Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды (4-бөлім)

Қобыланды · Көшелек нұсқасы · 2 мин оқу

«Бере ме?» деп жіберді
Атекем менен енекем.
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Келінің құрсын, көрмеймін,
Келе сала мал сұрап,
Оған малды бермеймін.
Сонда Меңді сөйледі:
—Әй, Қыдырбай, Қыдырбай,
Досқа сөйлеп неткенің,
Уағдаңа жетпедің!
Сексен нарға саба артып,
Хан тойына барғанда,
Тақылдақ сонда не деді.
«Ұлсыздарға орын жоқ,
Қызсыздарға қызық жоқ,
Үйіңе қайт» деп еді,
Ұмыттың ба осыны?!
Бір құлынды сен қимай,
Осынша неге шошыдың?
Маған бір құлын тимей ме,
Сен бермесең, мен бердім,
Бар, Қансұлу, қайт,—деді,
Жеңешеңе айт,—деді.
Қансұлу сонсын қуанып,
Кейін барып қайтады.
«Менің үшін берді»—деп,
Жеңгесіне айтады.
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Жылқы жиып жүргенде,
Қамысты көлдің басында
Судан шығып бір айғыр,
Көріп едім тұрғанын.
Сол биенің қасында
Айғыры еді ол перінің.
Сол пері елінің [тұлпары]
Одан туған құлынға
Мінсе балаң кетеді.
Қобыландыдай балама
Көрсетпейін,—деп едім,
Айтқаным менің болмады.
Қобыландыдай батырды
Шынымен Құдай оңдады.
Қайырлы болсын, қайтейін,
Мініп жүрген жолдары.
Келгенсін келін той қылды,
Күміс пен алтын шашады.
Істеген той, көп қызық
Өз елінен асады.
Кәпір менен ноғайға
Қыдырбайдай қартыңның
Істеген тойы жарай ма.
Той қылып жатқан мезгілде,
Құртқадайын келіншек
Төсегінің астынан
Терең шұңқыр қаздырды.
Сайрауықты жіберіп,
Баяғы құла биені алдырды.
Туғызып биені алады,
Сол шұңқырға салады.
Қоя беріп енесін,
Сегіз ай да, сегіз күн
Серт айтып тұрып бағады.
Сегіз айы біткенде,
Төсегінің үстінде
Жатыр еді Қобыланды.
Дүбірлеген бір дүбір
Құлағын жарып барады.
Қобыланды сонда сөйледі:
—Құртқа сұлу, сен,—деді,
Қобыланды деген мен,—деді.
Дүбірлеген немене,
Осыны айтып бер?—деді.
Қобыландыдай батырым,
Кеудеңде бар ма ақылың?
Сөзімді тыңда, жарқыным,
Менен басқа болар ма
Ақыл айтар жақының.
Құла бие ішінде
Құлынын өзім алғанмын.
Сегіз ай да, сегіз күн
Уағда қылып салғанмын.
Сегіз күні біткен жоқ,
Сертті күні жеткен жоқ.
Батыр, кішкене сабыр ет,
Сегіз күні біткенсін,
Сол құлынды алып берейін.
Сол құлынға мінерсін,
Дүбір де дүбір желерсің,
Көрмеген жерді көрерсің.
Қобыланды сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Шығаршы бермен атымды,
Қандай екен көрейін,
Көріп жауап берейін.
Сонда Құртқа сөйледі:
—Сегіз күні біткен жоқ,
Мінетін күні болған жоқ.
Қобыланды оған болмады,
Ашуланып шамданды,
Қарап тұрып долданды.
Ұрайын деп Құртқаны,
Қамшысын сонда қолға алды.
Ашуын көріп батырдың,
Шығарды сонсын торы атты.
Торы атты қарап Қобыланды,
Сонда тұрып сөйледі:
—Бәрекелді! Торы атым—
Ердің мінер аты екен,
Асылдан қалған зат екен.
Баяғы сынап жүр екен,
Қыдырбайдай атекем.
Омырауы он баудай,
Ойынды етін қарасам,
Жиынға тіккен жыйдаудай.
Қиған қамыс құлақты,
От орнындай тұяқты.
Қасқарған қоян шекелі,
Омырауы екі елі,
Қысыр жылан құрсақты.
Танауына қарасам,
Түбі түскен шелектей.
Құйрығына қарасам,
Келептеген жібектей.
Сол уақытта Қобыланды
Иілмелі жүген жүгендеп,
Бердеменен берліктеп,
Қырмызымен терліктеп,
Басын көкке қаратып,
Бауырынан жаратып,
Қобыланды мініп алады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз