Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр (6-бөлім)

Қобыланды · 2 мин оқу

Ойпаң жерлер ой болып,
Кісі бойы қол созым
Енді ойласаң жар болды,
Жердің жүзі шаң болды.
Бірін-бірі жыға алмай,
Енді әлемге таң болды.
Бала сонда тарықты,
«Өлемін» деп қорықты.
Омыртқасы майысып,
Қабырғасы қайысып,
Жығылар жерін көздеді,
Бала жаман меңдеді.
Мұндай нәһан қалмақты
Бала бұрын көрмеді.
Қалмақтың түсіп қолына
Жаңа келді оңына.
Бала бір сонда ақырды,
Бабаларын шақырды.
«Бабаларым жәрдем бермесе,
Жығыламын мен,—деді.
Әйелдердің пірі едің,
Әлі өлмей тірі едің.
Бибі, Батпа—егіз қыз
Енді ойласам пір едің.
Бәтимадай апам-ай,
Бермесең жәрдем маған-ай!»
Дем алмай бала тарықты,
Жаныса болат өтеді.
Жалынса жақсы кешеді,
Қисынын тапса не етеді?
Бір ақсарбас қу болып,
Қына семсер су болып,
Бабасы келді қасына,
Пәруә болды басына.
Жылама, балам жылама,
Сапар шеккен жас жігіт
Атының басын бұра ма?
Ажал оғы тиген күн
Үйде, түзде болса да,
Ажалдан адам қала ма?
Деңгейінен өтеді,
Қанатымен бір сипап
Мойынынан кетеді.
Он мың ердің қуаты
Бір өзіне бітеді.
Таудай болған қалмақты
Көтеріп жерден кетеді.
Қалмақты сонда үйірді,
Жер дүние селкілдеп,
Кеткендей сонда етеді.
Таудай болған қалмағың
Енді сонда құлады.
Ағып жатқан дария
Сауысқандай мұз болып,
Сексенге келген кемпірлер
Селкілінен жердің қозғалып,
Қорыққаннан қыз болып.
Аузы бүтін ақ қала
Селкілінен құлады.
Олжаға халық қарық боп,
Дүниеге толады.
Мұндай мықты болар ма,
Үстіне бала шыққанда,
Тұрымтай құстай болады.
Қалмақтың туы құлады,
Қатын менен балалары,
Кемпір менен шалдары
Қайыр табан, піл табан
Құлаған соң ерлері
Қалмақтар шулап жылады.
Сұлушаш деген бір залым,
Сиқырлы залым сол екен,
Соны ұстап алады.
Мойнына арқан салады,
Қамшыменен сабады.
Қамшысы құрғыр қатты ғой,
Жанына оның батты ғой,
«Жібердің қайда Құртқаны?»—
Деп-ай бір сонан сұрады.
Өлтірем деген соң өзін-ай,
Оямын деген соң көзін-ай,
Мына тұрған Жетімтай,
Кел, соңымнан ер,—деді.
Берейін тауып Құртқаны,
Бір қасықтай қанымды,
Бір шыбындай жанымды
Сауғалыққа бер,—деді.
Мұны мақұл көреді,
Алдын бастап Сұлушаш
Соңынан бала ереді.
Темір үйдің ішінде,
Қамаулы тұрған Құртқаның
Үстіне алып келеді.
Баяғы тұрған Сұлушаш:
«Балаң жалғыз келді»,—деп,
Құртқаға хабар береді.
«Өтірік пе, шын ба»,—деп,
Құртқа оған сенбеді.
Қылыш алып қолына,
Бұзайын деп Жетімтай
Темір үйге келеді.
Қылышпенен қияды,
Найзаменен шаншады,
Пара-пара қылады.
Құшағын жазып қыз Құртқа
Сол арада екеуі
Түйедей болып боздады,
Қойдай болып шулады.
Айтпаған нәрсе қалмады,
Қайдағы нәсте қозғалды.
Көздің жасы—көл дария,
Емшектің сүті—ен дария.
Баласына Құртқаның
Қосылған күні болады.
Он екі тәубе, жүз құлдық
Құдайға тәубе қылады.
«Мұндай болып келед»,—деп,
Ойында Құртқа болар ма?
Құртқаның көрген түстері
Енді анық болады.
Емшегін еміп Құртқаның
Үш қайтара сүйеді,
Құдай бір тілек береді.
Қайғының бәрі жойылып,
Құртқаны алып елге келеді.
Баяғы тұрған Жетімтай
Тұмарланған торысын
Еріксіз айдап мінеді.
Құбылып тұрған қамқа тон
Еріксіз алып киеді.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз