Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр жыры (15-бөлім)

Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу

Адамзаттың баласы
Бұндай күшті болар ма?
Мына тұрған Қобыланға
Қалмақ бір таң қалады.
«Бұған тиіп болмас,—деп,
Тиген де кісі оңбас»,—деп,
Бастың қамын қылуға
Қалмағың қатты ойланды.
Қалмақты Құдай ұрады,
Төбеден жел тұрады.
Қобыланның қасында
Енді шіркін тұра алмай,
Қашып кетіп барады,
Қобыланның көріп күшін-ай,
Істеген оның ісін-ай.
Қалаға қарай қашады,
Қашқанына қойсын ба,
Қуып жетіп артынан,
Кісі жейтін қалмақты
Өлтіріп бір тынады.
Мақсаты болып Қобылан,
Қалаға қарай құлады.
Орлардың өтіп үстінен,
Торлардың өтіп үстінен,
Қалаға келе құлады.
Құрттай болып қыбырлап,
Шөптей болып жыбырлап,
Толып тұрған қалмақ
Сондай бір әскердің үстінен
Келіп бір Қобылан құлады.
Келген енді баланы
Ортаға алып қамады.
Қамаса да бұл қалмақ
Қамауына тоқтамай,
Шығып кетіп барады.
Қобыландының қырық жолдасы
Тұс-тұсына барлығы тарады,
Маңдайымен кетіп барады.
Жердің жүзін шаң басты,
Бірі-бірінен халық адасты.
Енді айқайды тұс-тұстан
Барлығы да салады.
Айқайлаған дауысы
Айлық жерді алады.
Күркіреген дауысы
Күндік жерді алады.
Таулар енді селкілдеп,
Жер қозғалғандай болады.
Қобылан ерді қамалап,
Мойнына шынжыр салады.
Үстіне салған шынжырды
Үзіп кетіп барады,
Жіптей дағы көрмеді.
Қобылан жаудың ішінде
Құтырғандай болады.
Бәтшәйі бешпет қырмызы,
Кәмшеттің бауын сыпырды.
Қолына алып қылышты,
Қобылан жаман құтырды.
Қылышпенен шабады,
Алдын шауып тастаса,
Арты басым болады.
Өлгенінің орнына
Өлмегендер толады.
Сонда да бала болмады,
Шабуынан танбады.
Оңға да қылыш ұрады,
Солға да қылыш ұрады.
Бұл қалмақтың ішіне
Сондай бір қырғын салады.
Қалмақтың қанын ағызып,
Қызыл қанмен суарып,
Астындағы торыны
Сондай қырып жүрсе де,
Ойда жатыр он мыңы,
Қырда жатыр қырық мыңы—
Сансыз қалмақ көп екен,
Есебін мұның санауға
Жете алмас адам дер екен.
Ханның басын санасаң,
Тоқсан ханның елі екен.
Туғалы адам келмеген,
Бұрын жауды көрмеген
Тұнық бір жатқан ел екен.
Сол қалмақтың ішінде
Бекболат деген ер екен.
Аты оның—Бекболат,
Қандай жан барса да,
Бекболаттың уысынан
Шыға алмай жоқ болад.
«Тәңір-ай» деп Бекболат
Қобыланға тап болад.
—Әй, жас бала, жас бала,
Істеген ісің масқара.
Елді бір иесіз дедің бе,
Жерді бір иесіз дедің бе?!
Енді елге келесің,
Мұнша неге қырғынды
Неге елге бересің?!
Неше жаның болса да,
Мен қимылдасам, өлесің.
Мықты болсаң, Қобылан,
Менің кезегімді бересің.
Кезегін беріп тұрады,
Қобыландайын батырың.
Дәнеңе жоқ ойында,
Қорықпай батыр тұрады.
Қорамсаққа қол салды,
Атайын деп қалмақ оқталды.
«Торыша аттың басы-ай»,—деп,
Алтын ердің қасы-ай,—деп,
Қақ жүректің басы-ай,—деп,
Өлер жерің осы-ай,—деп,
Үзеңгіге шіреніп,
Көпшікке көтін тіреніп,
Жіберген атып жері еді.
Қалмақтың атқан бұл оғы
Қобыланға келеді.
Тоғыз қабат сауыттың
Сегізінен өтеді.
Жыртыла жаздап тоғыздың
Енді ойласаң жағасы.
Аман сақтап қалады
Қобыланның бабасы.
Балаға кезек береді,
«Қу жебе» деген оқ алды,
Атайын деп қалмақты
Енді бала оңдалды.
«Сарала аттың басы-ай,—деп,
Шетперлі ердің қасы-ай,—деп,
Қақ жүректің тұсы-ай,—деп,
Өлер жерің осы-ай,—деп,
Үзеңгіге шіреніп,
Көпшігіне тіреніп,
Бұ да атып жіберді.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз