Қобыланды батыр жыры (3-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу
Қырық күні толады,
Осы тұрған Ақзарбап
Болуға жерік қарады.
Көзі оттай жайнады,
Зығыры мұның қайнады.
«Неғылам» деп Ақзарбап,
Енді шіркін ойлады.
Жерде жатқан жыланды
Қолына алып шайнады,
Жерігі бұған қанбады,
Кесірткедей болмады.
Жеті күн жатып далада,
Ал жалаңаш аунады.
Қоңыр күздей болмады,
Жерігі бұған қанбады,
Күннен-күнге зарлады.
Ұланға жеріді, бұланға жеріді,
Жерігі бұған қанбады.
Тау басында қара тас
Қатұр-құтыр шайнады,
Қатты құрттай болмады.
Жерігі қанбай Ақзарбап,
Екі көзі жайнады.
«Мына тұрған, Қыдырбай
Жерік асым тап-ай»,—деп,
Ойға-қырға айдады.
Тағы тұрып Ақзарбап
Қыдырбайға толғады:
—Енді менім алғаным,
Төсекті қағып салғаным,
Тағы да мен айтайын,
Айдаһардың жүрегі
Соған болдым жерік, мен,—деді,
Соны тауып бер,—деді.
Осы тұрған Қыдырбай
Неғыларын біле алмай.
Алпыстан асқан жасы бар,
Келер ме бұл іс қолынан.
Сол уақытта Қыдырбай
Көктен атқа мінеді-ай.
Сапар шегіп, жол тартып,
«Қарға бойлы Қазтоған,
Өзі тоқсан жасаған,
Азу тісі босаған,
Айдаһарды Қазтоған
Білер ме екен осы»,—деп,
Қыдырбай келіп құлады
Қазтоғанның аулына.
Сол уақытта Қазтоған
Көп жасаған көне еді.
Жез құманы қолында,
Дәрет алып жүр еді.
Бір қараны Қазтоған
Енді көзі көреді.
Кім екенін білуге
Аз кідіріп тұрады.
Айтып ауыз жұмғанша,
Ескен бір желдер тынғанша
Қыдырбай келіп құлады.
Үлкен еді Қазтоған,
Сәлем бір берді ал соған.
Осы тұрған Қазтоған:
—Айналайын, інім-ай,
Жоқ еді сенің мінің-ай.
Сенсіз сірә, жоқ еді,
Қарағым, менің күнім-ай.
Мінбейтін атты мініпсің,
Мезгілсіз уақытта
Енді, інім, жүріпсің.
Қарасып қалды «інім» деп
Жұмысын оның сұрады-ай.
Сонда тұрып Қыдырбай
Бұған бір жауап қылады:
—Біздің үйдегі келінің
Жерік асы табылмай,
Ініңді енді айдады-ай.
«Айдаһардың жүрегі
Жерік болдым,—дейді,—соған-ай».
Айдаһарды Қазтоған,
Көрдің бе,—деп,—енді сен,
Сұрай келдім соны мен.
Сонда тұрып Қазтоған
Айтады жауап ал соған.
—Ал, қолыңнан Қыдырбай,
Келмес деді мына іс.
Тұзбайырдың тауынан
Көріп едім айдаһар,
Сонан енді, мен,—деді.
Тұзбайырдың тауында
Айдаһар сонда бар,—деді,
Тілімді менің ал,—деді.
Бір келсе, келер қолынан
Айсаның ұлы Ахмет,
Былайғы ерден тақыл ет.
Бір жаулардың ішінде
Балтаны алпыс сындырған,
Дұшпанның көңлін тындырған,
Артық бір туған ер еді.
Бір, әй бір келсе, соның қолынан
Келсе, бір келер деп еді.
Соған да хабар бер,—деді.
Көкмойнақ аты астында,
Құралай бөркі басында,
Көкала тазы соңында,
Көк қаршыға қолында,
Дәл жиырма бес жасында,
Көптен де бері жау көрмей,
Аңсырап жүрген ер,—деді.
Бір келсе, келер соның қолынан,
Соған да хабар бер,—деді.
Осы тұрған Қыдырбай
Тілін бұның алады,
Сөзіне құлақ салады.
Басын аттың бұрады,
Атына қамшы ұрады.
Айтып ауыз жұмғанша,
Ескен желдер тынғанша
Аңызақ болып, шөл болып,
Сағым болып, жел болып,
Қыдырбай келіп құлады.
Айтқаны мұның шын екен,
Ен даланың бойында
Ит жүгіртіп, құс салып,
Аң аулап Ахмет жүр екен.
Қыдырбай келді қасына,
Пәруана болды басына.