Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (16-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

Тоғыз қабат сауыттың
Сегізінен өтеді,
Тоғызыншыға жетеді.
Тасқа тиген немедей
Шашырап оғы кетеді.
Қолына алып найзаны,
Істеді түрлі айланы.
Өлтіруге бір-бірін
Енді бұлар ойлады.
Ұңғысы сұлу ақ найза
Аямай-ақ бір-бірін
Шұрқылтайдан салады.
Найзаменен шанышып,
Екі батыр қағысып,
Сонда дағы болмады.
Қолындағы найзаның
Шығыршығы шиқ етіп,
Орта жері былқ етіп,
Қармақ болып қалады.
Бұл қаруды қояды,
Ақ алмасын алады.
Қынапқа салса бір құлаш,
Суырып алса қырық құлаш,
Ақ алмастан жан қалмас.
Салса тауға тас алған,
Шаш ал десе бас алған.
Салса кеткен білінбей,
Көзіне жұрттың көрінбей,
Нарға салса жылт еткен.
«Кесейінші басыңды,
Құртайыншы жасыңды»,—
Деп қылышпен шабады.
Тасқа тиген немедей
Қайрылып жүзі қалады.
Қылыштан пайда таба алмай,
Екі батыр қамалды.
Алды қолға шоқпарды,
Ұруға енді оқталды.
Қалқан ұстап Қобылан
Енді сонда тұрады.
Аямай қалмақ ұрады,
Қалқан сынып, күл болып,
Жерге түсіп жанады.
Астындағы тұлпарлар
Жерге кіріп тізеден,
Бәрі де аман қалады.
Қобыландай батырың
Шоқпарын алып қолына,
Қалмаққа о да жетеді.
Қалқан ұстап қалмақ тұрады,
Бар қуатын жиып ап,
Қалмақты Қобылан ұрады.
Бұ да аман қалады.
Ат үстінен екеуі
Жағаға қол салады.
Бірін-бірі ала алмай,
Енді екеуі талады.
Астындағы тұлпарлар
Жүрелей жата қалады.
«Атқа обал болды»,—деп,
Беліне шынжыр орады.
Он екі қабат шынжырды
Беліне орап алады.
Екеуі жаяу күрес салады,
Бірін-бірі екеуі
Алма кезек үйіріп,
Тізеден жерге кіріп қалады.
Ойпаң жерлер ой болды,
Екеуінің жүрген жерлері
Кісі бойы қол ұсыным,
Енді ойласаң, жар болды.
Бірін-бірі жыға алмай,
Жеті күн өтеді.
Қанша мықты болса да,
Жас бала енді талады.
Қабырғасы қайысып,
Омыртқасы майысып,
Жауды онша көрмеген,
Мәнісін жаудың білмеген,
Сол уақытта Ақтікендей бабасы
Енді жәрдем қылады.
Бір ақсарбас кез болып,
Маңдайынан Бекболаттың
Сипап өтіп барады,
Бар қуатын Бекболаттың алады.
Шөп тыққан местей боп,
Жеңіліп қалады.
Таудай болған қалмақты
Көтеріп жерден алады,
Таудай болып қалмақ құлады.
Аяқ-қолын байлап ап,
Өлтіруге шыдамай,
Қырық құлаш зынданға
Алып барып салады.
«Өлтірермін,—деп,—жайғасып,
Аузын жауып зынданның,
Қалмаққа тартып барады.
Ойда жатқан он мыңға
Барып бір айқай салады.
Қырда жатқан қырық мыңға
Бұған да айқай салады.
Айқайлаған дауысы
Айлық жерді алады,
Күркіреген дауысы
Күндік жерді алады.
Тау мен тастар селкілдеп,
Бір сыпыра кемпір-шал
Жүректері жарылып,
Қорқып өліп қалады,
Қалмақтан кегін алады.
Қобылан батыр астындағы
Аттың борбайынан қоң кетті,
Мойынынан жал кетті.
«Аттар болса шалсын деп,
Ұйқы болса қансын» деп.
Елсіз майдан жер еді,
Сол араға келген соң,
«Кел, ұйықтайық» деп еді.
Қасындағы жолдастар
«Біреу жүрген жерінде
Біреу жүрер» деп еді.
Айтқанына Қобылан олардың болмады,
Тілін олардың алмады.
Қисая келіп көлбеді,
Ұйықтайын деп меңдеді.
Бір ұйықтаса Қобылан,
Ұйықтайды екен жеті күн.
«Жеті күнге дейін не етейік,
Көлге барып жетейік»,—деп,
Қасындағы қырық жолдас
Қобыланды тастап кетеді.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз