Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр (5-бөлім)
Қобыланды · 2 мин оқу
Сол күнде елде жоқ екен,
Жақында келген күні екен.
Қази менен Жетімтай
Көзі бір қалмақ көреді-ай,
Жөнінде сұрай береді-ай:
—Әй, жас бала, жас бала,
Істеген ісің масқара.
Елді иесіз дедің бе?
Жерді иесіз дедің бе?
Елге бір мұнда келесің,
Қырғынды мұнша бересің.
Қимылдасам өлесің,
Өлмей тұрып, жөніңді айт,
Жас бала, қайдан келесің?!
Қашатұғын қатын ба,
Қорқатұғын батыр ма.
—Айтайын,—деді,—жөнімді,
Мен—Көкшенің баласы.
Менің немді сұрайсың,
Қалмақ, енді шамасы.
Елімнен мен келемін,
Менің шешем қыз Құртқа
Жібердің қайда шамасы.
Құртқаны тауып бер,—деді,
Өлтірермін бәлем өзіңді,
Оярмын бәлем көзіңді.
Жолықпағанға жолығып,
Жүр шығарсың мақтап өзіңді.
Бала деп мені ойлама,
Кезегіңді ал,—деді.
Қайсардың Қаратауына
Иегімді сүйеп сал,—деді.
Бала болсам да бәлем-ай,
Баспай ма, менің салмағым,
Батпай ма, менің бармағым?!
Өзіңе-өзің бәлем-ай,
Енді дырау болсаң да
Оңай бір сені алмағым,—
Деп бір бала тұрады-ай,
Кезегін беріп қалмаққа.
Қалмақ сонда оңдалды,
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды,
Көк дөненнің басы деп,
Алтын да ердің қасы деп,
Өлер жерің осы деп,
Көпшікке көтін тіреді.
Үзенгіге шіреніп,
Атып бір қалмақ жіберді.
Тоғыз қабат сауыттың
Сегізінен өтеді,
Тоғызыншыға жетеді.
Жыртыла жаздап жағасы,
Аман сақтап қалады,
Жетімтайдың бабасы.
«Атқаның сенің осы ма?» деп,
Бала мазақ қылады.
Қорамсаққа қол салды,
Атайын деп оңдалды.
Сары ала аттың басы деп,
Шетпер ердің басы деп,
Өлер жерің осы деп,
Бала бір атып жіберді.
Қалмақта батыр ер екен,
Айтулы ердің бірі екен.
Сегізінен өтеді,
Тоғызыншыға жетеді.
Тасқа тиген немедей,
Шашырап оғы кетеді.
Қолына алды найзаны,
Түрлі салды хайланы.
Бірін-бірі батырлар
Өлтіруге ойланды.
Шұрқылтайдың тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Бірін-бірі аямай,
Сұңғысы сұлу ақ найза
Біріне-бірі салысты.
Шығыршығы шиқ етіп,
Орта жері былқ етіп,
Қармақ болып қалады.
Найзадан пайда таба алмай,
Енді батыр қамалды-ай.
Қолына алды қылышты,
Екі батыр ұрысты.
Құдай қылды бұл істі,
Тауға салса тас алған,
Шаш ал десе бас алған,
Қара тасқа кеткен білінбей,
Нарға салса, бүлк еткен,
Итке салса, жылт еткен.
Сол сықылды алмасты,
Кесейін деп басыңды,
Құртайын деп жасыңды.
Біріне-бірі қылышпен
Енді екеуі салысқан.
Қолындағы қылышы
Тасқа тиген немедей,
Қайырылысып қалысқан.
Қолына алды шоқпарды,
Ұрайын деп оқталды.
Қалқан ұстап тұрады,
Аямай қалмақ ұрады.
Басындағы қалқаны
Сынып жерге құлады.
Мұндай күшті болар ма,
От болып жерде жанады.
Астындағы көк дөнен
Тізеден жерге кіреді,
Мұнан да аман қалады.
Балаға кезек беріп-ай,
Енді қалмақ тұрады.
Бұ да алып шоқпарын
Бар қуатпен ұрады.
Қалқаны сынып от болып,
Сары ала ат кіріп тізеден,
Бұ да аман қалады.
Бес қарудан айырылып,
Енді екеуі тұрады.
Жағаға қолды салады,
«Аударып аттан алам» деп,
Бірін-бірі ала алмай,
Тізеден тағы батады.
«Атқа обал болды» деп,
Беліне шынжыр салады.
Түсе қалып екеуі
Жаяу күрес салады.
Бірін-бірі көтеріп,
Енді жерге ұрады,
Құламай аман тұрады-ай.