Қобыланды батыр жыры (17-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу
Қалмақтар амал табады,
Зынданнан Бекболатты алады.
Осы тұрған Бекболат
Бес жүз кісі қасына алып,
«Кешегі Қобылан кетті деп,
Демалысқа бір жерге,
Ұйықтаған болса егерде,
Үстіне соның баралық,
Амал келсе біз оны
Ұстап алалық»,—деп еді.
Бес жүз кісі қасында,
Қобылан кеткен жобамен
Бағыттап қалмақ келеді.
Атқа қамшы басады,
Екі-үш қырдан асады.
Бір жерлерге келгенде,
Көреді бір қараны.
«Ана жатқан Қобылан
Шығар енді» деп еді.
Сонда дағы қасына
Қобыланның келмеді.
—Бір кісіні Қобыланға
Жіберейік біз,—деді.
Ұйықтады ма, ояу ма
Анығын біліп кел,—деді.
Айналайын, Қанбегі,
Бір тұлпарға мін,—деді,
Қобыланға барып кел,—деді.
Ұйықтады ма Қобылан,
Ояу ма екен Қобылан?
Соны барып біл,—деді.
Қанбегі енді келеді,
Қасына келсе Қобыланның
Ұйықтағанын біледі.
«Ұйықтады» деп айтса да,
Қасына қалмақ келмеді.
Оянып кетсе Қобылан,
«Әл бермейді» деп еді.
Кел, не етелік, не етелік,
Үстіне тоқсан қабат тор салып,
Қозғалмастай мол салып,
Сыртынан бағып тұралық.
Қобылан қалса шырмалып,
Сонда біз оған баралық.
Шырмалып жатқан Қобыланды
Амалдап ұстап алалық.
Қобыланды сырттан бағады,
«Тұрады,—деп,—бұл қашан»,
Бағып бір енді тұрады.
Бір кезекте оянып
Қобыландайын еріңіз,
Ұмытады бабасын,
Жаңылады тобасын,
Шырмалып торға қалады.
Шыға алмай Қобылан қалғанын
Қалмақтар көзі шалады.
Бәрі бірдей шуылдап,
Енді үстіне барады.
Шырмалып жатқан Қобыланға
Тағы торды салады.
Батыр аңқау, ер көдек—
Сол сықылды батырлар
Ұсталып енді қалады.
Атаңа нәлет қалмақтар
Барлығы енді қашады.
Қол-аяғын бек байлап,
Қозғалмастай қылады,
Көк арбаға салады.
Сол сықылды батырды
Ұстадық деп қалмақтар,
Қандыаюдың алдына
Мақтанып алып барады.
Бүтін халық тамаша
Қобылан ерді көреді.
Бұндай жанды туғалы
Көргені, сірә, жоқ еді.
Адамға біткен түрі жоқ,
Қалай мұны өлтіреміз деп еді.
Батыр туған Қобыланды
Темір үйге қамады.
Аузына кілт салып,
Темір үйде қалады.
Айнала қоршап, сыртына
Тас көмірді үйеді.
Тоқсан түйе томарды
Енді үстіне төгеді.
Қобылан сынды батырың
Бұрын-соңды бұндайды
Көргені, сірә, жоқ еді.
«Отқа күйіп өлсін» деп,
Жан-жағынан көмірдің
Көрікпенен үреді.
Оттай болып темір үй
Енді сонда жанады.
Өлді ме деп Қобылан,
Тесігінен қалмақтар
Сығалап келіп қарады.
Өлмек түгел, күйген жоқ,
Дәнеңемен ісі жоқ,
Аман-есен тұрады.
«Бұл не қылған жан-ай?—деп,
Енді бір таң қалады.
Ендігі сөзді тыңдаңыз,
Жар қосағы Қобыланның
Үйдегі қалған Құртқадан.
Ұйықтап жатып Құртқа түс көрді,
Қиыншылық іс көрді.
Тұрып Құртқа жылады,
Айтпаған нәрсе қалмады.
Қайдағы нәрсе қозғалды,
Көзінің жасы төгіліп.
Жағасының бауы сөгіліп,
Өзінің туған енесі
Ақзарбапқа барады,
Барады да жылады.
Жылады да толғады:
—Бүгін түнде түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Кешегі кеткен балаңның
Қанатына қаз қонып,
Қайрыла алмай барады.
Мұртынан мұз жауып,
Бұрыла алмай барады.
Қараша таудай тас басып,
Көтеріле алмай барады.
Екі көзі балаңның
Жұмылыңқы көрінді.
Ақша беттің ажары
Құбылыңқы көрінді.