Қобыланды батыр жыры (14-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу
Қалмақтың батыры Қорғанша
Айтулы туған ер екен.
«Қобылан қашан келер»,—деп,
Қарауыл қарап жүр екен.
Торыша аттың басын бұрады,
Атқа қамшы ұрады,
Қайтып елге құлады.
Өзімен қатар қырық ерге
Қобылан хабар береді.
Қырық кісіні ерітіп,
Өзіменен қырық бір
Жасыл туын қолға алды.
Қалмаққа қарсы жорыққа
Енді Қобылан оңдалды.
Шын кетерін білген соң,
Ақзарбап пен Қыдырбай
Батасын беріп қалады.
Мына тұрған Қобылан
Сапар шегіп барады.
Атқа қамшы басады,
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады,
Аспанға шаңы жосады.
Ауыздығы төрт елі
Соққан алтын жүгенді
Астындағы Торыша ат
Қарш-құрш шайнады.
Шапқан сайын Торыша ат
Шабуылға тоймады,
Құбылып басып ойнады.
Қаздарменен қағысты,
Үйректермен жарысты.
Маядай мойнын созады,
Тарта-тарта қалбырап
Алақаны тозады.
Басын тартса, кетеді
Бөксе жағы қырындап.
Ұшқан құстай боп Торыша ат,
Жөнеледі енді пырылдап.
Бұрылмайтұғын Бұрма тау
Бұдан да өтті есен-сау.
Құладын ұшпайтын құла ойдан
Құлазып өтіп барады.
Түлкі жортпас түлейден
Түнде өтіп барады.
Күнін-түнін бір етті,
Атаңа нәлет қалмаққа
Жетуіне серт етті.
Шалбарының балағы
Сала құлаш масаты.
Жел соққан сайын жалпылдап
Тұлпардың аузынан шыққан ақ көбік
Жауған қардай жарпылдап,
Сауытының шашағы
Тұс-тұсына жаудырап,
Екі беті албырап,
Қобылан батыр келеді
Қалмақтың енді еліне.
Бір қараны көреді,
Бұл қараны көрген соң,
Торыша атпен Қобылан
Қараға қарай жөнелді.
Құйындай болып бұрқырап,
Көзді ашып жұмғанша,
Қасына қалмақ құлады.
Шетпер тоқым тоқынған,
Жезіне көп шоқынған,
Балдыр-бұлдыр сөйлеген,
Тілін адам білмеген
Бір қалмақтың қасына
Қобылан келіп құлады.
Сонда қалмақ сұрады:
—Жасың бір кіші баласың,
Қаулап бір оттай жанасың.
Атың да болса тер қатып,
Өзің де болсаң түн қатып
Қайда бір кетіп барасың?
—Білмесең қалмақ сен,—деді,
Білдірейін мен,—деді.
Жирен деген көл,—деді,
Итқырылған бел,—деді.
Білдірейін білмесең,
Қыдырбайдың баласы
Қобылан батыр мен,—деді.
—Келеді деп Қобыланды есітіп,
Жолыңнан сенің күткен мен,—деді.
Сен Қобыланның сыртынан
Жеткізіп еді мақтауын:
«Қобыланға әлің келмейді,
Теңдікті Қобылан бермейді».
Батыр туған ер болсаң,
Мықты батыр сен болсаң,
Бір шанышқан найзамды
Ала алмай тұрмын мен,—деді.
Мықты болсаң Қобылан,
Суырып соны бер,—деді.
Қобылан мақұл көреді:
—Найзаңды сенің суырып
Мен бір саған берейін.
Қайдан білсін Қобылан,
Еріп бір соған келеді.
«Менің найзам мынау»,—деп,
Қобыланға береді.
Найзаны Қобылан көреді,
Суырайын деп жақындап,
Қасына соның келеді.
Суырайын деп найзаны,
Қолымен ұстап көреді.
Мына найза, ал, саған
Қозғалмайды деп еді.
«Мынау неғылған найза»,—деп,
Шыныменен суырып,
Қобылан батыр қарады.
Мына найза онда да
Қобыланға болмады.
Қобылан батыр таң қалып,
Енді, шіркін, тұрады.
Он екі қабат шынжырмен
Ол найзаны орады.
Торыша аттың үстінде
Тақымға салып тартады.
Тақымға салып шынжырды
Торыша атқа «шу»,—деді.
Астындағы торыша ат
Бұйым құрлы көрмеді.
Аузын жапқан қара тас
Бәрін соның аударып,
Әр жағында қырық батыр
Бәрін де соның шығарып,
Тастай талқан қылады.