Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (19-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 3 мин оқу

Жағалап ханға қарай барғанда
Темір үйде тұрған Торыша ат
Қыз Құртқаның иісін біледі.
Темір үйді қиратып,
Қыз Құртқаға келеді.
Диуанаға келіп тұрғанын
Торыша атты уәзірлер көреді,
Ханға хабар береді.
Естіген соң бұны хан:
—Иә, Қобыланның өзі шығар,
Иә, көзі шығар,
Жылдам алып кел,—деді.
Хан айтқан соң уәзірлер
Диуананы қамады,
Қамшыменен сабады,
Ханға алып келеді.
Диуананы көрген соң,
Енді ханың сөйледі:
—Сен Қобыланның өзімісің,
Иә, көзімісің?
Мына Торыша ат саған
Қалай келіп тұр?—деді.

Диуана:

—Әй, тақсыр хан,—деді,
Ақылың артық жан,—деді.
Қобылан қандай, мен қандай
Көзіңді маған сал?—деді.
Қашаннан менің кәсібім
Ел қыдырып жүремін,
Ел қыдырып жүргенде,
Қобыланның да еліне барып ем,
Осы тұрған Торыша ат
Ауру екен ол сонда,
Торыны бағып ауруынан жазып ем.
Сол себептен Торыша ат
Исімді менің біледі.
Темір үйді қиратып
Келуі де сол еді.
«Сонда қандаймын,
Мұнда қандаймын?»—
Деп тұрғаны бұл—деді.

Сонда хан тұрып:—Торының тілін сен білесің бе? Білсең осыны бізге бағындырып бер,—деп, хан диуанаға жабыса кетті.

Ханның бұл сөзін мақұл көреді,
—Алдияр, тақсыр хан,—деді,
Тіліңді сенің алайын,
Сөзіңе құлақ салайын.
Торыша атты саған бір
Бағындырып берейін,—деді.
Қырық құлаш арқанмен
Торыша атты маған бер,—деді.
Бір ай бағып, баптап торыны
Үйретіп саған берейін.
Ас пісіретін күңің мен
Ақ отау және бер,—деді.
Ақ отауын алады,
Торыша атты жетелеп,
Намаз ақшам болған соң,
Күн ұяға қонған соң,
Қаланы тегіс аралап,
Торыменен жүремін.
Біреуі есігінен,
Біреуі тесігінен қарап,
Неғып жүрсің демесін.
Торыша ат онда бағынбайды,—деді.
Тілін мұның алады,
Елге хабар салады.
Осының бәрін тамамдап,
Қыз Құртқа көшіп барады.
Ақ отауды тігіп ол,
Торыша атты бағады,
Торының бабын табады.
Намаз ақшам болған соң,
Күн ұяға қонған соң,
Торыға мініп қыз Құртқа,
Шаһардан енді қарады.
Қобыландыны таба алмай,
Бірнеше күн өтеді.
Тарығып Құртқа жылады,
Неғыларын біле алмай,
Жүрген сайын көшенің
Бәрін де жазып алады.
Араламаған көшені
Күнде келіп аралады.
Бір күндері болғанда,
Ызыңдаған бір дауысты
Құртқаның құлағы шалады.
Қобыландай батырдың
Жалғыздық түсіп есіне,
Тарығып жатқан жері екен.
Алдынан өскен аға жоқ,
Артынан өскен іні жоқ.
Енді ойлап қарасаң,
Жалғыздықтан міні жоқ.
«Осылай болып өттің бе,
Дүние боқ?!»—деп,
Налыған жері екен.
Осы шыққан дауысқа
Атының басын қыз Құртқа
Енді оңдап бұрады,
Дауысқа қарап құлады.
Қобыланның дауысын
Қыз Құртқа енді таныды.
Қасына келіп Қобыланның:
—Жайың қалай батыр?—деп,
Құртқа жайын сұрады.
Құртқаның танып дауысын
Қобылан хабар қылады.
Айтпаса да дауысын
Енді Қобылан таныды.
—Шығарасың не қып зынданнан?
Торыдан басқа, енді, мал
Шығармайды,—деп еді.
—Әкеліп тұрмын Торыны,—деп,
Құртқа хабар береді.
Қырық құлаш арқанды
Қыз Құртқа Қобыланға береді.
—Ұстадың ба, батыр?—деп,
Сырттан хабар береді.
Арқанды алып қолына
Енді Қобылан орады.
—Ұстадым,—деп,—арқанды,
Құртқаға хабар қылады.
Бұйым құрлы көрсін бе,
Сондай болған батырды
Шу деген соң Торыша ат
Жер бетіне шығарды.
Әйел де болса жолдасы
Осындай амал қылады.
Аман-есен тірі екен,
Бірі аттылы, бірі жаяу
Отауға қарай құлады.
Ас пісірген күңіне:
—Кәмелетке Қобылан келсін,—деп,
Ұйқысы болса қансын,—деп,
Батыр тыным алсын,—деп,
Дүниені береді.
Бір ай енді толған соң,
Уағдалы күні болған соң,
Батырдың атын береді.
Мына тұрған қыз Құртқа
Баяғы желмаяның қылын тұтатты.
Иісімен желмая
Құртқаға келеді.
Баяғы дүниені киініп,
Батырменен қоштасып,
Желмаямен қыз Құртқа
Еліне қарай жөнелді.
Қобылан Торыға мінеді,
Бес қаруды іледі.
Кек алмақ болып қалмақтан,
Шетінен тиеді.
Айқайды Қобылан салады,
Айқайлаған дауысы
Айшылық жерді алады.
Қолына алды қылышты,
Батыр салды ұрысты.
Шанжау-шанжау шыққанын
Шаншып кетіп барады.
Алқалы дуды көргенде
Ақ қылышты қолға алып,
Шапты жауға оңдалып.
Алдын қырып тастаса,
Арты басым болады.
Өлгенінің орнына
Өлмегендер толады.
Мезгіл-мезгіл Қобыланды
Енді ортаға алады.
Үстіне салған торларды
Үзіп кетіп барады.
Қасқырдай болып құтырып,
Қақпасын бұзып қаланың,
Қиратып кетіп барады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз