Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (13-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 3 мин оқу

Есітеді мұны Сыпыра.
Сыпырадай жырауың
Көп жасаған көне еді.
Екеуінің сөзін есітіп,
Сыпыра жырау келеді.
Қыдырбайға ал келіп,
Сыпыра жырау сөйледі:
—Бейшара болған Қыдырбай,
Бір жылқыны Құртқаға
Қимағаның нең?—деді.
Шалың байғұс еңіреді,
Шалың сонда шын айтты:
—Қимай оны не етейін,
Құлаша қулық ішінде
Тұлпар енді бар еді.
Таң мезгілі болғанда,
Судан шығып су айғыр,
Шауып жатқан жерінде
Көріп едім мен,— деді.
Онан тұлпар туады,
Тұлпарға Қобылан мінген соң,
Қобылан кетіп қалады,—деп,
Менің бермегенім сол еді,—дейді.
—Бұл сөзді,—Сыпыра,—қой,—деді,
Тірі болсын бұл Қобылан.
Қайдан да болса Қобыланды
Ұстай алмайсың сен,—деді.
Сұраған енді кер қулық
Құртқаға бер,—деді.
Сыпыра жырау оңдады,
Келістіріп екеуін,
Құртқаны енді қозғады.
Құртқаны енді көшіріп,
Қыдырбайдың аулына
Келіп бір қонады.
Мақсаты бір болады,
Құлаша қулық жетелеп,
Көшпенен бірге құлады.
Құлаша қулық бағуға
Бір жақсы сарай бар еді,
Енді соны алады.
Қулықтан басқа ешкім жоқ,
Ішіне соны бағады.
Сұлы менен сүт беріп,
Қулықтың бабын табады,
Қырық кісі бағады.
—Құлындаған уақытта
Туғызыңдар,—деп—кілемге,
Кілемге туса бұл құлын
Қанатты тұлпар болады.
Жерге тисе аяғы,
Ұша алмай құлын қалады.
Қырық кісіге тапсырып,
Осылайша уағда қылады.
Қырық кісі ал бағып,
Енді мұны тұрады.
Бір күні бие құлындап,
Торыша құлын туады.

Қанша баққанмен де, торыша құлынды кілемге туғызғанда, бір аяғы жерге тиіп кетеді. Сол себепті бұл тұлпар ұша алмайтын болады.

Осы туған тор құлын
Көтеріліп ұша алмайды.
Жер басқаннан ешнәрсе құтқармайды.
Сол құлынды Құртқа бағады,
Оның бабын табады.
Ынжырменен оятып,
Алуаменен ұйықтатып,
«Алысқа ақсап шапсын» деп,
Өріктің суын береді.
«Мейіз болып қатсын» деп,
Мейіздің суын береді.
Осы тұрған Торыша ат
Ат болуға қарады.
Еш адамға көрсетпей,
Құртқа оны бағады.
Маңдайына қарасаң,
Алтыннан соққан күректей.
Танауына қарасаң,
Түбі түскен шелектей.
Омырауына қарасаң,
Еділден шыққан аңғардай.
Жау дегенде жайнатып,
Мінер ме еді заңғарды-ай.
Омыртқасы оқтаудай,
Қабырғасы көк таудай.
Саныңа сенің болайын,
Мырзалар киген шалбардай.
Құйрығыңа болайын,
Күлтеленген жібектей.
Көзіңе сенің болайын,
Хорлардың жаққан шырақтай.
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай.
Ерініне қарасақ,
Оралып жатқан түбектей,
Берді ғой Құдай тілекті-ай.
Біздің Қобылан батырға
Осындай тұлпар керекті-ай.
Атты айтып болады,
Көңілі бұған толады.
Мерзімді күні серт қылып,
Құртқа соны бағады.
Сертті күні болған соң,
Уағдасы толған соң,
Қобыланға береді.
Белгілі тұлпар бұл болып,
Қобылан батыр бұл торыға мінеді.
Осы тұрған Қобылан
Торыша атқа мінген соң,
Малын аралап жүреді.
Құлағына бір дауыс
Малда жүрсе келеді.
«Бұл не қылған дауыс»,—деп,
Құлағын сала береді.
Кідіруге шыдамай,
Дауысқа қарай жөнелді.
Тобылғы меңді Торыша ат
Құбылып ойнап келеді.
Жақындаса қасына,
Бөтендігі жоқ еді,
Бұ да өзінің бірі еді.
Ер Қосайды ұстап ап,
Қалмақтардың кетпек болған үстіне келеді.
Қобыландыны көзі көрген соң,
Қосай түгіл, бас қайғы,
Қалмақтар қашып жөнелді.
Қашқан қалмақ соңынан
Қобылан қуып жөнелді.
Құтылсын ба Қобыланнан,
Қобылан ұстап алады,
Қамшыменен сабады.
Мына тұрған қалмақтың
Екі қолын таңады.
Құлағын кесіп құнтитты,
Мұрнын кесіп сымпитты.
«Хабар бер,—деп,—ханына,
Қандыаюға айдады,—
Мықты болса Қандыаю,
Барамын енді мен»,—деді.
Мына тұрған қалмақ
Жаяулап байғұс келеді,
Қобыланнан қорлық көреді.
Жаяу келіп еліне,
Қандыаюға хабар береді:
—Қандыаю ханым, сен,—деді,
Көріп келдім Қобыланды
Енді, шіркін, мен,—деді.
Жатқан енді жыланның
Құйрығын басқан нең?—деді.
Қобыланға мен қарадым,
Әруағын байқап қарасам,
Қаптаған қара борасын.
Батыр шенеп жүр екен
Таудың тамам арасын.
Бармағы қайқы тартқышыл,
Білегі жуан атқышыл,
Айтулы ердің бірі екен.
Қобылан келсе еліңе,
Бүлдірер, шіркін, бұл,—деді,
Өтірік емес, шын,—деді.
Күн бұрыннан Қобыланға
Істемесең бір амал,
Қалмассың тірі сен,—деді.
Қалмақ бір халқын жинап алады,
Еліне хабар салады:
—Келемін деп бұл Қобылан
Бізге хабар береді,
Өтірік емес, шын,—дейді,
Қобылан бізге келеді.
Қобыландай батырға
Қалайша амал етеміз,
Енді шіркін біз?—дейді.
Қандай екен қайраты,
Қобыланның күшін көрелік?
Қырық құлаш зындан қазалық,
Қырық бірдей ерлерді
Ішіне соның салалық.
Қырқына беріп қырық шынжыр,
Басына найза байлады,
Зынданның аузын жабады.
Қазғанын зындан білдірмей,
Көрініп найза тұрады.
Қобыландының күшін көруге
Қалмақтар құмар болады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз