Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды (6-бөлім)

Қобыланды · Көшелек нұсқасы · 4 мин оқу

Қобыланды оған болмады,
Отауын артып көшеді.
Малдың бәрін айдады,
Көлге алып келіп салады,
Отаумен келіп қонады.
Сол көлді қорып жүретін
Торғай деген бар екен.
Қобыланды ұйықтап жатқанда,
Малын қуып жапырды,
Отауға келіп ақырды.
Торғай сонда сөйледі:
—Қорыққа неге қонасың,
Нағылған тентек баласың?
Бұл жерде тұрма, көш,—деді.
Қобыланды сонда шығады,
Торғайға келе сөйледі:
—Балалықпен мен бұрын
Мұндай жерге жүрмедім,
Екенін қорық білмедім.
Біздікіне түс,—деді,
Түсіп қымыз іш,—деді.
Мал сойдырып же,—деді.
Торғай сонсын түседі,
Түсіп қымыз ішеді.
Қымыз ішіп қанған соң,
Торғай деген қасқаны
Ұстап алып байлады.
Құлағын кесіп алады,
Мұрнын кесіп алады,
Бет-аузы қан болып,
Көргендерге таң болып,
Еліне қайтып барады.
Торғай келе сөйледі
Алшағыр деген ханына:
—Қашаннан алған көліңді,
Қорып жүрген жеріңді,
Қыдырбайдың—Қобыланды
Жылқысын келіп салыпты,
Көліңе қонып қалыпты.
Көш деп едім мен барып,
Құлағымды кесіп құнтыйтты,
Мұрнымды кесіп шұнтыйтты.
Күзеген байтал секілді
Бет аузымды сымпыйтты.
Алшағыр соны есітіп,
Айқасқаны шақыртты.
–Қалмақтың елін жый,—деді,
Қобыландыдай досыңды
Шақырып мұнда кел,—деді.
Оны қонақ қылайық,
Ептеп есін алайық.
Бектасқа жұмсап жіберіп,
Оған қайғы салалық.
Айқасқаны жіберіп,
Қобыландыны шақырды.
Жаңа тапты ақылды,
Айқасқа сонсын барады.
Қобыландыға сөйледі:
—Асыл туған батырым,
Мен еді сенің жақының.
Кел соңымнан ер,—деді,
Артымнан ер де, жүр,—деді.
Алшағыр сізді шақырды,
Қызметін көр,—деді.
Қобыландыдай жас бала
Торыша атқа мінеді,
Артынан еріп жүреді.
Қалмақтың жиылып
Жатыр екен елдері.
Отау тігіп далаға,
Әбден жақсы сыйлады.
Қобыландыдай баланы
Алшағырдай ханыңыз
Көтеріп аттан алады,
Отауға алып барады.
Сол отаудың ішінде
Алшағыр менен Қобыланды
Отырып тұрып кеңесті,
Түрлі сөзді сөйлесті.
Сонда Алшағыр сөйледі:
—Қобыландыдай ер,—деді,
Бектас деген бір жауым бар,
Соны алып келіп бер,—деді,
Өзі бір алыс жер,—деді.
Қобыланды сонда сөйледі:
—Олай болса көнейін,
Өзі мықты жау болса,
Оны алып келіп берейін.
Қобыланды солай ойлады:
«Сол жауға өзім барам,»—деп,
Уағдасын байлады.
Ертең сәріден тұрады,
Беліне қару буады,
Қайтадан елге бармады,
Қош айтысып қалмақпен,
Сайрауық құлы қасында
Аттанды да жөнелді.
Дүбір де дүбір желеді,
Күні-түні жүріп келеді.
Астындағы торыша ат,
Келе жатып жүрмеді.
Не болғанын білмеді,
Қамшымен ұрып айдады.
Жүрмегенсін сонда да,
Суырып алып қылышын,
Өлтірерге ойлады.
Бір жағынан ай бітті,
Бір жағынан күн бітті.
Алладан әмір болғансын,
Торыша атқа тіл бітті.
Тіл біткенсін сөйледі:
—Қобыландыдай ер едің,
Мінген атың мен едім.
Сегіз ай да сегіз күн
Құртқа серт деп салғаннан
Сегіз күнім кем еді,
Соның үшін жүре алмай,
Сүйегім босап келеді,
Ер-тоқымымды ал,—деді.
Бір сегіз күн оттайын,
Бір аунатып сал,—деді.
Ер-тоқымын алыпты,
Қобыланды ұйықтап қалыпты.
Сол сегіз күн өткенсін,
Түрегелсе ер Қобылан,
Әлгі мінген торыша ат
Терісіне жүн шығып,
Бурыл толып қалыпты.

Тайбурылға мінеді,
Жана жүріп келеді.
Жиырма күн жүргенде,
Жау қарасын көреді.
Астындағы Тайбурыл
Жын қаққандай елірді.
Қараға келді жақындап,
Жолдасы кейін қалады,
Өзі кетіп барады.
Қалмақтан шыққан ер екен,
Қырық мың әскер қолменен
«Қобыланды батыр келед» деп,
Жолын тосып жүр екен,
Бектас деген сол екен.
Бектас сонда ақырды:
—Жекпе-жек!—деп шақырды.
Қобыланды жетіп барады,
Сонда Бектас сөйледі:
—Жұмырықтай ит ноғай,
Мені алғанша бір талай.
Алайын ба басыңды,
Қан қылайын ба қасыңды,
Құртайын ба жасыңды,
Қайдан жүрген батырсың,
Қайда бара жатырсың?
Қобыланды сонда сөйледі:
—Іздегенім сен,—деді,
Сені алуға келемін.
Атаңа лағнет қалмағым,
Батар ма маған бармағың?!
Есітуің жоқ па еді,
Он екі баулы ноғайда
Қобыланды батыр мен,—деді,
Ұрысам десең кел,—деді.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Қобыландыдай ер,—деді,
Олай болса шығыңыз,
Кезегімді бер,—деді.
Қашатұғын қатын ба,
Кезегін беріп тұрады.
Қолындағы шоқпармен
Қобыландыдай баланы
Қалмақ сонда ұрады.
Қалмақтан қорқар ер ме еді,
Сол қалмақтың ұрғанын
Бит шаққандай көрмеді.
Әлігі тұрған қалмаққа
Қобыланды қолды салады.
Он екі қабат арқанмен
Байлап тұрып алады.
Ендігі қалған қалмаққа
Қобыланды кетіп барады,
Сиынады бабаға.
Қаратаудай күш бітті
Қобыландыдай балаға.
Ай жағына шығады,
Айқай сүрен салады.
Күн жағына шығады,
Қиқу сүрен салады.
Он екі күн ұрысып,
Он екі мың қалмақты
Әбден қырып болады.
Бектасты Қобылан жетелей,
Елге қайтып барады.
Дүбір де дүбір желеді,
Жиырма күн жүргенде
Ел қарасын көреді.
Көлге келіп құлады,
Аңқиып қарап тұрады.
Жайылып жатқан малы жоқ,
Қимылдаған жаны жоқ,
Ақ күмбездей үйі жоқ,
Қыдырбайдай биі жоқ,
Бұрынғының бірі жоқ.
Қобыланды жан-жағына қарады,
Шауып кетіп барады.
Қу таяғы қолында,
Келеді қатын жолында.
Байқағаны сол екен,
Иесіз қалған көл екен.
Қобыланды байқап қараса,
Баяғы алған қатыны—
Құртқа сұлу сол екен.
Сонда Құртқа сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қобыландыдай батырым,
Кеудеңде бар ма ақылың?
Өзің үйден кеткенсін,
Атаңа лағнет ит қалмақ
Малыңа бүлігін салды ғой,
Мүлкіңді бөліп алды ғой.
Алып кетті көліңді,
Қашаннан қонған жеріңді.
Алды-алдына жіберді
Бүкіл ноғай еліңді.
Туғалы көрген жоқ едім
Бұл секілді көрімді.
Қой бақтырды қор қылып,
Қыдырбайдай шалыңды.
Сүйегіңде бар болса,
Қолыңнан берме арыңды.
Тердіріп тезек ол қойды,
Меңдідейін қарыңды.
Келеді деген ойы жоқ,
Бөліп алды малыңды.
Қарындасың Қансұлу
Кішілікке алам деп,
Мен сықылды алғаның
Күңшілікке салам деп,
Басқа қайғы салғансын,
Көп болды менің арманым.
Сол алам деп жатқанда,
Өтірік айтып алдадым.
Қалмақты алдап әкелемін,
Осы жолы аңдап, қимылда,
Қобыланды батыр, ер едің.
Сонда Қобыланды шамданды,
Соны естіп долданды.
Жасымнан мінген Тайбурыл,
Көтеріліп шапсаң байрақтай,
Мойның сұлу таяқтай,
Белің сұлу жануар,
Төрт қырлаған қайрақтай.
Аяғыңды бас ойнақтай,
Көтеріліп бас аяқты,
Қыз жанаған бойдақтай.
Қайғыменен шерлі едім,
Құртқаның айтқан сөзіне,
Алшағырдай залымды
Көрсете көр көзіме.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз