Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (7-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда кемпір тағы толғады:
—Қырық бірдей тұлпарды
Жылқыдан ұстап кел,—деді.
Ақ киімді киіңдер,
Қырығың атқа мініңдер.
Жау да келіп қалды,—деп,
Елді жау алды,—деп,
Айқайды сендер салыңдар.
Қырық тұлпардың дүбіріне тумаса,
Туа алмайды бұл,—деді.
Дүбірлі туған ер,—деді.
Қырығы атқа мінеді,
Қырық тұлпардың дүбірі
Көтеріп жерді барады.
Баяғы тұрған Ақзарбап
Баланы енді табады.
Ақ жібекке орады.
Алдына төрдің қояды.
Толғақ деген бұйым ба,
Бұ да бізге қиын ба?!
Ішін сипап қарады.
Аш күзендей бүгіліп,
Тал шыбықтай бұралып,
Бір қыз туа қалады.
Құдіретіне Құдайдың
Енді, шіркін, қарашы!
Баласы жоқ Қыдырбай
Бір ұл, бір қызды болады.

Қыдырбай балаларының туғанына үлкен той жасайды. Тойға келген көп халыққа Қыдырбай:—Сәбилерге ат қойып беріңдер,—деді.

Ат қоюға таласып,
Біреуі оны қояды,
Біреуі мұны қояды,
Бір-біріне көнбей тұрады.
Оныменен қоймады,
Шығаруға жанжал ойлады.
Қолыңа дойыр аласың,
Төбелесті сендер саласың.
Біреуің өліп қаласың,
Жанжалға мені қоясың.
Қойылмаса аты бұл қалсын,
Халқым, енді тарашы?!
Піштана болып тұрады,
Қыдырбай енді жылады.
Балалардың атын қоя алмай,
Арманда енді болады.
Енді көзін салып қараса,
Садақа енді сұраған
Бір диуана келіп құлады.
Қыдырбай диуанаға келеді:
—Айналайын, диуана,
Кел соңымнан ер,—деді.
Екі бірдей сәби бар,
Атын қойып бер,—деді.
Не болады даң,—деді,
Шашылсын бір мал,—деді.
Қалағаныңды, диуана,
Менен енді ал,—деді.
Диуана үйге кіреді,
Екі бірдей баланы
Диуананың көзі көреді.
Қолына алып баланы,
Диуана сөйлей береді:
—Қояйын атыңды, шіркін, мен,—деді.
Шаппай ізі жосылған,
Желі тұрған оңынан,
Дұшпаны қашқан жолынан
Аты болсын,—деді,—Қобылан.
Қандай қиын қарындас,
Баурың өлді дегенде
Шыдамайды екен тумалас.
Шыдамайды адам бауырға,
Шыдамайды түйе жауырға.
Қобыландыға қарындас—
Аты болсын Қарлығаш.
Екі бірдей сәбидің
Атын қойып болады.
Дүниені не қылсын,
Ғайып бір ерен қырық шілтен
Екен бір енді бабасы.
Көзіне жұрттың көрінбей,
Ғайып болды диуана.
Енді халық тарады,
Атын қойып баланың,
Қыдырбай көңілденіп алады.
«Мына тұрған сәбиді
Саламыз,—деп,—бесікке»,
Қатындар шуды салады.
Алтыннан құйған бесікке
Қатындар баланы салады.
Қақпаның аузын кең ашып,
Шашуды Ақзарбап шашады.
Сонша келген қатындар
Дүниеге қарық болады.
Мына тұрған Қобыланның
Кереметін көрсейші,
Алтыннан құйған бесігі
Қобыландыға жарамай,
Енді сынып қалады.
«Мұндай да жан болар ма?»—
Деп, көргендер таң қалады.
Халайық барлығы тарады.
Бұл бала туған соң,
Бір жасында бірленді,
Екі жасқа келгенде,
Онан жаман түрленді.
Үш жасына келгенде,
Үшкілсіз көйлек кимеді,
Берен тонға симады.
Көлденеңнен көрген жан
Оның сипатына тоймады.
Он бес асық, қос топай
Балаң алып қолына,
Ойнайын деп ойлады.
Алтыннан құйған тақыр бар,
Қасындағы балалардың
Асығын енді қоймады,
Бәрін ұтып алады.
Онан да асып бұл бала
Төрт жасына барады.
Берен бір тонға симады,
Белгілі ермен тең болды.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз