Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр (1-бөлім)

Қобыланды · 3 мин оқу

Қолға қалам алайық,
Азырақ бастап, жазып қарайық.

Қобыланды өлгеннен кейін қалмақтар қыз Құртқа үшін Қобыланды елін шабады. Қалмақтың ханы—Алшағыр Бабахан. Алшағыр Бабахан кек алу үшін Қобыланды елін шабады. Қыз Құртқаны жайдақ тайға мінгізіп қорлаған. Маңдайына күн, табанына жер тимеген нелер асылдарды ат артына үңілтіп, таңып алып кетеді. Қалмақтар алып, көшіп келе жатып, қонған жерде қыз Құртқа толғатады. Толғатқанын қалмақтарға білдірмес үшін түйелерді тасалап, қасындағы жәрдемшісі арқасын сипаса бір ұл, ішін сипаса бір қыз туады. Қалмақтар мұны біліп қалады. Қалмақтар толғатқанын біліп қалып, Құртқаны қамап алып, баланы тауып алады. «Бөрінің баласы бөрілігін жасайды»,—деп екі баланы өлімге қияды, ана деген қорғаныш баласын «бермеймін» деп құшағын жайып, қыз Құртқа баланың үстіне құлады.—Бұл баланы өлтірме,—деп сұрады.—Баланы өлтірме, көш-жөнекей алып жүрмеймін, осы араға тастап кетейін, тек өлтірме,—деп өтінді. Қалмақтар қыз Құртқаның тілегін беріп, баланы өлтірмейді, бірақ «көшке ертуге болмайды» деп рұқсат етеді.

Рұқсат қалмақтар берген соң,
Екі етегін түрініп,
Әр бұтаға сүрініп,
Екі баланы қолға алып,
Жүгіріп кетіп барады.
Ылдидың құба жонында,
Еш адам жоқ соңында,
Үлкен бір тауға кеп құлады,
Сол араға келіп, бейшара Құртқа жылады.

Жылап жүріп, қары бойы жер қазып, екі баланы сол жерге тастайды.

Сонда Құртқа жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Қияйын десе қия алмай,
Неғыларын біле алмай,
Орда қалған сәбиге,
Қайта айналып келеді.
Екі бірдей сәбиді
Кезек-кезек екеуін үш қайтара сүйеді.
Тұла бойдағы тамырдың
Бәрі балқып иіді.
Қылатын жәрдем адам жоқ,
Екі бірдей ол сәби
Ен далада қалады.
Қалмақтың қылған зорлығы,
Осындай зәбір қылады.

Амалы жоқ Қыз Құртқа қосына қайтып барады. Баяғы тұрған қалмақтың қосына келіп, Қыз Құртқа қайтадан енді құлады.

Таң мезгілі болғанда,
Шолпан жұлдыз туғанда,
Тағы да асып, көш жөнелді—
Екі бірдей жас жетім сол арада қалады.
Жалғыз ағаш кесілсе, қуарып қалар тамыры,
Амалы жоқ, қалмақтың осылай болды әмірі.
Таң мезгілі болғанда,
Екі бірдей сәбидің үстіне киік құлады.
Сол баланың үстіне балалаған бұл киік
Сүтін беріп емізіп,
Сүт беріп қорек қылады.
Күнде келіп сол киік
Үш мезгіл емізіп тұрады.
Осы жерде тұрып балалар,
Бір жасқа келіп толады,
Екінші жасқа қарады.
Бір күн келсе сол киік
Балалар құйрықтан алады.
Кетейін десе әлгі киік
Кете алмай тұрып қалады.
Балалықтың зарпынан
Бір күн ұстап тұрады.
Баяғы киік ойлады:
«Бір күні мені өлтіріп кетер»,—деп,
Киік қауіп қылады.
«Босансам енді келмен»,—деп,
Ішінен уағда қылады.
Босанып енді алған соң,
Киік қайта келмеді.
Балаға емшек бермеді,
Баланы қайтып көрмеді.
Қалып қойған қос жетім,
Не жасауға білмеді.
Ішейін десе асы жоқ,
Киейін десе киімі жоқ,
Неғылуға біле алмай,
Балалар енді сандалды.
Екі бірдей жас бала
Енді бір жүріп қаңғырды.
«Бұ жерде жатып, не етелік,
Қаңғырумен өтелік»,—деп,
Екі бірдей жас сәби
Қараспан тауының қасына
Келіп бір, балалар құлады,
Сол арада жылады.
Ұйқы деген дұшпан ғой,
Жылап жатып ұйықтап қалады.
Көкше дейтін бір Ноғай
Ит жүгіртіп, құс салып,
Ен далада жүреді,
Баяғы Көкше үстіне балалардың келіп құлады.
Екі бірдей баланы ұйықтап жатқан жерінен
Баяғы Көкше көзі көріп тұрады.
Көріп тұрып шыдау ма,
Көкше сонда жылады.
—Тауға да бала бересің,
Тасқа да бала бересің,
Маған неге бермейсің,—деп,
Көкше сонда жылады.
Неғыларын біле алмай,
Ақ-таң болып тұрады.
Бір сүйейін бетінен, бір жазайын дертімнен,
Кім болса да, о болсын,
Балалардың үстіне
Көкше келіп құлады.
Кім екенін біле алмай,
Дауыспен балалар оянды.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз