Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (1-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

Қыдырбай деген бай болыпты. Төрт түлігі сай, байлығы жұрттан асқан екен дейді. Қыдырбай қыдырғанда он екі атты пар жегіп, он екі аттың ішіне желмая деген нар жегіп, әйелі Ақзарбапты қасына алып тойға барады екен. Екі жүз елу түйеге саба арттырып, оның піскегін алтыннан ойдырады екен.

Екі жүз елу түйеге саба артып,
Алтыннан піскек ойдырып,
Үстіне оны қойдырып,
Аспаһаны кілемді
Енді үстіне жаптырып,
Жібектен арқан тақтырып,
Мұның енді байлығы
Жаһаннан артық болады.
Артық демей не дейін
Арасына көше кіргенде,
Жарқырап жерді алады,
Жұрт бір таң қалады.
Мына отырған Қыдырбай
«Байлығы мұндай болды» деп,
Байлар бір таң қалады.
Күншілік кіріп араға,
«Қыдырбайды кемітеміз,—деп,—қай жерден»,
Бір-біріне ақыл салады.
Сонда тұрып Жаманбай,
Ақыл бір тапты осылай:
—Қыдырбайды енді мен
Кемітіп саған берейін,
Маған салсаң ақыл-ой.
Сол уақытта Жаманбай
Ақыл бір тауып береді-ай.
—Жиылған енді көп халық,
Мен де бір той қылам,—деп,
Хабарлады Жаманбай.
Есітті жұрттың құлағы-ай.
Қыдырбайдай шалыңның
Дәнеңе жоқ ойында,
Жүре берді осылай.
Бір күндері болғанда,
Жаманбайдың уағдасы
Қалып еді жақындап.
Тағы соған баруға
Ойлады байғұс Қыдырбай.
Он екі атты пар жегіп,
Желмаясы тағы бар,
Келе жатыр осылай.
Бұрынғыдай болады,
Сабаларын арттырып,
Түйелерін тағы алады.
Сол уақытта Жаманбай
Қой бағып жүрген қойшыны
Шақырып алды үйіне:
—Айналайын қойшы жан,
Тілімді менің ал,—деді.
Бір нәрсеге жұмсайын,
Жұмсаған жерге бар,—деді.
Келе жатыр Қыдырбай,
Қыдырбай кірсе көшеге
Болады тағы бұрынғыдай.
Қыдырбайға барып сен келсең,
Өз алдыңа қондырып,
Бір ауыл қылам өзіңді-ай.
Қыдырбайға бар,—деді,
Құлағына сал,—деді.
«Ұлы барға орын бар,
Қызы барға қызық бар,
Ұлсыз, қызсыз Қыдырбай
Бұл жиында несі бар?!»
Сол сықылды байларды
Шақырған жоқпын мен,—деді.
Бейшара болған Қыдырбай
Түсе салып арбадан,
Сол баланы қуады.
Балаға байғұс жете алмай,
Етпетінен құлады,
Құлап жатып жылады.
Арбадан сүйеп алғаны,
Төсекті қағып салғаны,
Ақзарбап келіп қасына
Қыдырбайға толғады:
—Әй, алғаным, алғаным,
Төсекті қағып салғаным,
Не болды саған жазғаным?!
Жатқан жерден тұр,—деді,
Беті-қолыңды жу,—деді.
Қатындай болып бейшара,
Еңірей берген не?—деді.
Құрысын малың, пұл жинап,
Енді, шіркін, не етелік.
Дүниеден екеуміз
Жаяу қаңғырумен өтелік.
Айтқаны мұның шын екен,
Жұмыла кетсе екі көз,
Малға ие жоқ екен.
Біз не етелік,не етелік,
Осы арадан қайтып, елге кетелік.
Бар түйедегі сабаға
Енді пышақ салалық.
Ен даланың бойында,
Еш адам жоқ қасында
Ақзарбаппен екеуі
Дүниені талқан қылады.
Бір баланың жоқтығынан
Тойға енді бара алмай,
Бейшара болған Қыдырбай
Еліне қайтып құлады.
Айғырын сойды ақыртып,
Бурасын сойды бақыртып.
Шал қошқарды сояды,
Садақасын қылады.
Кемпір менен шалыңыз
Бұрынғының бәрін тастады.
Темірден киіп шабата,
Темірден таяқ алады.
Қыдырбай мен Ақзарбап
Қаңғыруға қарады.
Күні-түні жол жүріп,
Қыдырбай мен Ақзарбап
Сапар шегіп барады.
Маңдайы күнге күймеген,
Табаны жерге тимеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Жібектен басқа кимеген,
Сондай болған Ақзарбап
Бір баланың жоқтығынан
Зарлап кетіп барады.
Жаулығын салып мойнына,
Құдайдан бала сұрады.
Енді ойласақ кемпір-шал
Бірнеше күн жол жүріп,
Шаршап бір байғұс тұрады.
Екеуі жатып бейшара
Сол араға құлады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз