Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр (4-бөлім)
Қобыланды · 4 мин оқу
Шабалмасам маған серт,
Қанға тойсаң саған серт!
Қолыма алдым ақ найза,
Шаншалмасам маған серт.
Шығыршығын шиық етіп,
Орта жерің бұлқ етіп,
Қараң қалсаң саған серт!
Астыма мінген көк дөнен
Шаба алмасаң саған серт.
Тәлтіректеп аяғың
Тастап кетсең саған серт!
Өзімен серттес немедей,
Серттесіп әбден алады,
Көк дөненге мінуге бала қарады.
Атқа мініп алған соң,
Кемпір мен шал еңіреп,
Батасын беріп қарады.
Айналайын балам-ай,
Құдай болсын панаң-ай.
Әйелдердің пірі едің,
Бибі Бәтима тапсырдым деді саған-ай.
Балама көзің сал,—деді,
Адасса жолға сал,—деді,
Тапсырдым саған мен,—деді-ау,
Бір көзінен қан ағып,
Бір көзінен жас ағып,
Батасын берді кемпір-шал.
Батасын алып Жетімтай,
Шығыпты-ай кетті, жөніне-ай.
Астындағы көк дөнен
Мініп алып шу,—деді,
Табаны жерге тимеді.
Шаңы аспанға жосады,
Қырық кез бауырын жазады.
Шапқан жері қазылып,
Жерошақ болып қалады.
Шапқан сайын ойнады,
Шабуылға тоймады,
Басын тартса кетеді
Бөксе жағы қырындап,
Ұшқан құстай көк дөнен
Жөнелді сонда пырылдап.
Бұрылмайтын бұрма тау,
Мұнан да өтті есен-сау.
Құладын ұшпас құла ой бар
Құлазып өтіп жөнелді.
Жорытпайтын түлкі түлейден
Түнде өтіп жөнелді.
Айдын да көлдің үстінен
Келіп бір бала құлады.
Құлазыған көл екен,
Адам келмеген жер екен.
Бақасының көптігі
Жылқыны көлге жаптырмайд.
Шалғынының көптігі
Түйені шөккен таптырмайд.
Жыланы бар базандай
Шөгіп жатқан атандай.
Балдырғаны білектей
Қымыздығы жүректей.
Туғалы адам келмеген,
Айдын бір жатқан көл екен.
Атым болса шалсын,—деп,
Ұйқым болса қансын,—деп,
Азырақ тыным алады.
Көк дөненнің үстінен
Алтын ерді сыпырып,
Енді бала алады.
Мақпал жабу жабады,
Жібек арқан тағады,
Алтын қазық қағады.
Ер-тоқымын жастанып,
Ұйықтап бала қалады.
Жеті күн ұйықтап бұл бала
Ұйқысы енді қанады.
Ұйқыдан тұрып жас бала
Алып келіп дөненді,
Алтын ерді салады.
Басын көкке қаратып,
Кіндігінен жаратып,
Құйысқанын қысқартып,
Төс айылын бек тартып,
Бала бір мініп алады.
Салды атына құйысқан,
Бірге туған жоқ еді.
Енді мұнда туысқан
Құдайдың өзі бергей,—деп.
Ақырының қайырын
Жүріп кетті жол шегіп.
Осы уақытта қой бағудан босанып, зынданда жатып қыз Құртқа түс көреді. Түсінен шошып оянып, жылады:
—Уа, қабағым неге тартасың,
Құлыным келіп артымнан,
Қуанатын күндер болар ма?
Қарым неге тартасың,
Құлыным келіп артымнан,
Құшақтайтын күндер болар ма?
Көкірегім күлбіреп,
Мұнша неге қуандың,
Қуанатын күндер болар ма?
Тұла-бойым балқыдың,
Қатып қалған қос емшек
Мұнша неге жібідің?
Құлыным келіп артымнан,
Еметін күндер болар ма?
Осындай етіп қуанып,
Енді Құртқа тұрады.
Енді сөзді есітің,
Кешегі тұрған Жетімтай
Айтып ауыз жұмғанша,
Ескен желдер тынғанша,
Майтөбенің басынан
Құлады қалмақ қасына.
Он екі қабат ор екен,
Тоқсан қабат тор екен,
Кіретін жолы жоқ екен.
