Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр (2-бөлім)

Қобыланды · 4 мин оқу

Балалар сілкінгенде үстінде жатқан Көкше ұшып кетті. Түрегелген соң Көкше балалардың жайын сұрады. Балалар әке де, шеше де көрмеген, не айтарларын білмей кідіріп тұрып қалды.

—Туған жерім тау,—деді,
Өскен жерім тау,—деді,
Онан басқаны білмеймін мен,—деді.

Көкше:

—Әке-шешең болмаса,
Маған бала бол,—деді
Неғыларын біле алмай,
Балалар аң-таң қалады.
Екі бірдей жас жетім
Бірінен бірі ақыл сұрады.
—Бүгінше ақылдасайық,—деп,
Көкшеге хабар береді,
Көкше байғұс көнеді.
Енді ештеме айта алмай,
Көкше қайтып кетеді,
Ордаға жақын келеді.
Бейшара болған Көкше шал,
Етпетінен құлады,
Құлап жатып жылады.
Ақмаңдайдай алғаны
Қағып төсек салғаны.
Алдынан шығып бейшара
—Не болды?—деп сұрады.
Аты оның Ақмаңдай,
Құбылады мақпалдай.
Жалғыз атты жолаушы
Атын түсіп сатқандай.
Көзі қара құндыздай,
Исі тәуір қымыздай
Даусы тәуір қобыздай,
Адамзаттың баласы
Осындай-ақ болып туады,
Енді ойласаң шамасы.

Көкше:

—Айтатынын айта алмай,
Батыр туған ер Көкше,
Қараспан таудың басында,
Алтын айдар баланың
Ұйықтағанын көріп келеді.
Тауға да бала бердің деп,
Тасқа да бала бердің деп,
Маған бала бермейді деп,
Еңіреп қоя береді.
Енді менің алғаным,
Төсекті қағып салғаным,
Қынайы белің бу,—деді.
Неше түрлі жібектің
Бәрің алып кел,—деді
Кел, қасыма байғұс сен де, ер,—деді,
Енді қатар жүреді.
Баяғы көрген жеріне
Балаларды іздеп келеді.
Баяғы көрген жерінде,
Балалар әлі бар екен.
Неше түрлі тамақты
Балаларға енді береді.
Неше түрлі киімді
Енді үстіне кидірді.
—Жарасты ма?—деп балалар
Бір-біріне күледі,
Сол уақытта екеуі ақылдасып күледі.
Киейік десек киім жоқ,
Ішейік десек тамақ жоқ,
Құр далада қаңғырып, жүрген не?—дейді.
Шал мен кемпірдің соңынан
Кел, екеуміз ерелік.

Қызын алдына алып, баласын артына мінгізіп, еліне келеді, мәз-мәйрам боп, кемпір-шал елін шақырып той жасайды.

Кемпіріне хабарлап,
Ал кемпір ту қой сой,—деді.
Қанына бояп балаларды
Тыл жібекке орап ап,
Төр алдына қой деді.
Төбел менен тушаны
Түп көтере соямын.
Төбел бие сойғызып,
Үлкен тойды қыламын.
Бүкіл байтақ елімнің
Бәріне хабар беремін.
Алтыннан бақан құрады,
Бүтін байтақ еліне
«Толғатты» деп бәйбіше
Елге хабар береді.
«Жүктіме еді?»,—деп Ақмаңдай,
Жиналғандар әңгіме қылады,
Бірінен-бірі сұрады.
Кел хабар қылған өзі ғой
Барып оған көрелік.
Өтірік пе, шын ба,—деп
Көзімізбен көрелік.
Жиналып қатындар келеді,
Енді есіктен кіреді.
Екі бірдей баланы
Қатындардың көзі көреді.
«Шын екен ғой мынау»,—деп
Қатындар енді сенеді.
Қақпаның аузын ашады,
Алтын менен күмісті
Көкше енді шашады,
Дүниеге халық тояды.
Палуаны болса тұрғызып,
Аты болса шаптырып,
Мақсаттары болады,
Бүтінде халық тарады.
Халыққа жар салғанда,
Орақтың ұлы қу Қази
Тойға келмей қалады.
Тойға келіп Қарасай,
Қайтып елге барады.
Шақырып алды қу Қази Қарасайды үйіне,
Түсті Қази күйіне,
—Қарасай батыр ер,—деді.
Дәнеңе жоқ ойыңда,
Бекер босқа жүр,—деді.
Ол Көкшенің баласы
Білемісің ол кім?—деді.
Қобыландыдан қалған Қыз Құртқа,
Шауып кетті қалмақтар,
Алшағырлы Бабахан
Білемісің сен,—деді.
Кешегі Қобылан батыр-ай,
Қайсымыздан кем,—деді-ай.
Қобыланнан қалған Қыз Құртқа,
Зәуелім шайтан болмаса,
Содан туған ұл деді-ай.
Бұл бала адам болған соң,
Неғылып жүзін көреміз,
Бұл баланы біз,—деді.
Мына тұрған Жетімтай
Еш адамнан кем болмас,
Білімімше менің бұл,—деді.
Біз бұ жерден тұрып кетелік,
Қыз Құртқаның соңынан
Құртқаны қуып кетелік.
Тірі болса Құртқаның
Өзін тауып алайық.
Өлі болса Құртқаның
Сүйегін тауып алайық,
Кел артынан барайық.
Мына тұрған Жетімтай
Төрт жасына келгенде,
Тек жататын болмайды-ай.
Атсаң мылтық өтпейді,
Шапсаң қылыш кеспейді,
Қарғасаң қарғыс жетпейді,
Суға салсаң батпайды,
Жалғыз да болса қаһарман,
Қыз Құртқаны шығарып алар, бұл,—деді.
Бекер босқа қалмалық, абыройдан біз,—деді,
Керек болар бізге бұл,—
Деді дағы Қарасай Қазименен екеуі,
Жүріп кетті жол шегіп,
Қалмақтарға қарай шамасы-ай.
Енді сөзді есітің Жетімтайдан
Бір жасында бірленіп,
Екі жаста түрленіп,
Үш жасына келгенде,
Үшкілсіз көйлек кимеді,
Берен тонға сыймады.
Адамзаттың баласы көлденеңнен көреді,
«Мынау қандай адам»,—деп,
Көрген адам таң қалады.
Он бес асық, қос топай,
Жетімтайдың қолында
Алтын тақыр үстінде,
Асық ойнап жүр еді.
Бәлеге балалар қалады,
Ұтса дағы, ұтылса да балалардың
Асығын тартып алады.
Алысса күші келмейді,
Асығын қайта бермейді.
Асығынан айырылып, балалардың бәрі еңірейді,
Неғыларын балалар білмейді.
Сол уақытта бір бала
Көп баланың ішінен
Жетімтайға сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Айналайын, Жетімтай,
Қыласын зорлық маған-ай,
Сенің шешең қыз Құртқа
Қыз Құртқа қайда жүргенін,
Білемісің сен,—дейді.
Сен білмесең айтайын,
Білемін, енді мен,—дейді.
Шешеңнің соры қайнаулы,
Екі қолы байлаулы.
Мың сарықтың соңында,
Шабаданы мойнында,
Шешеңнің соры қайнаулы.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз