаюды кетті ме деп,
Шаһардан ізін кесіп қарады.
Бір жерлерге келгенде,
Екі тұлпардың ізін табады.
Қашқанын Қобылан біледі,
Ізінен қуып жөнелді.
Екі күн жүріп соңынан,
Қарасын оның табады.
Артынан келген Қобыланды
Қандыаюдың көзі шалады.
«Енді, қашсам, қашты дер,
Әруағым менің басты дер»,—деп,
Қандыаю күтіп тұрады.
Құбылып ойнап жер басып,
Төрт аяғын тең басып,
Торыша атпен Қобылан
Қасынан келіп құлады.
Сонда тұрып Қандыаю
Қобыландыға толғады:
—Сыйлап едім мен,—деді,
Сыйлағанды білмедің
Енді, шіркін, сен,—деді.
Ажал айдап келді ме,
Қуып келдің нең?!—деді.
Неше жансыз болсаң да,
Мені көзің көргенде
Өзің түсер көріңді
Қаза берсең не етеді,
Енді, шіркін, сен?!—деді.
—Қандыаю ханым, сен,—деді,
Қашқаның сенің нең?—деді.
Мықты болсаң Қандыаю,
Ақ ордаңның ішінде
Отырсаң не етті, сен?—деді.
Өледі деп мені аяма,
Қолыңнан енді келгенін
Аямай істе сен,—деді.
Кезегін алып Қандыаю,
Атайын деп оңдалып,
Садағын қолға алады.
Кезегін беріп Қобылан,
Қасқайып қарап қалады.
«Торыша аттың басы»,—деп,
Алтын ердің қасы,—деп,
Қақ жүректің басы,—деп,
Өлер жерің осы,—деп,
Садағын тарта қалады.
Атқан оғы дарымай,
Қобыланды аман қалады.
Қобыланға кезек береді,
Қобылан батыр оқталды.
Қобылан батыр ақырып,
Әруағын судай сапырып,
Садағын алып қолына,
Атайын деп қалмақты,
Қобылан енді оқталды.
«Құлаша аттың басы-ай»,—деп,
Шетперлі ердің қасы-ай,—деп,
Қақ жүректің басы-ай,—деп,
Өлер жерің осы-ай»,—деп,
Садағын алып тартады.
Қобыланның атқан оғы
Қалмаққа енді дарыды.
Оғы өтіп қалмақтан
Бір төбені аударып,
Кетіп енді барады.
Оқ тоқтаған мезгілде,
«Оһ!»—деп қалмақ құлады.
Қалмақты енді өлтіріп,
Көңілі әбден тынады.
Қалмақтың туы құлады,
Басын кесіп қалмақтың
Қанжығаға таңады.
Қандыаюдың жолдасы—
Еріп келе жатқан Бекболат
Астындағы қанатты тұлпармен
Қобыланнан аман қалады.
Атаңа нәлет қалмақтың
Төрде отырған сұлуын,
Құбылып тұрған қамқа тон
Тегін олжа қылады.
Қайтуға Қобылан ойлады,
«Ат-ай болса шалсын»—деп,
Ұйқы болса қансын,—деп,
Батыр Қобылан ойлады.
Кегін алып қалмақтан,
Аман-есен көп дүниемен
Еліне келіп құлады.
Бір таңғысы «Қобыланның»
Осы арадан тынады.
Аз айтты деп сөкпеңіз,
Осыменен болады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз