Қобыланды батыр жыры (12-бөлім)
Қобыланды · Сүйіншәлі нұсқасы · 2 мин оқу
Бірсыпыра күңкілдеп,
Өзіне серік жияды.
Ахметтей шалыңыз
Соны естіп тұрады.
Сонда тұрып Ахмет
Күңкіл қылған ноғайдың
Барлығына толғады:
—Қобыланның күшін, қарағым,
Жоқпысын көрген сен?—деді.
Кешегі палуан ақырып,
Сендерді шақырып.
Мықты болсаң, қарағым,
Сонда неге бармадың?
«Бар, әй»,—деген Қобыланға
Ешбір кісі жоқ еді.
Байқасаң қайраты
Қобыланның көп еді.
Бұл Қобылан туғанда,
Жерік асын әкелген
Тұзбайырдан мен еді,
(Білмейсің бәрің деп еді.)
Айдаһардың жүрегі—
Соны жеген Ақзарбап
Жерігі қанды деп еді.
Сан болсаң да, көп ноғай,
Қобыланға әлің келмейді.
Жалғыз да болса бұл Қобылан
Сендерге теңдік бермейді.
Мына тұрған Қобыланға
Атсаң бір мылтық өтпейді,
Шапсаң да қылыш кеспейді,
Шаныссаң да найза батпайды,
Салсаң бір отқа күймейді,
Салсаң да суға батпайды.
Қобыланның жайын, қарағым,
Білмейсің бәрің сен,—деді,
Тілімді алсаң қой,—дейді.
Алмасаң менің тілімді,
Тапсаң алтын бермеңдер.
Зиян көрсең, қарағым,
Мені қайтып көрмеңдер,—деп,
Ахмет айтып кетті.
Енді халық көнеді,
Көктен қызын береді.
Халайық бүтін тарады,
Осы тұрған Қобыланның
Енді өзі қалады.
Ақ отауын арттырып,
Аспаһаны кілем жаптырып,
Жібектен арқан тақтырып,
Қызық дәурен дүниеде
Кемпір енді арттырып,
Сондай бір қызық қылады.
—Не қалауың бар-ай?—деп,
Күйеуінен сұрады.
Сонда тұрып қыз Құртқа
Қобыланға сыбыр ете қалады:
—Мына тұрған жай бұлтын
Соны сұрап ал,—деді.
Мұның енді қасиеті
Кісіге білген көп еді.
Қайдан білсін Қобылан
Құртқаның айтқан сөзімен
Енді Қобылан біледі.
Не қалауың бар десе,
Жай бұлтыңды бер,—деді.
Сонда Көктен тұрады
«Қайдан білсін Қобылан,
Қыз Құртқадан болды»,—деп,
Қызынан күдік қылады.
«Әй, залым-ай, бұл қызды
Асырасаң да болар,—деп,
Асырамасаң да болар»,—деп,
Амалы жоқ бұл кемпір
Жай бұлтын Қобыланға береді.
Мына жай бұлтының
Қасиеті көп еді.
«Қарның ашса қасыңда
Азық болар,—деп еді.
Жалғыз болсаң далада,
Әскер болар,—деп еді.
Шөлдей қойсаң далада,
Сусын болар,—деп еді.
Өте алмайтын жер болып,
Дарияға кез болсаң,
Көпір болар»,—деп еді.
Несін айта берейін,
Қасиеті көп еді.
Ырғап-жырғап Құртқаны
Ұзатқан осы жері еді.
Енді Құртқа, ал, көшіп,
Қыдырбайдың еліне қарай келеді.
Бір жерлерге келгенде,
Көп жылқының шетінен
Енді бұлар көреді.
«Мынау кімнің малы?»,—деп,
Қобыланнан Құртқаның
Сұраған жері осы еді.
—Менің әкем Қыдырбай,
Соның малы осы,—деп,
Қобылан жауап береді.
Көп жылқыны жағалап,
Ішін соның аралап,
Көш те жүріп келеді.
Бір жерлерге келгенде,
Ішінен соның бір кер құлын
Құртқаның көзі көреді.
Келе жатқан келінге
Ата менен ананың
Көрімдікке бір қара
Беретін жері еді.
«Енді берсе көрімдік,
Қулықты берсін»—деп еді.
Қыдырбайға бір жаушы
Осыны айтып келеді.
Қыдырбай мақұл көрмеді,
Сұраған оның қулығын
Құртқаға енді бермеді.
Мына тұрған қыз Құртқа
«Бір жылқысын қимады,
Бір жылқыдай мені көрмеді»,—
Деп-ай Құртқа еңіреді.
Енді Құртқа сол жерден
Ауылға қарай келмеді.
Сол жерге Құртқа қонады,
Кер қулықты сұрады.