Оған барған батырдың
Қанша батыр болса да,
Маңдайының соры екен.
Осы тұрған Жетімтай
Кірейін деп өрледі,
Тыным, сірә, көрмеді.
Он екі қабат орынан,
Тоқсан қабат торынан,
Астындағы көк дөнен
Өтейін деп үстінен,
Көк дөненге шу,—деді.
Қамшы батты санына,
Сауысқан-қарға тойынды
Бұтынан аққан қанына.
Бүктетіліп жазылып,
Бозторғайдай пырылдап.
Он екі қабат орынан,
Тоқсан қабат торынан,
Үстінен ұшып жөнелді.
Көп қалмақтың ішіне,
Барып бір бала құлады,
Қияға көзін салады.
Құрттай болып қыбырлап,
Шөптей болып жыбырлап,
Бөріктері шүпірлеп,
Шылымдары бұрқырап,
Тұрған толып қалмақтың
Үстінен барып құлады.
Келді бір сонда жас бала,
Жас болса да баланың
Істеген ісі масқара.
Баяғы тұрған көп қалмақ
Енді ортаға алады,
Баланы қалмақ қамады.
Өзінен басқа қара жоқ,
Бала ойынды салады.
Қолына алды қылышты,
Бала салды ұрысты.
Алдын шауып тастаса,
Арты басым болады.
Өлгенінің орнына
Өлмегендер толады.
Бала үстінде торларды,
Үзіп кетіп барады.
Қаланың аузын жас бала
Бұзып кетіп барады,
Қалмақтар таң қалады.
Кісі екенін білмеді,
Жын екенін білмеді,
Бала торға кірмеді.
Жиналып тұрған көп қалмақ
Неғыларын білмеді.
«Мұныменен бұл бала
Шаба берсе осылай
Бірің де аман қалман»,—деп,
Қалмақтар уайым шегеді.
Кешегі кеткен Қази менен Қарасай
Қайда екенін білмеді.
Аз кідіріп тұрады,
Атының мойнын бұрады.
Күн шығар жақ бетінен,
Жаудың қиыр шетінен,
«Едігелеп» ақырған,
«Мысалап» ұран шақырған,
Жүрген бір қатты дауысты,
Жетімтай енді шалады.
Ешбір жанға қарамай,
Бала кетіп барады-ай.
Баяғы шыққан дауысқа
Мұндай адам болар ма?
Жеті күн жүріп Жетімтай,
Үстінен Қазидың құлады-ай.
Жетімтайды көргенде,
Түсе қалып атынан
Жетімтайдың сүйіп бетінен,
Қази сонда жылады:
—Өлгенде көрген бауырым,
Өкпе-бауыр жұлыным,
Аман-есен келдің бе?
Он екі тәубе, жүз құлдық.
Сені көзім көргенде,
Күнінде тәубе біз қылдық.
Келгелі болды бірталай,
Қыз Құртқаны таба алмай,
Қайда екенін біле алмай,
Ағаңның соры қайнаулы.
Таппай елге бармайды,
Кел, Жетімтай, кетелік.
Бастың аман күнінде,
Құртқаны тауып алуды
Енді талап етелік.
Он екі қабат ақ орда
Алтынменен бұлаған,
Хан ордасын қаралық.
Хан ордасы құламай,
Енді қалмақ жыламай,
Таптырмас деді Құртқаны,
Енді бізге, шырақ-ай!
Бөтен сөзді қояды,
Қази менен Жетімтай
Қыз Құртқаны қарады.
Он екі қабат саланы
Ақтарып бәрін қарады.
Қыз Құртқаны таба алмай,
Он екі қабат ордаға
Салып жетіп барады.
Ақ орданы ақтарып,
Таба алмады қалмақты.
Кеткен екен қашып-ай,
Өлтірмей менің өзімді-ай,
Оймай қоймас көзімді-ай.
Кеткен екен қашып-ай,
Албасты ханды басып-ай.
Енді соны таба алмай,
Келе жатыр жағалай,
Қалмақты енді аралай.
Көлденеңдеп қолаттан,
Шыға келді ала атпен,
Бір қалмақтың баласы-ай.
Қайыр табан, піл табан
Бұ да батыр ер екен,
Еңіреген ердің бірі екен.