Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды (5-бөлім)

Қобыланды · Көшелек нұсқасы · 3 мин оқу

«Малға барып келем»,—деп,
Батыр кетіп барады
Сайрауық ердің қасында.
Алты күнге баратын
Жылқысы еді алыста.
Екі сағат болғанда,
Жылқының келді басына.
Жылқыны жүрді аралап,
Көкөзен судың басында.
Алшағыр деген қалмақтың
Қаласы еді басында.
Алшағыр деген хан еді,
Көкаман қасқа, Көкқасқа
Деген батырлары бар еді.
Айқасқа менен Жанқасқа
Ақылы көп жан еді.
Сол төртеуі бірігіп,
Айдалада аң аулап,
Ойынменен жүр еді.
Қобыландыдай баланың
Қарасын сонда көреді.
Айқасқа мен Жанқасқа
Сынап сөйлей береді:
—Ана бір жүрген адамның
Айбаты таудай көрінді.
Төбесін байқап қарасам,
Қазандай бұлт ойнайды.
Желкесіне қарасам,
Жеті бүркіт ойнайды.
Астындағы торы аттың
Қанатын қағып парлайды.
Қасындағы жолдасы
Ол недей жан екен,
Анадан ол да қалмайды.
Ә, дегенше болмады,
Қасына жетіп келеді.
Қобыландыдай жас бала
Келе сөйлей береді:
—Атаңа лағнет, қалмағым,
Батар ма маған бармағың?
Өзім үйде жатқанда,
Жерімді неге барладың?
Жылдам білдір жөніңді,
Қай сапарға барасың,
Қай сапардан келесің?
Барлап жүрсең жерімді,
Қағылсаң да өлесің.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Мұнша неге шамдандың,
Келген жерден долдандың?
Біз «қалмақ» деген ер едік,
Әуелі елден шыққанда,
Аң аулап қайтсақ деп едік.
Өзің білдір жөніңді,
Қайдан жүрген баласың?
Оттай қаулап жанасың,
Қай сапарға барасың?
Сонда Қобыланды сөйледі:
—Он екі баулы ноғайда
Қыдырбайдың ұлы едім,
Мал түгендей жүр едім.
Сендерді көріп келемін,
Жау көрмей жүрген ер едім.
Айқасқа сонда сөйледі:
—Бәрекелді! Хош болады,
Сен бір жалғыз ер едің,
Сені көрсем,—деп едім.
Іздегенім сен еді,
Дос болайын,—деп едім.
Қолыңды бер, ер,—деді,
Жақынырақ кел,—деді.
Қобыланды қолын береді,
Дос болдық деп алтауы
Бірігіп сонсын жөнелді.
Айқасқа сонда ойлайды,
Жан-жағына қарайды.
Өтірік алдап барлауға,
Ой түбіне тоймайды.
Айқасқа алдап жарысты,
Қобыланды мінген торыша ат
Ауыздығымен қарысты.
Қалмақтың бәрі қалады,
Жалғыз озып барады.
Айқасқа және ойланды,
Аударыспақ ойнады.
Қобыландыдай жас бала
Жан-жағына қарады.
Төртеуін де қалмақтың
Аударып тастап барады.
Жаннан олқы демеді,
Қобыландыдай баланы.
Сол уақытта кеш болды,
Еңбегі қалмақтың еш болды.
Аман-сауын айтады,
Елі-еліне қайтады.
Төрт қалмақ елге келеді.
Алшағыр деген ханына,
«Бір батыр көріп келдім,»—деп,
Айқасқа хабар береді.
Сонда Айқасқа сөйледі:
—Әй, Алшағыр, Алшағыр,
Сол секілді батырмен
Болып келдім мен тамыр.
Айқасқа соны сынады,
Сүйегі асыл ер екен,
Сонша бізге ұнады.
Ұнаса сізге дос болдым,
Көп қалмаққа бас болдың.
Алшағыр сонда сөйледі:
—Қобыландыдай жас бала,
Мен баяғы Құртқаға барғаннан
Содан бері шошыдым.
Сен соныңменен дос болдың,
Бәрекелді! Хош болды.
Айқасқа соны айтады,
Сонымен қалмақ жатады.

Қыдырбайдай байыңыз,
Тепсеңге бие байлайды.
Құлындары ойнайды,
Ойнаған жері шаң болды,
Қобыланды көріп, таң болды.
Қыдырбайға келеді,
Қобыланды сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Айналайын, жан ата,
Торыша атқа мінейін,
Қонған жерің тозыпты,
Бір жер көріп келейін.
Бір тәуір қоныс табалық,
Сол қонысқа баралық.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Торыша атқа мін,—деді,
Дүбір де дүбір жел,—деді,
Қоныс қарап кел,—деді.
Қобыланды атқа мінеді,
Қоныс қарап жүреді.
Көкөзен деген сулардың
Қобыланды келді беліне.
Сайрауық соның қасында,
Шауып шықты басына.
Қалың ағаш, ну көрді,
Ағып жатқан су көрді,
Айдын шалқар көл көрді,
Көлденең жатқан бел көрді.
Аралап жерді көреді,
Тап жеті күн дегенде,
Айналып үйге келеді.
Атасына келе сөйледі:
—Көкөзен деген көл көрдім,
Айдын шалқар көл екен.
Айналасы көк екен,
Жайылысы мол екен.
Қалың біткен қамыс бар,
Бізге лайық жер екен.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Айналайын, жалғызым,
Алдыңда өскен аға жоқ,
Алладан басқа пана жоқ,
Артыңда өскен інің жоқ,
Ерліктен басқа мінің жоқ,
Сенсіз менің күнім жоқ.
Алшағыр деген қалмақтың
Қорып жүрген көлі еді.
Әуре болма сен,—деді,
Ол қалмақтың көлі еді.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз