Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (6-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

—Жайшы деген бір кемпір
Сонда тірі жүр,—деді
Алдырмаса тап соны
Туа алмайды бұл,—деді.
Орақтың үлкен баласы
Қарасайға хабар бер,—деді.
Шақырып соны келеді.
Шақырған соң Қарасай
Енді бір еріп келеді.
Қараүлек:
—Айналайын, Қарасай,
Қара атыңа мін,—деді.
Тастамай қару іл,—деді,
Дүбір-дүбір жел,—деді.
Осы арадан сол кемпір
Үш күншілік жер,—деді.
Хабарды соған бер,—деді
Шақырып алып кел,—деді.
Мына тұрған Қарасай
Қараүлектің тілін алады.
Қараша атқа ер салып,
Барайын деп оңдалды.
Үш күншілік жер еді,
Үстіне соның келеді.
Бір-ау сайдың бойынан
Түтін шықты деп еді.
«Не қылған бұл түтін»,—деп,
Қарасай соған келеді.
Кемпірдің жолым үйі сол еді,
Қарасай хабар салады.
Хабарды кемпір есітіп,
Енді шықты далаға.
Көзінің алды іріңдеп,
Буындары дірілдеп,
Баланы кемпір көреді.
Мына тұрған Қарасай,
Кемпірге сәлем береді.
Сонда тұрып кемпірің
Қарасайға сөйледі:
—Айналайын, жас бала,
Істеген ісің масқара.
Қайсы байдың ұлысың,
Білдірсең маған,—деп едім.
Сонда тұрып Қарасай:
—Мен Орақтың баласы-ай,
Іздеп келдім мен сені,
Шеше-еке, енді шамасы-ай.
Қыдырбайдың алған Ақзарбап
Күндіз-түні ал зарлап
Таба алмады баласын.
Сол үшін келдім сізді іздеп.
Сонда тұрып бұл кемпір
Тас бұлақтың басында,
Алтын астау қасында
Қарақасқа тұлпарым
Менің енді бар,—деді.
Алып келші, балам-ай,
Барайын енді, мен,—деді.
Осы тұрған Қарасай
Бұлақтың келді басына,
Тұлпардың келді қасына.
Ұстайын деп оқталса,
Азырақ тұлпар қымсынып,
Жаратпағандай болады.
Ұстатпаған соң бұл тұлпар,
Қамшыменен бір соғып,
Қарасай ұстап алады.
Осы тұрған кемпірің
Нұсқағанын көріп батырдың
Жаны шығып кеткендей болады.
Кемпір де келіп қалады,
Қарақасқа тұлпарды
Жетелеп үйге барады.
Ер-тоқымын салады,
Қарақасқа тұлпарды
Енді кемпір мінеді.
Қарасаймен екеуі
Елге қарап жүреді.
Екеуі соның жарысса,
Қарақасқа тұлпармен
Кейін қалған Қара атты
Кемпір тосып алады.
«Бір жылқыдан қалдың,—деп,
Атым бар деп не етейін.
Басыңды кесіп кетейін»,—
Деп ашуланды Қарасай.
Кемпірдің көзі көреді
Қарасайдың ашуланғанын.
Айналып кемпір келеді,
Қарасайға сөйлей береді:
—Әй, Қарасай, Қарасай,
Ердің Орақ баласы-ай,
Түріне сөздің қарашы-ай,
Сенің әкең қанды Орақ
Менің кіндік балам-ай.
Орақ пенен екеуміз
Талай салдық шабуыл
Бұл арада біз,—деді.
Қара қасқа тұлпардан
Қара, сірә, қалады.
Қашаннан мәлім бұл,—деді,
Ашуыңды, батыр, бер,—деді.
Мына тұрған Қара атты
Қысқа күнде қырық шауып,
Қара терге боялып,
Шапты талай бұл жерде.
Сенің енді ауылың
Астыңдағы Қара атқа
Үш күншілік жер,—деді.
Қарақасқа тұлпарға
Бір күншілік жер,—деді.
Қарағым, бұл айтқаным шын,—деді,
Ұлықсат маған бер—деді.
Кете берейін мен,—деді,
Асықпа енді, құлыным,
Келерсін кейін сен—деді.
Осы тұрған Қарасай
«Бара бер» деп кемпірге
Енді ұлықсат береді.
Намаз ақшам болғанда
Аман-сау кемпір келеді.
Дөдегеге ат байлап,
Үйге енді кіреді.
«Ел көшті, жау жетті» деп,
Етегімен қағады.
Толғақ деген бұйым ба,
Бұ да бізге қиын ба?—
Деп, кемпір сыртын
Бір сипап қарады,
Қарады да сынады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз