Қобыланды батыр жыры (8-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу
Бұнымен Қобылан осылай тұра тұрсын. Ендігі сөзді Көктен кемпірдің жалғыз қызы Құртқа жайында айтайық. Бұның сұлулығын адамзатта бар деп айтуға болмайды. Екеу болса бірі болған, біреу болса өзі болған. Жүз көріктік болса, тоқсан тоғызы мұнда болған. Сонда қалмақтың ханы Қанабоздың да құлағына Құртқаның сұлулығы шалынады. Қанабоз естіген соң, өзінің халқына хабар салды. Халқын Қанабоз жинап алды:
—Кел Құртқаға барамыз,
Берсе де, бермесе де
Біз тартып аламыз.
Қанабоз алты жасар баласын
Азамат қылып мінгізді.
Алты жасар аттарын
Арғымақ қылып мінгізді.
Қарамағындағы халқына
Хабарын тегіс білгізді.
Құртқаға Қанабоз аттанды,
Әскерін қырмен жүргізіп,
Әдірнеден оқ алды,
Сахырнадан жақ алды.
Аттанып қалмақ келеді
Көктен кемпір еліне.
Көктен көріп әскерді,
Таң-тамаша қалады.
Көктен шығып алдынан,
Жөндерін олардың сұрады.
Ұялсын ба бұл қалмақ
Білгенін баян қылады:
—Қанабозды күйеу қыл,—деді,
Қанабозға қызыңды бер,—деді.
Мына отырған Қанабоз
Еш адамнан кем емес,
Қызыңды осыған бер,—деді.
Амал жоқ бұған көнеді,
Бермейміз деуге әлі жоқ,
Қалмақты қонақ қылады.
Болдым деп алмақ Қанабоз,
Қуанып енді тұрады.
Көктен келіп бір күні,
Қанабоздан сұрады:
—Қанабоз батыр, ер,—деді,
Қызымды саған беремін,
Қызыммен сен қатар тең,—деді.
Сенен мықты адам жоқ,
Сенен батыр адам жоқ.
Отыз күн ойын қыламын,
Қырық күн тойын қыламын,
Жұрттың бәрін жиямын.
Беремісің ұлықсат,
Сұрай келдім мен?—деді.
Осы тұрған Қанабоз
Бұған бір мәз болады.
Бұл кемпірдің сөзіне
Қанабоз әбден нанады.
«Істей бер,—деп,—тойыңды,
Шақыра бер,—деп,—еліңді»,
Қанабоз ұлықсат қылады.
Қанабоздай батырдың
Ұлықсатын алады.
Осы отырған Көктенің
Бір адамға хабар салады:
—Бір тұлпарға мін,—деді,
Тастамай қару іл,—деді.
Ұйқыңды, қалқам, бөл,—деді,
Ноғай деген халық бар,
Барып бір хабар бер,—деді.
Ноғайдың ханы Шынтемір
Берейін соған бір қағаз,
Алып барып бер,—деді.
Бүтін ноғай баласы
Қалмастан келсін шамасы.
Онан шығып жағалап,
Итқырылған белінде,
Жирен деген көлінде
Қыдырбайдан туды,—дейді,—Қобылан.
Бес-ақ жасар күні еді,
Алтыға қарап келеді,
Осы тұрған Қобыланға
Арнап хабар бер,—деді.
Зәуелім шайтан болмаса,
Құртқамды Қобылан алар,—деп еді.
Баяғы тұрған елшіңіз
Қолына қағаз алады,
Ноғайға қарай жөнелді.
Намаз ақшам болғанда,
Шынтемірге құлады.
Дөденеге ат байлап,
Елшің үйге енеді.
Төрде отырған Шынтемірге
Келіп сәлем береді,
Сәлемін құптап алады.
Қолындағы қағазын
Шынтемірге береді,
Хатты алып Шынтемір,
Оны ашып оқиды.
Қолына алып хат жазған,
Ноғай деген ат жазған.
«Қапыда қалма, сен, ноғай,
Келіп жатыр көп қалмақ
Аламын деп қызымды,
Батырыңа хабар бер,—деді,
Батыр бәрін жинап кел»,—деді.
Сол уақытта Шынтемір
Мұны мақұл көреді.
Жаңбыршыдан туған Телағыс
Соған хабар береді.
—Айналайын, ер Ағыс,
Бір тұлпарға мін,—деді,
Қаруыңды енді іл,—деді,
Ноғайлыға хабар бер,—деді.
Ағыс атқа мінеді,
Айсаның ұлы Ахмет
Бұған да хабар береді.
Көкшенің ұлы Қосайға
Бұған да хабар береді.
Ақшабай ұлы Төрехан
Бұған да хабар береді.
Жаманбайдың баласы
Әуезге де хабар береді.
Көрұғлының баласы
Бозайға да хабар береді.