Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр (3-бөлім)
Қобыланды · 2 мин оқу
Алшағырлы Бабахан
Шауып кетті еліңді,
Сындырды сенің беліңді.
Батыр болсаң Жетімтай,
Алсайшы сол қалмақтағы кегіңді.
Мұндай сөзді Жетімтай
Естіген жоқ бұрын-ай,
Етегін шеңгел сыдырып,
Әр бұтаға сүрініп,
Үйіне келді жүгіріп.
Орыстар ақыл ойласа,
Кінегеде хаты бар.
Мұсылмандар ақыл ойласа,
Ақылға жетік қарты бар.
—Айналайын анам-ай,
Менде сенің балаң-ай,
Аймалап емген мамам-ай,
Құлағыңа салам-ай,
Қобыланнан қалған қыз Құртқа
Алшағырлы Бабахан
Шауып кетті,—дейді жаман-ай.
Орақтың екі баласы—
Қу Қази мен Қарасай
Қуып та кетті соңынан.
Ағаларым жауға кеткенде,
Неғылып мен де қалам-ай.
Рұқсат берсең маған-ай,
Мен де солардың соңынан барам-ай.
—Өлгенде көрген құлыным,
Салбырайды тұлымым.
Омыртқаң сенің өскен жоқ,
Қабырғаң сенің қатқан жоқ,
Қиыншылық жер,—дейді.
Туғалы жаудың қарасын
Көрген жоқсың, сен,—дейді.
Тілімді алсаң Жетімтай,
Бұл сөзіңді қой,—дейді.
Күннен-күнге еңіреді,
Жетімтай рұқсат бермеген соң,
Ажал жетпей өлім жоқ,
Айналайын мамеке-ай,
Әкеме айтып көр,—деді.
Рұқсат берсең екеуің
Барайын мен де солармен
Осы тұрған бейшара Ақмаңдай
Неғыларын білмеді,
Көкшеге айтып еңіреді.
«Бізден бала туады,
Деген бір ой бар ма еді?
Бізден енді ұл туып,
Өтірік емес, шын туып,
Бізден рұқсат сұрайды,
Деген бір ой бар ма еді?
Қадірін мұның біл,—деді.
Кел, балаға беремін,
Рұқсат енді біз»,—деді.
Кемпір менен шалыңыз
Мұны мақұл көреді.
Қарындасы Жетімек
Барғанын мақұл көреді.
Рұқсат бұлар берген соң,
Көп жылқыны аралап,
Баяғы бала келеді.
«Ішіндегі аттардың осы бірі маған жарар»,—деп,
Алаға құрық салады,
Мініп алып бала шабады.
Әу деген жерге шыдамай,
Етпетінен құлады.
Ішіндегі күреңді
Мұныда мініп көреді.
Бұ да енді жарамай,
Қаңтарылып бұ да тұрады.
Менің әкем Көкшенің
Айдағаны ит екен,
Жинағаны бит екен.
Біз сықылды батырдың
Мінетін аты жоқ екен,—деп,
Тарығып бала тұрады.
Жан-жағына қарады,
Құбыла сарай бетінде,
Жусап тұрған көк дөнен
Баланың көзі шалады.
«Бір мінуге осы жарар»,—деп,
Бұғалықты бала салады.
Бір тигізбей табаның
Алып кетіп барады.
Өлдім-талдым дегенде,
Өлдім-жандым дегенде,
Кеттім-бардым дегенде,
Қаратып басын алады,
Басына жүген салады.
Көк дөненді жетелеп,
Төте қырды төтелеп,
Кесе қырды кеселеп,
Үйіне кетіп барады.
Үйіндегі Ақмаңдай
Көзі енді шалады.
Үйіндегі дүниенің бәрін ақтарып,
Шығаруға ойлады,
Шабаданның аузын ашады.
Тоғыз қабат ақ сауыт,
Бәрінде соның шығарып,
Алдынан дайын қылады.
Бала үйіне келеді,
Көк дөненді жетелеп,
Мақпал тоқым салады.
Алтын ерді үстіне,
Баптап оның салады.
Төс айылын бек тартып,
Құйысқанын қысқартып,
Баруға жауға қарады.
Тоғыз қабат ақ сауыт,
Өле кетсем далада,
Кебінім деп (салады) киеді.
Ұзын ұңғы көк найза,
Өле кетсем далада,
Сайғағым деп іледі.
Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Буынса егер белге тоқ.
Біреуге бар да, біреуге жоқ,
Ата алмасам маған серт.
Шығыршығың шық етіп,
Атылмасаң саған серт.
Қолыма алдым ақ алмас,
Ақ алмастан жан қалмас.
Қынапқа салса бір құлаш,
Суырып алса екі құлаш.