Қобыланды батыр жыры (11-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу
Ұзақтамай бұл жерге
Орақтың да қарасы,
О да келіп құлады.
Енді екеуі таласып,
Кетіп бір енді барады.
Екіден соңғы кім десең,
Қыдырбайдың баласы
Қобылан батыр сол екен.
Енді үш ат жөнелді,
Соңғы аттарды күтпеді.
Үшеуі талас құлады
Қарақшыға шамасы.
Сол арада көтерме
Әсер етті бұларға.
Орақтың келді қарасы,
«Қара ат бұрын келді» деп,
Жайылды хабар халыққа.
Ендігі бәйге сұрасаң,
Сементтеген көк-ай тас
Күресетін жері екен.
Ортаға келіп отырды
Бір қалмақтың баласы.
Екі иінінде екі шоқ,
Жаурынында қоңырау.
Он екі қабат шынжырды
Беліне енді орады.
Майдан қылған жерінде
Күресем деп тұрады.
—Палуаныңды шығар,—деп,
Шынтемірдей ханыңа
Енді хабар қылады.
Мына тұрған Шынтемір
Жан-жағына қарады.
Бүтін енді батырдың
Бәрі де сонда бар еді.
Қоңыраулы палуан
«Шығар-ай,—деп,—кісіңді»,
Үш мезгіл хабар қылады,
Ешкім бұған бармады.
Бәйгеден келген жас бала
Ісіне мұның қарашы,
Түс деген бұған адам жоқ,
Өзі түсіп атынан,
Аяңдай басып аяғын,
Палуанға кетіп барады.
Палуанның қасына
Қобылан келіп тұрады.
Сонда қалмақ қарады:
—Айналайын, жас бала,
Істеген ісің масқара.
Теңің сенің мен емес,
Менің теңім сен емес,
Сеніменен менің күресуім жөн емес.
—Айналайын, қалмағым,
Бар ма еді менде алмағың?
Таразыға тартқанда,
Басар-ау менің салмағым,
Батар-ау менің бармағым.
Өзіңе-өзің баламай,
Сондай дардай болсаң да,
Сендей, сендей қалмақты
Оңай бір менің алмағым.
Бала деп мені аяма,
Қайсардың Қаратауына
Иегімді сүйей сал,—деді,
Білгеніңді қыл,—деді.
«Інісі бар дегеннің,
Тынысы бар деген сөз»
Бұрынғыдан бар,—деді.
Інісі бұрын барады,
Інісінің сарқытын
Ағасы оның алады.
Қалмақ айтты үш рет,
Балаң айтты үш рет.
Ашуланып баланың
Енді қалмақ сөзіне,
Түрегеліп барады.
Баланың ұстап белінен,
Зуылдатып үйірді,
Енді жерге ұрады.
Көтеріп жерге ұрса да,
Қобылан құламай тіке тұрады.
Осы тұрған қалмақ
Үш мезгіл үйірсе де көтеріп,
Құламай бала қалады.
Сементтеген көк тастың
Ортасы жарылып,
Арасына жік түсті.
Ендігі кезек балаға
Қалмағың енді береді.
Мына тұрған Қобылан
«Айрылдым ба екен барымнан,
Кесілдім бе деп қарымнан»
Бар қуатын жинап ап,
Қанша мықты болса да,
Мына тұрған қалмақты
Көтеріп жерден алады.
Енді бала үйіріп,
Қалмақты жерге ұрады.
Таудай болған қалмағың
Сол баладан құлады.
Шынтемірдей ханыңыз
Шауып келіп қасына,
Қайратына баланың
Енді риза болады.
Танымайды екен Шынтемір:
—Баласысың кімнің?—деп,
Қобыланнан сұрады.
Сонда тұрып Қобылан:
—Менің атым—Қобылан,
Қыдырбайдың ұлымын,—
Деп-ай баян қылады.
Бұл баланың бетінен
Үш қайтара сүйеді.
«Алып бір бердің бәйгемді»,—
Деп риза болады.
Қайтадан барып халқына,
Қасындағы көп халық
Соларға хабар қылады:
—Ат бәйгесі біздікі,
Екі бәйге Қобыландынікі.
Ат бәйгесін бұған қиялық
Бәріміз түзеп пәтуа.
Мына тұрған Құртқаны
Қобыланға жұпты қылайық,
Осымен риза болады.
Мына тұрған Қобыланға
Құртқаны ноғай қияды.
Ноғай деген көл халық,
Қобылан жалғыз екен ғой.
«Мына тұрған балаға
Неғылып береміз Құртқаны»,—деп,
Ноғайлар күңкіл қылады.