Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (2-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

Жылап жатып екеуі,
Азырақ ұйықтап қалады.
Түрегеліп орнынан,
Беті-қолын жуады,
Қынайы белін буады.
Маңғыстаудың ойы еді,
Қажыса болат сынады,
Өліп-талып кемпір-шал
Маңғыстаудың ойына
Келіп бір енді құлады.
Көлдің барып басына
Барып бір түнеп қалады.
Білінбеді еш нәрсе,
Бұрынғыдай болады.
Түрегеліп орнынан
Қайтадан келіп Айқын көл
Қасына келіп құлады.
Дәретін алып көлдің басында,
Қыдырбай соның басына.
Пәруана болды Құдай-ай,
Кемпір мен шалың жылады.
Күні-түні зар қағып,
Бір баланы Құдайдан
Күні-түні сұрады-ай.
Құбыла сарай бетінде,
Көп бейіттің шетінде
Мәуесі жерге төгілген,
Жапырағы жайқалған
Бәйтеректі көреді.
Кемпір менен шалыңыз
Дәретін алып тағы да,
Бәйтеректің келді қасына-ай.
Шырағын жағып тағы да,
Түнеді келіп басына-ай.
Әлде өтірік, әлде рас
Бұрынғыдан нұсқау осы еді-ай.
Түн ортасы болғанда,
Төбеден жұлдыз ауғанда,
Таң мезгілі болғанда
Көк ешегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Дәретсіз жерді баспаған,
Еш нәрсе бұдан қашпаған
Аян берді осыны-ай.
«Айналайын, балам-ай,
Күні-түні еңіреп,
Келдің бір енді маған-ай?!
Сен тіледің біздерден,
Біз тіледік Алладан,
Қолыңды жай, ал, балам,
Берейін бата саған-ай.
Берейін отыз ұл,—дейді,
Көресің бұны бұ қалай?
Атса мылтық өтпеген,
Шапса қылыш кеспеген,
Қарғаса қарғыс жетпеген,
Суға салса батпаған,
Отқа салса күймеген
Берейін жалғыз мен,—деді.
Қайсысын мақұл көресің,
Келін-жан, енді сен?»,—деді.
Сонда Қыдырбай ойлады:
«Отыз ұлды көп қылып,
Берекесін жоқ қылып,
Үй айнала сөз қылып
Неғылайын мен,—деді.
Мылтық атса, өтпеген,
Қылыш шапса, кеспеген
Алайын, сірә, жалғызды,
Енді, шіркін, мен,—деді.
Еңкуге біткен теректің
Екеу болса, бірі еді,
Біреу болса, өзі еді.
Өңкей жақсы қосылса,
Аузындағы сөзі еді,
Алайын жалғызды мен»—деді.
Батасын беріп бабасы,
Ғайып болды көрінбей
Көзіне енді шамасы.
Түре келсе түсі екен,
Түсінде көрген ісі екен.
«Өтірік пе, Құдай, шын ба,—деп,
Пәруана болды-ай Ақзарбап.
Қасындағы Қыдырбай
Енді шіркін алғаны,
Төсекті қағып салғаны.
Бір баланың жоғынан
Қыдырбайдың көп арманы.
—Жатқан бір жерден тұр,—деді,
Беті-қолың жу,—деді.
Құдай бір берді тілекті,
Өтірік емес, шын,—деді,
Сүйіншімді, шалым, бер,—деді.
Түрегеліп Қыдырбай,
«Өтірік пе, шын ба?»—деп,
Жылады байғұс тағыда-ай.
—Не болады мал,—деді,
Бір шашылсын даң,—деді.
Қалағаныңды, Ақзарбап,
Сүйіншіңе ал,—деді.
Сонда тұрып Ақзарбап:
—Үстіме әйел алма,—деп,
Артыма қамшы салма,—деп,
Сүйіншіге соны алады.
Ақылы жоқ Ақзарбап
Дүниені алмай, қалады.
Қайтадан келіп көлдің басына,
Қолдарын, бетін жуады.
Бұрынғыдай емес кемпір-шал,
Енді бұлар қунады.
Өзінің келген ізімен,
Көк майсаның жүзімен
Елге сапар қылады.
Күндіз-түні жол жүріп,
Өлдім-талдым дегенде,
Өштім-жандым дегенде,
Кемпір менен шалыңыз
Қажыса болат сынады.
Аман-есен кемпір-шал
Еліне келіп құлады.
Төбел бие сойдырып,
Осы тұрған кемпір-шал
Садақасын қылады.
Кемпір менен шалыңыз
Бұрынғыдай толмады,
Енді екеуі қунады.
Қунады демей не дейін,
Кемпір менен шалыңыз
Тай-құлындай тебісіп,
Аузы-басын өбісіп,
Қалды дейді келісіп.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз