Қобыланды батыр жыры (5-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу
Көкмойнақтың сыпырып
Енді ерін алады.
Алтын қазық қағады,
Жібек арқан тағады,
Мақпал жабу жабады.
Бес қаруын жастанып,
Ахмет ұйықтап қалады.
Бір күн өтіп арада,
Екінші күні бір дауыл
Кереметтей болады.
Жерде жатқан дүниені
Ұшырып кетіп барады.
Мұндай желді адамзат
Көрмегендей болады.
Оныменен қоймады,
Аспаннан жауды тас бұршақ,
Атқан оқтай болады.
Жүрген енді жәндікті
Қырып кетіп барады.
Бұл неғылған керемет,
Батыр бір таң қалады.
Түрегеліп орнынан,
Қынайы белін буады.
Қынабы алтын ақ қылыш
Батыр бір қолға алады.
Қынапқа салса, бір құлаш,
Суырып алса, қырық құлаш
Енді қылыш болады.
Қылышты қолға алады
Осы тұрған Ахмет.
Етек бір жеңін түрініп,
Не болса да көрейін,
Інге барып келейін,
Жаяу бір талап қылады.
Келе жатса Ахмет
Шыққан екен айдаһар.
Айдаһар да көреді,
Ахмет те көреді.
Көрінгенсін Ахмет,
Лебімен тартып жөнелді.
Қолындағы ақ қылыш
Қолына ұстап Ахмет
Енді кетіп барады.
Қолындағы ақ қылыш
Тауға салса, тас алған,
Шаш ал десе, бас алған.
Салса кеткен білінбей,
Көзіне жұрттың ілінбей,
Нарға салса бүлк еткен.
Сол қылышты ұстап ап
Ахмет кетіп барады.
Лебіменен айдаһар
Ахметті алады.
Қанша батыр болса да,
Лебіне оның шыдамай,
Ахмет кетіп барады.
Қолындағы ақ алмас
Сырылдатып маңдайын тіледі.
Тала жаздап Ахмет
Аман-есен қалады.
Айдаһарды екіге
Жарған екен ақ алмас.
Түре келсе Ахмет
Екі жағы екі тау,
Ахмет қалды есен-сау.
Құдай бір тілек береді,
Жерік асы табылып
Ақзарбаптың қолына келеді.
Айдаһардың жүрегін
Енді Ахмет арқалап,
Құйымшағы қайқалап,
Орнына қайта келеді.
Осы тұрған жүректі
Бал қоспаққа таңады.
Көкмойнақ атқа ер салып,
Қайтайын деп оқталып,
Ахметтей батырың
Елге бағыт бұрады.
Өзінің келген ізімен
Ахмет қайтып барады.
Іздеген асы табылып,
Абыройы жабылып,
Қуанышпен кетіп барады.
Ақзарбаптай жеңгесі
Қайнысын жеті күншілік жерден күтіп тұрады.
Аман-есен қайнысы
Ақзарбапқа құлады.
Баруға үйге шыдамай,
Түйедегі жүректі
Ақзарбап енді алады.
Қоламтаға далада
Сол жүректі салады.
Шала-пұла пісіріп,
Жүректі жеп алады.
Жерігі мұның қанады.
Жүректі жеп алған соң,
Көзі оттай жанады.
Қайнысына енді еріп,
Үйіне қайтып барады.
Намаз ақшам болған соң,
Үйіне қайтып құлады.
Жіп бұйымды жиып ап,
Жібек бұйым жаяды.
Қайнысын тағы қонақ қылады,
Мақсаты оның болады.
Осы тұрған Ақзарбап
Жерігі оның қанған соң,
Тоғыз ай, он күн толған соң,
Кетті іші қампайып,
Бұты кетті талтайып.
Бір баланың зарпынан
Отыра алмады жантайып,
Өлгенде көрген баланың
Қозғалады миы деп.
Алдындағы бұтаны
Бұталатып жұлғызып,
Жерді тегіс қылады.
Тоғыз ай, он күн толған соң,
Толғатуға қарады.
Алтыннан бақан құрады.
Қасындағы көп халық
Енді хабар қылады,
Жиылып бәрі тұрады.
Сонда дағы Ақзарбап
Таба алмады баланы.
Сол уақытта Ақзарбап
Орақ, Мамай шешесі
Қараүлекті алдырды.
Осы тұрған Қараүлек:
«Ел көшті,—деп,—жау жетті»,
Етегімен қағады.
Сонда дағы Ақзарбап
Таба алмады баланы.
Мына тұрған Қараүлек
Көпті көрген көне еді.
Әрбір жерін сипалап
Ақзарбаптың көреді.