Қобыланды батыр жыры (9-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 4 мин оқу
Елші енді Қыдырбайдың еліне келеді. Кіргенін бір кісінің Қыдырбай көреді.
Бір қонақтың қонғанын,
Бір сұмдықтың болғанын
Қыдырбай енді біледі.
Жөнін сұрай елшінің
Енді Қыдырбай береді.
—Қыдырбайдың ұл туған,
Өтірік емес, шын туған,
Айы күні бір туған,
Желі тұрған оңынан,
Дұшпаны қашқан жолынан
Туды деп сенен есітіп,
Енді, шіркін, Қобылан
Хабар бере мен келдім.
«Қыз Құртқаны алам»,—деп,
Жатыр қамап көп қалмақ.
Қобыланға хабар саламын,
Қобыланды ертіп елге барамын.
Қыдырбай мақұл көрмеді,
Елшіге Қыдырбай сөйледі:
—Өлгенде көрген жалғызым,
Маңдайдағы құндызым,
Төбедегі жұлдызым,
Қобыланнан аулақ жүр.
Омыртқасы өскен жоқ.
Қабырғасы қатқан жоқ,
Жауды Қобылан көрген жоқ,
Мәнісін жаудың білген жоқ.
Баяғы тұрған елшіні
Қамшыменен сабады,
«Қобыланнан аулақ жүр-ай»,—деп.
Өлтіруге қарады,
Мойнына арқан салады.
Сол уақытта үйден шығып Ақзарбап:
—Не болды саған, алғаным,
Төсекті қағып салғаным?!
Елшіге өлім жоқ еді,
Алжыдың ба сен?—деді,
Бір шыбықтай қанын,
Бір шыбындай жанын
Жан саулыққа береді.
Айтқанына Зарбаптың
Енді шалың көнеді.
Күншілік жерге шығарып
Бұл елшіні жіберді.
«Енді қайтып келме»,—деп,
Елшіге хабар береді.
Елші кетіп қалған соң,
Шалың үйге барады.
Кемпір менен шалыңыз
Ақылдасып қарады:
—Мына тұран Қобыланды
Енді қайда бағамыз,
Қалайша айла табамыз?!
Есітсе жаудың хабарын,
Қобылан кетіп қалады.
Кемпір менен шалыңның
Енді тапқан ақылы:
«Кел не етелік, не етелік,
Жылқы баққан құлдарға
Баланы алып екеуміз кетелік.
Біз құлдарға баралық,
Құлағына салалық,
Қобыланға енді мықты бол.
Еті мұның сенікі,
Сүйегі болсын біздікі.
Тіліңді Қобылан алмаса,
Ортаға алып сабаңдар,
Бәрің бірдей қамаңдар.
Қобыландай баланы
Кешке қарай жатқанда
Орталарыңа алыңдар.
Кілем жауып үстіне,
Іргесін басып жатыңдар».
Осының бәрін көп айтып,
«Еш адамды Қобыланға
Жолықтырма» деп айтып,
Қодарқұл мен Оспанқұл,
Көктөбет пен Қаршабай,
Тапсырдым,—деді,—саған-ай.
Мықты болың, қарағым,
Сенің енді еңбегің
Ойыма мен аламын,—
Деп кемпір-шалдар қайтып кетеді.
Бұл осымен тұрсын. Ендігі хабарды елші мен Көктен кемпірден тыңдайық.
Кемпірдің елшіге айтқаны:
—Қобыланнан хабар алдың ба?—
Деп кемпір елшіден сұрады.
Елшінің айтқан сөзі:
—Бере алмадым хабарды,
Қыдырбай ұстап алады.
Мойныма арқан салады,
Қамшыменен сабады.
Бармақ түгіл жан қайғы,
Хабарсыз Қобылан қалады.
Осыны естіп Көктен,
Өзі естіртуге қарады.
Көктен жеті түрлі тілді біледі екен,
Жеті түрлі сүгіретке кіреді екен.
Осы тұрған Көктенің
Бермек боп хабар Қобыланға,
Алтайы қызыл түлкі боп,
Қобыланға жөнелді.
Болып түлкі келеді,
Бір шетінен елінің
Қобыланның кіреді.
Елін жүріп жағалап,
Таба алмады баланы.
«Енді қайда кетті?»—деп,
Көп жылқыға барады.
Сол арада Қобыланды
Енді тауып алады.
Түлкінің енді келгенін
Қобылан бала көреді.
Балалықтың зарпынан
Жетпеймін деген ойы жоқ,
Түлкіні жаяу қуып барады,
Баладан құлдар айырылып қалады.
Тоқсаны мініп тоқсан ат,
Жан-жағына қарады.
Түлкі қуған баланы
Біреуі тауып алады.
«Кетесің неғып жаяу»,—деп,
Баланы ұстап алады,
Бәрі ортаға қамады.
Ықтиярсыз баланы
Қосына алып кетіп барады.
Кешегі Көктен ойында
Қобылан хабарсыз екені қалады.
Екінші түнде Көктен кемпір
Бір сұлу қыз болып барады.
Балаға хабар салады:
—Қобылан батыр, ер,—деді,
Жатқаның сенің нең?—деді.
Дәнеңе жоқ ойыңда,
Жатырсың құлдың қойнында.
Жар қосағың Құртқаның
Қайда екенін білдің бе,
Енді, шіркін, сен?—деді.
Жар қосағың Құртқаны
Аламын деп қоршап жатыр ел,—деді.
Білмейсің мұны сен,—деді,
Хабар бере келдім мен,—деді.
Менің балам сен едің,
Жар қосағың Құртқаны
Өзің тірі тұрғанда
Қалмаққа неғып бересің?!
Құрбы менен құрдастың
Бетін неғып көресің?!
Ендігін өзің білесің,—деп,
Ғайып боп кемпір жөнелді.
Қобылан енді тұрады,
Беті-қолын жуады,
Қынайы белін буады.
Ойына түсіп бір нәрсе,
Бұрынғыдай болмады.
«Көп жылқының ішінен
Мінетін тұлпар бар ма?»—деп,
Енді Қобылан қарады.
Бір жерде көрді аланы,
Ұстап алып Қобылан
Мініп бір енді қарады.
Әу деген жерге жарамай,
Етпетінен құлады.
Мұны тастап бұл бала,
Тағы да тұлпар қарады.
Бір жерге келіп Қобылан,
Бір торыны ұстап алады.
Оны да мініп қарады,
Бұ да құлап қалады.
Өтірік болса өзіне,
Кенелтейін сөзіне.
Сол арада Қобыланнан
Алты жылқы өледі.
Бір мезгілдер болғанда,
Жылқының құбыла жақ шетінен
Бір аланы көреді.
«Бір мінуге осы жарар»,—деп,
Қасына бала келеді.
Бұғалық салып жіберді,
Бір тигізбей табанын,
Баланы алып жөнелді.
Өлдім-талдым дегенде,
Өштім-жандым дегенде,
Кеттім-бардым дегенде,
Осы тұрған аланы
Өзіне қаратып алады.
Басына жүген салған соң,
Азырақ жал алады.
Осы тұрған алаға
Астына тоқым салады.
Басында бар малақай,
Астындағы ала тай.
Тал құрығы қолында
Алмақ болып Құртқаны
Түсті соның соңына.