Қобыланды батыр жыры (10-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 4 мин оқу
Ертемен тұрған тоқсан құл баланы тағы да іздеп таба алмайды. Бір уақыттар болғанда, құлдар аланың жерошақ болып қазылған ізін тауып алады.
Өлеңін айтып ақырын,
Бала кетіп барады.
Осы тұрған тоқсан құл
Бір күн жүріп артынан
Жетпек болды Қобыланға.
Қарасын бала көргенсін,
Кідіріп азырақ тұрады,
Құлдар келіп құлады.
—Барасың қайда кетіп?—деп,
Жан-жағынан қамалап,
Құрықпен баланы сабады.
«Қой» деп еді, қоймады,
Сонда да бала болмайды.
—Айналайын аға-еке,
Бұл сөзіме сен,—деді.
Аян берді бабам-ай,
Неғылып енді қалам-ай.
Жар қосағым Құртқаны
Қамап жатыр қалмақ-ай.
Ұлықсат маған бер,—деді,
Қызығымды менің көр,—деді.
Айрылмасам барымнан,
Кесілмесем қарымнан,
Жан қосағым Құртқаны
Келермін алып мен,—деді.
Тілекші болып тұрыңдар,
Енді, шіркін, сіз,—деді.
Деді дағы Қобылан
Тарта берді оңына,
Келе жатқан жолына.
Тап болды келіп бір қалмақ,
Қобыланның соңынан
Қалмақ келіп тұрады,
Баланың жөнін сұрады:
—Жасың кіші баласың,
Қаулап бір оттай жанасың,
Білегің жуан атқышыл,
Бармағың қайқы тартқышыл,
Айналайын, жас бала,
Қай жаққа кетіп барасың?
Қобылан батыр ер еді,
Шынын айта береді.
—Білмесең, енді, сен,—деді,
Білдірейін мен,—деді.
Қыдырбай деген бабаңның
Маңдайынан күн қағып,
Табанынан жер қағып,
Бір бала деп зар қағып,
Тілеп алған Құдайдан
Қыдырбайдың баласы мен,—деді.
Тумай атым қойылған,
Шаппай ізім жосылған.
Желім тұрған оңымнан,
Дұшпаным қашқан жолымнан.
Менің немді сұрайсың,
Менің атым—Қобылан,—деді.
Сонда қалмақ тұрады,
Қобыланның сыртынан
Естиді екен құлағы.
—Қобылан батыр, ер,—деді,
Сөзіме менің сен,—деді.
Кешегі тұрған Құртқаға
Келіп едім мен,—деді.
Алтын қабаққа байлаған
Қара тастан оғы өте алмай,
Теңгеге тура жете алмай,
Бұлардың соры қайнаған.
—Астымдағы тұлпарды
Берейін саған мен,—деді,
Қарағым, бұған мін,—деді.
Үстімдегі бес қару
Мұны да саған берейін,
Мұны да мойныңа іл,—деді.
Тоғыз қабат ақ сауыт
Мұны дағы берейін,
Үстіңе мұны ки,—деді,
Тілегіңді тілеп соңыңнан,
Жүрейін сенің мен,—деді.
Осыдан алсаң Құртқаны,
Сені өкіл күйеу қыламын.
Құртқаны қыз қыламын,
Тілекші болып тұрайын
Сыртыңнан сенің мен,—деді.
Қобыланды:
—Қалмақтан атты мінбеймін,
Қалмақтан киім кимеймін.
Қалмақтан қару алмаймын,
Мен олай қылып бармаймын.
Ертең алсам Құртқаны
Менің атым міндің деп,
Менен киім кидің деп,
Менен қару алдың деп,
Соныменен сен барып,
Құртқаны сұлу алдың деп,
Соның бәрін айтарсың.
Қалмақтан ештеңе алмаймын,
Оныменен мен бармаймын.
Астымдағы ала тай,
Басымдағы малақай,
Осыменен де алып қайтармын, алақай,—дейді.
Ойлау жерден орғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Айтып ауыз жұмғанша,
Ескен желдер тынғанша,
Қажыса болат сынады.
Жиылып тұрған көп жиын
Ала таймен Қобылан
Үстінен келіп құлады.
Жұрт жиылған көп еді,
Алқалаған ел еді,
Осының үстіне Қобылан енді келеді.
Көп ішінен ер Әуез
Қобыландыны көреді.
Келе сөйлей береді:
—Жасың кіші баласың,
Оттай қаулап жанасың.
Астыңдағы атыңның
Жүні болса қатулы,
Көп шабуыл көргенсің.
Қабағың сенің қатулы,
Түн ұйқыңды бөлгенсің.
Айналайын, жас бала,
Қай-ау жақтан келесің?
—Осы тұрған Қобылан
Қашатұғын қатын ба,
Қорқатұғын батыр ма—
Жөнін айта береді:
—Білдірейін, білмесең,
Сұрасаң менен сен,—деді.
Тумай атым қойылған,
Шаппай ізім жосылған,
Желім тұрған оңымнан,
Дұшпаным қашқан жолымнан.
Қыдырбайдың баласы
Менің атым—Қобылан.
Сонда бұған сенеді,
Қолындағы қаруын
Қобыланға береді.
—Айналайын, Қобылан,
Мұсылман, кәпір екі жақ
Енді, шіркін, тұр,—дейді.
Алтын қабақ ататын жерді
Көрсетейін мен,—дейді,
Кел артымнан, жүр,—дейді.
Қобылан еріп келеді,
Алтын қабақ тұрғанын
Қобылан батыр көреді.
Енді атынан түседі,
Қолына алып садағын,
Бабаларына сыйынып.
Үстіндегі киімнен
Түгі тұтам өтеді.
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз жауып,
Құм беттеніп қызарып,
Саз беттеніп сазарып,
Сондай бір заһар етеді.
Қобылан атқан оқ
Қара тастан өтеді,
Ақ теңгеге жетеді.
Шылдыр етіп ақ теңге,
Енді жерге түседі.
Мұны көріп көп халық,
Енді бір шу етеді.
Теңгені атып түсіріп,
Көңілдері тынады.
Ат шаптыруға
Енді халық қарады.
Орақтың қара атын да
Шабамын деп бәйгеге,
Мұны дағы салады,
Ақшабайдың баласы.
Сөздің жаңа шықты сарасы.
Шабамын деп бәйгеге,
Шықты мұның аласы.
Кешегі Табылдының баласы Қосай,
Мұнан шықты Шал қасқа.
Кешегі Жаңбыршының баласы
Телағыстан да шықты бір тұлпар.
Кешегі Қобылан—
Астындағы аласы
Бұ да кетіп барады,
Қыдырбайдың баласы.
Несін айта берейін,
Бес жүз сексен бес ат болады
Шабатын аттың шамасы.
Кешегі Қосай менен Телағыс
Балалармен кетуге
Бұлар да кетіп барады.
Аттың бәрін айдады,
Қырық күншілік жерлерге
Айдаушы айдап барады.
Шабатын жерге барып ап,
Бәрін санап түгелдеп,
Аттың санын алады.
Ағыс пенен ер Қосай
Жеті күншілік жерде
Жолда бағып,
Арттарында қалады.
Есебін аттардың түгел алған соң,
Айдап барған айдаушы
Енді шабуға ұлықсатын қылады.
Ду қойып балалар барады,
Жүзін жердің шаң басты.
Бір-бірінен балалар
Шаңыменен адасты.
Бір күндері болғанда,
Ағыс пенен ер Қосай
Енді екеуі тұрғанда,
Алдыменен құлады
Бір қалмақтың баласы.
Кешегі тұрған Телағыс
Қасына келіп баланың,
Жоқ нәрсеге алдайды.