Қобыланды (7-бөлім)
Қобыланды · Көшелек нұсқасы · 1 мин оқу
Шабалмай қалсаң саған серт,
Ала алмай қалсам маған серт.
Қалмақтың берген қорлығы-ай,
Ішімде болды қайғы-дерт.
Үстімдегі көк сауыт,
Сетіліп кетсең саған серт.
Қалмақтың ісін есітіп,
Маған болды жаман дерт.
Астымдағы Тайбурыл,
Шығарайын теріңді.
Атаңа лағнет Алшағыр,
Көрсетейін көрімді.
Қобыландыдай батырың
Сиынады бабаға.
Шауып кетіп барады
Алшағыр салған қалаға.
Қаланың аузын қан қылды,
Шарбақтың аузын шаң қылды.
Әлемдерге даң қылды,
Көшеден оғын зырғытты,
Шарбақтан атын қарғытты.
Астындағы Тайбурыл
Көзі оттай жанады,
Сүмбідей болып жарады.
Атаңа лағнет қалмаққа
Бүлігін салып барады.
Қанын судай төгеді,
Бүлігін салып келеді.
Атаңа лағнет қалмақтың
Сарғайды жүзі қоладай.
Дәл он бес күн дегенде
Қырылған екен көп қалмақ,
Ойылып қалған моладай.
Астындағы Бурылдың
Құшақ жетпес құйрықтан
Тек ағаш құйрық қалыпты.
От орнындай тұяқтан
Тек теңгедейі қалыпты.
Бурылға салды тепкіні,
Әлі де болса Бурылдың
Үй жыққандай екпіні.
Тарлан болып кетіпті
Қорғасын тиген сықпыты.
Қалмақтың соры қайнады,
Сол саланың бойынан
Қалмақты қуып айдады.
Қобданың бойын жағалап,
Қалмақты қуды жаралап.
Көкөзен судың бойынан,
Жирен Қопа көлдің ойынан
Қалмақтан қалмақ қоймады.
Електің бойын жағалап,
Айдады бәрін аралап.
Сонда келді ер Қобылан
Қара Обаның қасына,
Шауып шықты басына.
Қараса қалмақ асыпты,
Қырылғаны қырылып,
Қырылмай қалған көп қалмақ
Қытайға қарай асыпты.
Қобыландыдан қорқып,
Сонда қалмақ босыпты.
Елін-елге теңгерді,
Жетімдерге жем берді,
Ноғайлыға жер бөлді.
Қобда, Жирен Қопа,
Көкөзен—үшеуі
Қобыландыға жер болды.
Қобыланды деген ер екен,
Бұл Қобыландының жері екен—
Жирен Қопа дегені
Қобыланды батырдың
Жылқы салған көлі екен.
Қалмақтың бәрін бостырып,
Қобыландыдай батырдың
Тамам болған жері екен.