Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (18-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

Балаңның аман еместігі
Мен залымға білінді.
Ақзарбап та жылады,
Жылап тұрып қозғады:
—Айналайын, құлыным,
Бауыр да, өкпе, жұлыным,
Мен де бір түс көргенмін.
Өз қолымнан балама
Бір аяқ балды бергенмін.
Баламның аман емесін
Мен де енді білгенмін.
Батыр аңқау, ер көдек,
Қобылан батыр ер еді.
Ерлігінің белгісі
Қобыланның ұйықтап қалғаны
Қалмақтың жері еді.
Ұйықтап жатқан Қобыланның
Үстіне қалмақ келеді.
Жаңылып Қобылан тобасын,
Сол себептен қалмаққа
Түскен шығар шамасы.
Бұл Қобылан енді өлмейді,
Өлімнің жолын көрмейді.
«Кім барады оның артынан»,—деп,
Кемпір мен Құртқа еңіреді.
Сонда Құртқа сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Мына тұрған ноғайдың
Қайсысына хабар береміз?
Ертең Қобылан шыққан соң,
Артыңнан мен бардым,—деп,
Зынданнан шығарып алдым,—деп,
Бетіне салық қылады-ау!
Мұнан да жақсы ғой өлгені,
Өлімді Құдайдың оған бергені.
Ұлықсат берсең, жан мама,
Мен соңынан барайын.
Тірі болса Қобыланның
Өзін тауып алайын.
Өлі болса Қобыланның
Сүйегін тауып алайын.
Ұлықсат болса, енеке,
Іздеп бір мен барайын.
Қобыланнан жаным артық па,
Қобылан өлген жерінде
Мен де өліп қалайын.
Ұлықсат кемпір береді,
Мұны мақұл көреді.
Мына тұрған Құртқа
Тас төбеге шашын
Тарақтап енді түйеді.
Тоғыз қабат сауытты
Үстіне Құртқа киеді,
Бес қаруды іледі,
Желмаяға мінеді.
Жеті айшылық жер еді,
Қырық күншілік шөл еді.
Оған барған адамның
Маңдайының соры еді.
Соның бәрін қыз Құртқа
Тәуекел етіп жүреді.
Желмаямен жол жүріп,
Азғана емес мол жүріп,
Енді Құртқа келеді.
Құртқа мінген желмая
Желдей болып желеді,
Қай тұлпардан кем еді.
Қалмаққа келіп жақындап,
Бір бұлақтың басына
Қыз Құртқа енді келеді.
Дәретін алып басында
Шаршап келген қыз Құртқа
Ұйықтап қалған жері еді.
Сол бұлақтың басында,
Ұйықтап жатқан жерінде
Қобыланның бабасы—
Ақтікен енді түсіне енеді.
«Айналайын, балам-ай,
Болғай құтты талабы-ай!
Тоғыз қабат сауытты енді үстіңе киесің,
Бес қаруды байланып,
Қалмаққа қарай жүресің.
Осындай барып ерлікпен
Сен қандай пайда көресің?
Кешегі Қобылан ол қандай,
О да қалды ұсталып?!
Тілімді менің ал,—деді,
Қарағым, құлақ сал,—деді.
Желмаяны мініп ап,
Бара алмайсың сен,—деді.
Қарауылшы өте көп,
Кіре алмайсың сен,—деді.
Бір қойшыны өлтіріп,
Есегін соның мін,—деді,
Киімін соның ки,—деді.
Қойшы болып қой баққан
Солай барып кірмесең,
Қалаға кіре алмайсың сен,—деді.
Тілін мұның алады,
Тоғыз қабат ақ сауыт
Мұны шешіп қыз Құртқа
Бес қаруды тағып алып,
Желмаяның үстіне
Бәрін соның таңады.
Желмаяның бір түгін
Алып бір Құртқа қалады.
Керек болса желмая
Түтетермін деп еді.
Жалаң қылыш қолға алып,
Аяғын басып ырғалып,
Қойшыға таман келеді.
Басын кесіп қойшының,
Бар киімін киеді,
Көк есекке мінеді.
Қойшы болып қыз Құртқа
Қалаға қарай жөнелді.
Қойды айдап қыз Құртқа
Сол қалаға кіреді.
Неғылсын қойды қыз Құртқа,
Қалаға кірген соң
Өз жөніне жөнелді.
Диуана болып жағалап,
Садақа сұрап аралап,
Диуана болып жүреді.
Таң сарғайып атқанда,
Күн қызарып шыққанда
Хан отырған ақ орда
Азар іздеп табады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз