Қыдырбайұлы Қобыланды (17-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қошабай мен Қобыланды
Бұларға жақын барады.
Өлгендердің көп аты
Жайылумен қалады.
Қалмаққа жақын барғанда,
Қошабай салды айқайды.
«Алла» деп бір жапырды
Іркілмейді екі ер,
Көпке кіріп барады.
Батырлар жақсы ұрынды,
Қалмақтың бәрі қырылды.
Қырылған қалмақ үстінен
Жылқы шауып өтеді.
Қырылғансын барлығы,
Қалмақтың азы қашады.
Қашқандарын санаса,
Қырық-елу шамасы.
Қалғанына қарамай,
Кеткеннің артынан
Қобыланды мен Қошабай
Тағы қуып барады.
Қазулы жатқан орлардан
Ат қарғытып өтеді.
Құрулы тұрған жебені
Басына шаншып кетеді.
Тоқтамайтын жер еді,
Ондайды талай көрген ер еді.
Қалмақтың ішіне барғасын,
Қобылан мен Қошабай
Қаласын талқан етеді.
Қатын менен баланы
Қалаға жинап алады.
Сонда Қобыланды:—Қалмақтың қатын, баласына айтайын деген сөзім бар еді,—дейді:
—Айтайын деген сөзім бар,
Тыңдасаңыз сіз,—деді.
Мұсылман болсаң егерде,
Түк тимейміз біз,—деді.
Сонда қатын, бала шулады,
Жамыраған қойдай маңырады:
—Дінге кірдік біз,—деді,
Тие көрме, сіз,—деді.
Есін білген баланы
Оқытармыз біз,—деді.
Сол қалмақтың ішінде
Әр тілді білетін бір шал бар еді.
Жасы жеткен жан еді,
Тоқсандағы шал еді.
Қобыланды оны шақырып алып:
—Білесің бе бұл дінді?—деп,
Ол қалмақтан сұрады.
Есігін ашып қалмақтың
Қатыны мен баласы
Үйден шығып қашады,
Құтылам деп асады.
«Құтылып қашып кетер» деп,
Қошабайдай еріңіз
Есікті жауып қалады.
Ішінде отырған қалмақты
Қобыланды шауып алады.
Тимейді қатын, баланы,
Қоймайды үлкен адамды.
Қобыланды мен Қошабай
Қаланың ішін шабады.
Қатын мен бала жазасыз,
Еркекке бүлік салады.
Екі күндей талқандап,
Қаланы қырып болады.
Төңірегін қараса,
Қалың тоғай ну еді.
Қошабайдай еріңіз
Сыртқа шығып қарады.
«Бұл тоғайда қалмақ қалар» деп,
Шабуылдар салады.
Екі күндей шапқылап,
Тоғайды аралап қарады.
Онда адам жоқ дегесін,
Қобыланды оған бармаған.
Сонда тұрып шал айтты:—Тек менің көзім жазуды көрмейді. Онан басқа әр түрлі тілді де білемін,—деді. Сонда Қобыланды дінді айтып көрсетті де, енді діннен танба,—деді.—Егер бұл діннен тансаңдар, қайтып келіп біріңді қоймай қырамын,— деді. Қобыландының қалмақты қырып, қатын, баласын дінге кіргізіп, тимей кеткен жері осы еді. Қостөредегі байтақ ел осы еді.
Қобыланды меп Қошабай елге келеді. Елге жақындағанда, Қошабай «шешемді қуантамын» деп ауылға шауып кетеді.
Ат дүбірі шыққасын,
Үйден шықты жүгіріп,
Отыра алмай кідіріп.
Шыққасын көзі көреді
Қошабайдың келгенін,
Бәрі танып біледі.
Ақарудай бәйбіше
Ол да шықты үйінен,
Отыра алмай кідіріп.
Қошабай жалғыз келгесін,
Ақылынан торықты,
Бәрі де шошып қорықты.
Сонда кемпірге Қошабайдың айтқаны:
—Асыл туған анамыз,
Ақылға кәміл данамыз.
Қостөреге барғамыз,
Қалмаққа ойын салғамыз.
Қалмақтың алдық қаласын,
Байқап көрдік шамасын.
Сау-саламат тұрсыз ба,
Айналайын, анамыз?!
Келе жатыр Қобыланды,
Көзің салып қараңыз.
Ақарудай шешеміз,
Келе жатыр балаңыз.
Хансұлу, сіздің келеді
Бірге туған ағаңыз.
Келе жатыр, жеңеше,
Сіздің алған жарыңыз,
Түгелсіз бе, жеңеше,
Аман түгел бәріңіз?!
Қошабай түсіп атын байлады,
Қобыланды келді торы атпен,
Балдағы алтын болатпен
Ол да жетіп келеді.
Қошабай мен Қобыланның
Соңғы алған жаудан жері еді,
Артық туған ер еді.